Шымкент қаласындағы балалар ауруханасына жедел жәрдем қызметімен бес жасар бала ауыр халде жеткізілген. Денсаулығы сыр берген балақайды дәрігерлер жансақтау бөілімне шұғыл жатқызып, тексеру жұмыстарын жүргізген.
Науқас баладан алынған сынама нәтижесінде кавасаки тәріздес синдром анықталған. Қауіпті індет анықталған балақайдың жағдайы алғашқы үш күнде нашарлап кеткен. Тек төртінші тәулік күні ғана науқас баланың денсаулық жағдайы тұрақталған,- деп хабарлайды денсаулық сақтау басқармасы.
Емдеу шараларымен қатар мамандар инфекцияға шалдыққан баланың ағзасындағы өзгерістерді дер кезінде анықтап, өміріне төнген қауіпті алдын алған.
Ата-анасының сөзінше, баласында аурудың алғашқы белгілері байқалғанда, жекеменшік клиникада ем алған. Балада ауру белгілері басылған соң, үйдегі үлкендер сырқатына мән бермепті. Алайда араға бір апта салып, баланың жағдайы күрт нашарлап, жансақтау бөлімінен бір ақ шықты дейді.
Медицина мамандары баланың дене қызуы 38,5-тен жоғары болса, іш ауыруы, құсу, жүрек айнуы, денедегі бөртпе дақ, жөтел пайда болса, міндетті түрде дәрігер шақырту қажеттігін ескертеді. Өйткені, бұлар – кавасаки тәріздес мультижүйелі қабыну синдромының белгілері. Дер кезінде дәрігерге көрінбесе, соңы қайғылы жағдайға алып келуі де ықтимал. Өйткені, ауру жүрек пен өкпе, асқазан, ішек жолы немесе жүйке жүйесі секілді ағзаның бірнеше жүйесін бірден зақымдайды.
Аталмыш аурудың алдын алу үшін ересектер баланы коронавирустан сақтауға күш салуы керек. Оның бірден бір жолы – вакцина салдыру. Сондықтан дәрігерлер әр адам өз отбасын қорғау мақсатында екпе салдыруының маңызы зор екенін тағы да атап өтті.
Пікір қалдыру