Ел ішінде екінші тұрғаныңды қайтейін, Еуропада ең болмағанда екі ойында жеңуге жарамадың. Алғашқы ойында «Аристі» әупірімдеп өткенімен «Астана» Финляндияның «КуПС» командасынан аса алмады. «Аристі» жеңу абырой емес, өйткені ол – чемпионаты әлі басталмаған Грекия елінің командасы. Ал тонуста жүрген командамен кездескені сол екен, бірден топалаң асты. Бірақ айтпағымыз бұл емес. Ойын жағы бөлек тақырып. Елордалық клубта бұдан басқа да сорақы нәрселер бар. Соның бірі – тіл мәселесі және клубтың баспасөз қызметіндегі кемшіліктер.
Қазақ футолында клубтық деңгейде соңғы жылдары Еуропа ареналарында қуантқан бір командаса болса, ол – әрине, «Астана». Еліміздің алты дүркін чемпионы. Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетті. Бірнеше рет Еуропа лигасында 48 мықтының қатарына қосылды. Алайда еліміздің флагманы саналатын команданың мемлекеттік тілге қырын қарайтыны қынжылтады.
Қарсыластың жайын бір қарап жіберейік деп ойын алдында «КуПС»-тың ресми сайтын ақтарғам. Бірінші беттен-ақ финдармен бетпе-бет кездескендей болдым. Суоми тілінде сайрайтын сайт екен. Өз тіліне деген құрметі шығар, ағылшынша нұсқасы мүлдем жоқ. Керек адам «аудармашы» арқылы түсініп алсын дегені сияқты. Ал біздікі ше? Бірден орыс тілдегі жаңалықтарға көзің түседі. Сосын қазақ тіліндегі нұсқаны таңдауға тура келеді. Бірақ мұндағы жаңалықтардың да кеш жаңаратынын байқайсың. Оның үстіне, орыс тіліндегі жаңалықты тікелей аудара салғанын аңғару қиын емес. Калька сөздер өте көп.
Мысалы, «КуПС»-пен болған ойынның алдында Андрей Тихноновтың пікірін білу үшін клубтың ресми сайтына кіргенбіз. Бас бапкер сұхбатының тақырыбы мынадай: Андрей Тихонов: «Жеңіс үшін ойнайтын боламыз». Дәл осы жерде «боламыз» деген сөздің өзі орысшадан тікелей аударылғаны білініп тұр. Филолог емеспін, бірақ жай ғана «Жеңіс үшін ойнаймыз» десе, әлдеқайда дұрыс болатын сияқты. Сұхбаттың ішкі мазмұны да жетісіп тұрған жоқ. Мәтінді Google аудармашының көмегімен аудара салғаны айтпаса да түсінікті. Сайтта мұндай түсініксіз сөздер өте көп. Жоғарыда айтқандай мәтін тұрмақ, тақырыптың өзі қате-қате.
Одан әріге кетсек. Мәтіні мынандай: «Нәтижесіз әдемі футбол ойнауға болады. Мысалы, жанкүйерлердің өтінішін орындап, кіл жастарды шығарып, үш ойында нөл ұпай жинайтын болсақ, олар не айтады? Әрине, нашар бапкер».
Бұдан не түсіндіңіз. Мен ешнәрсе ұқпадым. Айта берсек, мұндай қателер өте көп.
«Астананның» әлеуметтік желідегі парақшалары да оңып тұрған жоқ. Қазақстан кубогының үшінші турында «Астана» өз алаңында Оралдың «Ақжайық» командасын жеңді. Матчтағы жеңіс голын Абат Айымбетов соқты.
Сондағы клубтың ресми парақшасында мынандай құттықтау жазылған: «Өз алаңымызда «Ақжайықты» минималды есеппен тізе бүктірдік – 1:0.
Жеңістің голдың авторы Абат Айымбетов!» Дұрысы: Жеңіс голын соққан Абат Айымбетов.
Жарайды, оны қойшы, сол Google аудармалардың өзі орысшасымен салыстырғанда аз. Мысалы, 1 тамыз бен 13 тамыз аралығында клубтың ресми сайтына шыққан ақпараттарды санап шықтық. Орысшада – 22 ақпарат, қазақшада 15 материал ғана. Расымен де, мемлекеттік тілде жазылған ақпараттар жоқтың қасы. Ал жанкүйер ретінде біз үшін мұндай жаңалықтар өте маңызды.
Елордамыз «Қызыл» аймақта болғандықтан матчқа жанкүйерлердің кіруіне рұқсат жоқ. Тек БАҚ өкілдері ғана кіре алады. Алайда баспасөз конференцияларындағы «төртінші билік» өкілдерінің де саны жоқтың қасы. «КуПС»-пен болған ойынның алдындағы конференцияға бар болғаны 5-ақ тілші отырды. Бұл клуб баспасөз қызметінің жұмыс көрсеткіші болса керек.
Баспасөз қызметі демекші, «КуПС»-пен болған ойынның алдындағы баспасөз конференциясында 5 минут бойы микрофонды қоса алмай, артынша «добро пожаловать на пресс-конференцию футбольного клуба «Кайрат» деп, «қартопты жарды». Мұны елеусіз қалдыра салуға болушы еді, бірақ «Барселонаның» баспасөз қызметкері өз командасын «Реалмен» шатастырып алғанмен бірдей жағдай болғандықтан, қарап тұра алмадық. Оның үстіне, зияны ұзақ жылдан бері «Астананың» ыстығына күйіп, суығына тоңып келе жатқан оператор Павел Лаптевке тиіп жатыр екен.
Сөйтсек, клубқа жаңадан келген баспасөз хатшы бұған дейін Алматының «Қайраты» мен Шымкенттің «Ордабасы» клубтарында қызмет атқарған маман екен. Футболда принцип деген болатын еді ғой. Негізгі қарсыластарында қызмет атқарған азаматқа қалай баспасөз хатшылығын сеніп тапсырған? Мұны да ұқпадық. Бұған дейін де «Қайраттың» ардагер ойыншысы саналатын Михаил Гурман клуб тізгінін ұстағанда осындай әңгімелер шыққан болатын. Сабақ алмаппыз... Дегенмен «Астананың» баспасөз қызметіне жауап беретін мүлдем басқа адам деседі. Тіпті, бұрын-соңды ешбір БАҚ-та қызмет етпеген әйел адам басқарады деп те естідік. Бәлкім, клубтың БАҚ-пен байланысты жоғалтып алғаны да соған байланысты шығар. Әйтпесе, бұрын Дмитрий Нестеренко болғанда баспасөзбен байланыс мәселесінде мұндай проблемаларды естімейтінбіз. Клубтың қазақшасы да жақсы еді.
Одан бөлек, клубтың ресми трансферлерінің өзі сайтта жарияланбаған. УЕФА Конференция лигасының іріктеу кезеңінің алдында командаға екі жаңа ойыншы қосылды. Олар – черногориялық шабуылшы Фатос Бечирай мен португалиялық Педро Эуженио. Бірақ ол туралы не орыс, не қазақ тілінде ақпарат жоқ. Тек әлеуметтік желідегі хабарландырумен шектелген. Есесіне, командадан кеткен Роман Мұртазаев туралы мәлімет бар.
Қысқасы, еліміздің атын Еуропа ареналарында танытып жүрген елорданың бас командасының мемлекеттік тілде де сөйлеп, ақпарат таратқанын қалаймыз. Клубтың бас бапкері, директоры, ойыншылары ешқайсысы қазақ тілін білмейді, білсе де сөйлемейді. Керек те қылмайтын шығар. Әйтпесе, тым болмаса, сайттың жағдайын жасап қояр еді ғой. Футболшылардан қазақша сөйлейтін капитан Абзал Бейсебеков бар. Бірақ оның сұхбат беруі өте қиын.
«Астана» жеке клуб емес. Мемлекет қаражатымен өмір сүріп отыр. Сондықтан осындай команданың мемлекеттік тілге қырын қарауы ақылға сыйымсыз. Ендеше, клуб басшылығы алдағы уақытта біз айтқан сын-ескертпелерден қорытынды шығарады деп үміттенеміз.
Қуаныш Қаппас, спорт журналисі
Пікір қалдыру