Бүгін, 14 ақпанда сот шешімімен 17 жастағы Сәкен Тәліповке қатысты 2 ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды. Ол қаңтар оқиғасына байланысты қылмыстық кодекстің 272-бабы 2-бөлігі (жаппай тәртiпсiздiкке қатысу) және 380-бап 9-бөлігі (төтенше жағдай жарияланған жерде немесе терроризмге қарсы операция жүргізу аймағында жасалған іс-әрекет) бойынша айыпталып отыр. Анасы Кәмшат Дербисалиева "тергеушілер баламды "террорист" деді, "жұмысында болған кезінде алаңда болды" деп жала жапты деп отыр.
Сәкен Тәліпов Өзбекстанда туған этникалық қазақ. Екі айдан бері анасымен бірге Алматыда тұрады. Кәмшат Дербисалиева баласы кәмелет жасына толмағандықтан, азаматтық алып үлгермеді дейді. Өзі Қазакстан азаматы. Сәкен қаладағы тұрғын үй кешендерінің бірінде сырқат анасының орнына күзетші болып жүрген. Кәмшат Дербисалиева баласы 4 қаңтарда түнде бейбіт митингке қатысқанын жасырмайды. Тек алаңға балалықпен шыққанын, митингте ұзақ жүрмегенін айтады.
– Ұлым 4-қаңтарда достарымен киноға бармақшы болып, менен сұранды. Рұхсатымды бердім. Ол уақытта қалада митинг болып жатқанынан хабарым жоқ. Содан кешкі сағат 6-лар шамасында үйден шығып кеткен. Сол уақытта телефон байланысы өшіп, досымен хабарласа алмаған. Өзім де ешкімге қоңырау шала алмай қалдым. Кейін ұлым "Алматы арена" жақта басқа досымен митингке қатысып, әкімдікке дейін шерулетіп барған. Жолда жерде жатқан полиция қалқаны мен дубинкасын алыпты. Онысы камераға түсіп қалған. Орталық алаңда жиналғандар әкімдік ғимаратына кіріп жатқанда жарық сөнеді. Балам досы екеуі қорқып, алаңнан кетіп қалған. ұлым жұмысына барады. Өзім түнгі 1 жарымға дейін баламмен байланыса алмадым. Кейіннен ұлымның жұмыста екеніне көз жеткізгеннен кейін бастығымен сөйлесіп, қадағалап отыруын сұрадым. Содан ұлым 5-нен 13-ші қаңтарға дейін демалыссыз жұмыс істеді. Бірақ тағылған айыпта 4-нен 7-ші қаңтарға дейін митингке қатысты деп "жала" жауып тұр. Сөйтіп олар "жаппай тәртіпсіздікке қатысу" және "төтенше жағдай кезінде құқық қорғау органы қызметкерінің өміріне қауіп төндіру" баптары бойынша екі қылмыстық іс қозғады. Ұлым алаңда балалықпен тап болып қалып отыр. Басында маған алаңдамасын деп айтпапты, – дейді анасы.
Келіншектің айтуынша, 1 ақпан күні баласы жұмыста отырғанда сағат күндізгі 4-тер шамасында төрт еркек ұлын ұрып-соғып, боқтап алып кеткен.
– Қасында бірге істейтіндер алып кеткен адамдар өздерін таныстырмады дейді. Олар Сәкенді алып бара жатқанда видеоға түсірмек болғанда "өздеріңе қиын болады" деп қоқан-лоққы көрсетіп, видео түсіртпеген. Содан қалалық прокуратураға барып, мән-жайды білдім. Ұлымнан сұрақ-жауап алыпты. Мен оларға кәмелет жасына толмаған ұлымнан менің қатысуымсыз жауап алғандары заңсыз екенін айтып, журналистерге хабарлайтынымды жеткіздім. Сонда Мұрат Әбдіқұлов деген тергеуші өзіме айқайлап, "аузыңды жап, телевидениеңмен қорқытқың келіп тұрма? балаң террорист" деді. Камерадан баламның митингте жүргенін көрсетті. Бірақ видеода балам ешкімді ұрып жатқан жоқ. Өз бетінше кетіп барады. Тергеушілер балам кінәсін мойындаса ғана жіберетіндерін айтты, – дейді ол.
Сәкен Тәліповке мемлекеттен адвокат тағайындалған. Анасының айтуынша, тергеушілер адвокатқа камераға түсіп қалған кадрды көруге рұқсат бермеген. Тергеушіден "дәлелсіз неліктен айыптап тұрсыздар" деп сұрағанында ол "мен солай есептеп тұрмын, солай" деп жауап берген.
– Прокуратурадан түнгі 11-де шықтым. Шығып бара жатқанымда мені тергеушілер тоқтатып, үйіме жеткізіп тастайтындарын айтты. Себебін сұрағанымда үйіме аман-есен жеткеніме көз жеткіземіз деді. Қарсылық танытпадым. Тергеушілер адвокатыммен сөйлестірместен алып кетті. Екі жағымда екі тергеуші отырды. Аттарын білмеймін. Көлікке отырғанымыз сол еді менен телефонымды алып қойды. Басында қандай мақсатта алғанын түсінбедім, – дейді Кәмшат Дербисалиева.
Тергеушілер Кәмшатты "Шаңырақ" ықшамауданындағы үйінің маңына әкеліп, үйге тінту жүргізетінін айтқан.
– "Тексереміз" дегенде түсінбей қалдым. Біреуі "қонаққа келдік" деді. Мен қонақ қабылдай алмайтынымды айттым. Олардан үйімді тінтуге келе жатқандарын неліктен айтпағанын сұрап едім, "балаң митингтен бірдеңе ұрлап үйіңе жасырып қойған шығар, соны тексереміз. Алдын ала біреуге айтып қойып жүрмесін деп ескертпедік" деді. Содан үйімді тексеру үшін пәтер иесін, бір көршімді шақырттық. Үйдің бәрін тінтіп, ештеңе таба алмады. Тек ұлымның митингке шыққан күні киген киімдерін пакетке салып өздерімен әкетті. Үйімді тексерерде ешқандай қағазын көрсетпеді. Телефонымды тінтіп біткеннен кейін ғана қолыма берді. Телефонымды беріп тұрып "барлық кінәні мойнына алса, қамамайтын едік" деп кетіп қалды, – дейді ол.
Сәкен анасына тергеушілер өзімен адам сияқты сөйлеспегенін айтқан. Әйелдің өзі "итке жауап бергендей әр сұрағымызға жекіп жауап берді" дейді.
– 3 ақпан күні менің қолыма қағаз шығарып әкеліп берді. Мен ол қағаздарға қол қоюдан бас тарттым. Содан олар "мінезіңді көрсетпе", "сені аналық құқығыңнан айырамыз", "балаңды 7 жылға қаматып жібереміз" деп қоқан-лоққы көрсетті. Ұлымның өзі полицейді ұрмағанын айтты. Менің балам полицейді ұратындай бала емес, өзі қорқақ, – дейді келіншек.
Келіншек "17 жастағы баламды изоляторда ұрып-соққан. Кездескенімде бір қолын көтере алмай отырды" дейді.
– Полицейлер ұлыма "кінәні мойындасаң, жазаң жеңілдейді", "Бәрібір де құтыла алмайсың, 100 пайыз қамаласың" деп айтқан. Балам адвокаттың қатысуынсыз істемеген ісін мойындамайтынын айтқан. 11 қаңтар күні баламмен жолыққанымда ол 9 ақпан күні белгісіз адамдар қоқан-лоққы жасағанын айтты. Бейтаныс адамдар "істемесең де ала салсайш" депті. Баламды көргенімде сол қолын көтере алмай отырды. Баламды ұрып-соққан. Бірақ ол айта алмай отыр. Мен олардың ұрмағанына сенбеймін. 4 ақпан күні баламды департаменттен көргенде беті ісіп кеткен еді. Балам "террорист" деп айтатындай емес. Ешкімге жамандығы жоқ адам, – дейді Кәмшат Дербисалиева.
Пікір қалдыру