Алматыда қаңтар оқиғасынан бері 40 күн өтуіне байланысты бейбіт митинг түрінде қаралы жиын өтті. Республика алаңына саясаткер, белсенді, қарапайым адамдар, қаңтардағы трагедияда қаза тапқандардың, қамауда отырғандардың жақындарынан тұратын бірнеше жүздеген адам жиналды.
Алаң маңында осыған дейінгі бейбіт митингтердегідей интернет істемеді. Полиция қызметкерлері, азаматттық киім киіп, беттерін тұмшалап, видео түсіріп жүргендер де көп. Тек Сәтбаев көшесінің бойында қозғалыс шектелмеген. Полицияның арнайы жасағы көрінбейді. Алаңға қарсы бетте тұрған қаңтардағы халық наразылығынан кейінгі жаппай тәртіпсіздік кезінде өртенген қалалық әкімшілігі ғимараты матамен жабылған.
Қаралы митингке көптеген оппозиция өкілдері келді. Олардың қатарында азаматтарды осы жиынға алғаш болып шақырған тіркелмеген Демократиялық партия өкілдері мен жақтастары, Балташ Тұрсынбаев, Ермұрат Бапи, Рысбек Сәрсенбайұлы, Еркін Рақышев сынды белсенділер бар. Кәсіпкер Болат Әбілов, соңғы уақытта билікті сынап жүрген "Ел тірегі" қозғалысының жетекшісі Нұржан Әлжанов, Жалпыұлттық социал демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Тазабек Сәмбетбай, арнайы Маңғыстау облысынан келген бірнеше азамат сол жерден табылды. Сондай-ақ ХАҚ (халыққа адал қызмет) қозғалысының жетекшісі Тоғжан Қожалиева, "Оян, Қазақстан" қозғалысының өкілдері, Қалелхан Әділхан, Хасен Қожахмет секілді Желтоқсан оқиғасының қатысушылары, құқыққорғаушы Ғалым Ағелеуов, саясаттанушылар Досым Сәтпаев, Санжар Боқаев, журналист Серік Абас-шах алаңда төбе көрсетті.
Жиналғандар "Халық террорист емес" деп жазылған үлкен плакат ұстап тұрды.
Монумент қабырғасына қаңтар трагедиясында қаза тапқандардың ақ қағазға қызыл сиямен жазылған бейресми тізімі ілінген.
Алаңдағы ансамбль құрып тұрған кейбір ескерткіштерде оқтың іздеріне ұқсас ойықтар бар.
Қаңтар оқиғасы кезінде куәгерлер алаңда атыс болғанда осы ескерткіштерге жасырынғанын айтқан.
Жиын Тәуелсіздік ескерткішінің алдында қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан адамдардың әруағына құран бағыштаумен, жетінан таратумен басталды.
Артынша жиналғандар кезек-кезек сөз алып, билікке талаптарын жеткізді.
Саясатта топ болып, жалғыз-жарым жүргендердің талабы негізінен ұқсас болды. Олардың қатарында "қамауда отырған жазықсыз адамдарды бостандыққа шығару", "қамаудағыларды азаптау фактілерін тоқтатып, азаматтарды азаптағандардың, халыққа оқ атқандардың үстінен қылмыстық іс қозғау", ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевты отстава жіберу, қылмыстық іс қозғау", "Тоқаевтың, Назарбаевтың үстінен қылмыстық іс қозғау, парламентті отвтавкаға жіберу" секілді талаптар жиі айтылды. Әсіресе қамаудағыларды босату туралы талап айтылғанда алаңдағы адамдар хормен "Қамаудағыларға бостандық, бостандық, бостандық" деп ұрантада түседі.
Кәсіпкер Болат Әбілов Алматыдағы Назарбаев даңғылын "Қаңтар" деп атауды ұсынып, сөйлеп жатқанда белгісіз әйел "Бутя, біздің купонымыз қайда?" деп айқайлады. Жиналғандар ол "арандатушы" деп оның сөзін естіртпеді.
"Жалпыұлттық социал демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Тазабек Сәмбетбай оппозициялық күштерді бірігуге шықырып, бірнеше адам дауыстап, қолдайтынын білдіріп жатты.
Демократиялық партия бастамашыл тобының жетекшісі Жанболат Мамай қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқандарға ескерткіш қойып, олар "халық қаһарманы деп танылсын", "қаза тапқандардың жанұясына мемлекет қамқорлық танытып, өтемақы төлесін" деген талап қойды. 90 жылдардағы жекешелендіру жөн жосықсыз жүргізілгенін айтып, мемлекет әр азаматқа дивидент төлеуі керектігін айтты.
Сондай-ақ ол бірнеше саяси талап қойды.
– Саяси қозғалыстар, ұйымдар тіркелсін. Қазақстан ҰҚШҰ секілді елге шетел әскерін кіргізуге жол беретін келісімдерден шықсын, олардың күші жойылсын. Қазіргі депутаттарды парламенттен қууы керек те, қайтадан, парламент, президент сайлауын өткізу керек, – деген ол халық бейбіт түрді талабын қойып отыруы керектігін, әйтпесе "билік Қазақстанды тағы да қанға бөктіреді" деді.
Оппозициялық белсенді артынша алаңға Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың келуін, азалы халыққа көңіл айтып, кешірім сұрауын талап етті. Ол келмейтінше, ешқайда кетпейтіндерін жеткізді.
Тәуелсіздік монументінің алдында осылайша талаптар айтылып жатқанда ескерткіштің артында қаңтар оқиғасынан қаза тапқандардың құрметіне жерге ақ қағаз төселіп, оның үстіне алма қойылған перфоманс ұйымдастырылды.
Ал алаңның алдыңғы жағында митингке шыққандар кезекпен сөйлеуін жалғастырып жатты. Алайда қала әкімі жиналғандарға келмеді. Оның орнына қала прокурорының орынбасары Назарбай Ибраимолдаев пен қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Есенбеков шығып, азаматтарды тарауға шақырды.
Жиналғандар тамаққа, палаткаға ортадан ақша шағырып, ертеңге дейін митингілететіндерін мәлім етті. Сәлден кейін алаңда тұрғандарға тамақ әкелуге кеткен үш адамды полиция ұстағаны хабарланып, алаңдағылар оларды босатуды талап етті. Прокуратура қызметкерлері азаматтар тарауға келіскен жағдайда ұсталған үш адамды жіберетінін мәлім етті. Екі тарап келісіп, ұзамай ұсталған 3 азамат алаңға жеткізілді.
Жиналғандар қаңтар оқиғасы бойынша қамауда отырған азаматтарға сот санкциялаған 2 ай мерзімі ішінде шешім шықпаса, 20 күннен кейін қайтадан митингке шығатындарын мәлім етті.
Прокуратура қызметкерлері қаза тапқандар мен қамалғандардың жақындарынан арыз қабылдауға әзір екенін хабарлады. Назарбай Ибраимолдаев диалог құру үшін 10 адамнан тұратын топ құруды ұсынды, азаматтар оған келісті.
Осылайша төрт сағатқа жуық уақытқа созылған бейбіт жиын аяқталып, адамдар біртіндеп тарай бастады.
Пікір қалдыру