Әлеуметтік жаңғырту 12 және 13-тапсырмалар

/uploads/thumbnail/20170708195431658_small.jpg

12-ші ТАПСЫРМА

1.  ҚР Үкіметі жоо-лардың санын оңтайландыру және кадрларды сапалы дайындауды қамтамасыз етпейтін білім беру мекемелерінің  лицензияларын қайтарып алу жөніндегі жұмысты жалғастырсын.

2. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Білім және ғылым минис­трлігімен бірлесе отырып, 2014 жылдан бастап еңбек нарығын дамытудың бес жылдық болжауларын талдап-жасауды қамтамасыз  етсін.

Бүгінгі таңда қазақстандық білім беру жүйесінде оқу үдерісінің практикалық жағына жеткілікті көңіл бөлінбейді, оқушылардың жеке ерекшеліктері нашар ескеріледі.

Балалардың, жасөспірімдер мен жастарды олардың есеюі мен табысты әлеуметтенуінің дара міндеттерін шешуге бағыттайтын рухани-парасаттылық тәрбиесінің тәсілдері жеткіліксіздігі жөніндегі мәселе күн тәртібінде өткір тұр.

Іс жүзінде бүкіл оқу-тәрбие үдерісі ескірген әдістемелерге негізделген. Оқу-тәрбие үдерісінің тарихи білім сынды маңызды ісі жеке тұлғаның, азамат пен патриоттың  қалыптасуы міндеттерін шешуге атымен бейімделмеген. Нақтылық мынада, оқушылар Қазақстан тарихы пәнін «зеріктірерлік», «қызықсыз», «бытысқан» пән деп санайды.

2012 жылы «Алтын белгі» медалін алуға  үміткерлердің талайы нақ осы отандық тарих жөніндегі «өкінішті» сұрақтардан «омақасқаны» көп жайды аңғартады.

Мектеп курстарында көбіне көп кеңестік білім беру жүйесінің сарқыншақтары сынды әскери дайындық, өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету негіздері бағдарламалары бар.

Сонымен бірге, оқушыларға қазірдің өзінде қажетті инновациялық курстар жоқ.

Мысалы, өте көкейкесті болып табылатын «Қазақстан құқығы» (оның болмауы жас­тардың құқықтық  нигилизмі мен сауат­сыз­дығына соқ­ты­рады), «Өлкетану» (туған жерге махаббат отан­шылдықтың негізі ғой), жеке табысқа жетудің, жеке тұлғаның әлеуметтенуінің әдістемесі сынды «Акмеология» сияқты пәндер қайда?

Олардың жоқтығы жастардың едәуір бөлігінің әлеуметтік инфантилизміне, ересек өмірге бейімделе алмауына, басқа да  келеңсіздіктерге  ұрындырады.

Жастардың бір бөлігі діни секталардың, экстремистердің, есірткіге құмар және қылмыстық топтардың «оңай олжасына» айналады. Мұның бәрінің басты себебі - әлеуметтік инфантилизм, өзінің өмірі мен өз отбасының әл-ауқаты үшін өзі жауап бере алатын ересек әрі кемел азамат болуға шамасы жетпеушілік.

Сондықтан бүгінгі таңда оқу-тәрбие үдерісін түбірінен өзгерту маңызды.

Білім беру қызметтерінің қолжетімділігі мәселесі көкейкесті күйінде қалуда.

Бұл орайда қосымша білім берудің интерактивті түрлерін дамыту қажет.

Алайда, менің интерактивті білім беруді дамыту жөніндегі алға қойған міндетім, өкінішке орай, тар мағынада түсініліп, солай жүзеге асырылуда. Интерактивті тақталарды пайдаланумен интерактивті білім беруге қол жеткізе салмаймыз.

Бүгінгі таңдағы онлайн-білім беру ұстаз бен шәкірттердің тікелей Интернет-араласуы режімінде де, арнайы жасалынған интерактивті оқу бағдарламалары мен ойындар түрінде де өтетін факультативтік интерактивті курстарды ұйым­дас­тыруды  қамтуға тиіс.

«Онлайн-ұрпақтың» Интернетке табиғи ұмты­лы­сын біз, интерактивті олимпиадалар, оқу турнирлерін тағы басқаларды ұйымдастырып, пай­далануға және жағымды арнаға бағыттауға тиіспіз.

«Болашақ» бағдарламасына елдің барлық өңірлерінен, әсіресе, ауылдық жерлерден талантты жастардың қолы жетуін кеңейту

маңызды мәселе болып табылады. 

13-ші ТАПСЫРМА

ҚР Білім және ғылым министрлігі:

- 2013-2014 оқу жылынан бастап  жалпы білім беретін мектептердегі оқу үдерісінде бі­лім берудің интерактивті түрлерін пайдалануды кеңейтуді және онлайн-оқытудың арнаулы оқу бағдарламаларын енгізуді көз­десін;

 - Қазақстан тарихы бойынша оқу жос­пар­ларын, оқулықтар мен оқу құралдарын тал­­дау­дан өткізсін, оқу орындарында Қазақ­стан тарихын оқытудың мазмұны мен пі­шінін өз­герту жөнінде іс-шараларды жүзеге асырсын;

- орта, техникалық және кәсіптік, жо­ға­ры оқу орындарында «Акмеология, жеке және әлеуметтік табыс негіздері», «Қазақстан құқығы», «Өлкетану» сияқты  міндетті оқу курстарын енгізу жөнінде ұсыныс жасасын.

с) Денсаулық сақтауды жаңғырту   және     саламатты өмір салты

Әрбір қазақстандық үшін басты құндылық - өзінің денсаулығы.

Сондықтан да Тәуелсіздіктің барлық жылдарында мен халық денсаулығына бөлекше көңіл бөліп келемін. Бұл тақырып қашанда менің бақылауымда.

Осының арқасында 700-ге жуық жаңа денсаулық сақтау нысандары тұрғызылды, медициналық жабдық паркі жаңартылды. «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс қабылданды, «Саламатты Қазақстан» Мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда.

Кейінгі 10 жылда бала туу 25 пайызға өсті, тұрғындардың жалпы өлімі 11 пайызға азайды.

Осы уақыт ішінде денсаулық сақтау саласының қаржыландырылуы 10 еседен артық (2002 жылғы 1,9 пайыздан 2011 жылы ІЖӨ-нің 3,1 пайызына дейін) өсті.

Елде жоғары медициналық технологияны дамыту үшін барлық жағдай жасалуда. 2011 жылы жүрекке 8 мыңнан астам ота жасау жүзеге асырылды. 180-ге жуық телемедициналық орталық жұмыс істеп тұр.

Сонымен бірге тек 2011 жылдың өзінде 2 мыңнан астам азамат медициналық көмектің сапасына, өңірлерде кепілді тегін медициналық көмек көрсету ережелерінің бұзылуына қатысты арыз-шағым жасады.

Емделушілердің жарақат алуына, өмірден өтіп кетуіне соқтыратын дәрігерлік қателік жағдайлары, осы мәселе бойынша сотқа жүгіну кездеседі.

Жергілікті атқару органдарының денсаулық сақтаудың тиімді саясатын жүргізу үшін жауапкершілігін арттыру, дәрігерлік  қателік кездескен жағдайда құқықтық және қаржылық көмекті қамтамасыз ету шараларын ойластыру керек.

Екінші жағынан, адамдардың өздерінің денсаулығы үшін жауапкершілігі деген мәселе де бар. Егер  қазақстандықтар, әсіресе, ер кісілер, уақытында емделсе олардың орташа өмір жасы  ұзарар еді. Алайда,көптеген адамдар өз денсаулығына  жүрдім-бардым қарайды, іс жүзінде дені сау болуға құнт жасамайды.

Өзінің жеке басының денсаулығын алдымен адамның өзі ойлауы керек. Егер денсаулықты ойлау әр отбасының шаруасы болса, онда мемлекет жүзеге асырып жатқан қадамдар әлдеқайда тиімді шығар еді.

Жаңғыртудың перспективалы мәселесі - қамсыздандыру медицинасының денсаулық үшін жауапкершілікті үш тарап: адам, жұмыс беруші және мемлекет бөлісетіндей түрін дамыту.

Елде емдеу құралдарының сонша көп санын тіркеп отыру түйткілді мәселеге айналды. Тұрғындардың «емдік» сауаттылығын арттыру жөнінде шаралар кешенін жүзеге асыру керек. 

 

 

 

 

 

 

 

Қатысты Мақалалар