Ертең сағат 11:00-де президент Қасым-Жомарт Тоқаев парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдау жасайды. Ақорданың баспасөз қызметі жолдауда жуық арада жүзеге асырылатын саяси реформалардың жаңа бағдарламасы мен әлеуметтік-экономикалық бағытта атқарылатын іс-шаралар туралы айтылатынын хабарлады.
Қаңтар оқиғасынан кейін президент алдағы уақытта саяси реформалардың жаңа пакетін ұсынатынын әлденеше рет айтқан. Үкіметке халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған іс-шаралар кешенін әзірлеуді тапсырып, шетел асқан ақшаны қайтару, утильалым мөлшерін төмендету, Қорғас кеденіндегі көлеңкелі сауданы ретке келтіруді жүктеген. Бизнесмендерді "Қазақстан халқына" қорына тұрақты түрде қаржы аударуға шақырған.
Айтылған әңгіме, көтерілген мәселе, берілген тапсырма көп болғанымен, оның іске асуы шамалы болып тұр. Үкімет тұрғындардың тұрмысын түзеуге бағытталған нақты бағдарлама әлі ұсынбады. Шетел асқан ақшаны қайтаруға қатысты қам-қарекет мүлде байқалмайды. Утильалым мөлшерін 50 пайызға төмендетуді автонарық мамандарының бірде-бірі оң бағалап отырған жоқ. Қорғастағы мәселелер туралы да соңғы уақытта ештеңе айтылмай кетті. Алғашқыда "Қазақстан халқына" қорына қаржы аударушылар туралы күніне бірнеше ақпарат шығушы еді, соңғы уақытта ол қордың барын да көпшілік ұмыта бастағандай.
Бұдан бөлек Қаңтар оқиғасындағы бүлікті ұйымдастырушылардың кім екенін, қырғы кезінде қаза тапқан 230 адамның аты-жөні әлі жарияланған жоқ. Украинаға Ресейдің басып кіруіне байланысты Қазақстанның позициясы, агрессор көршімен қарым-қатынас қалай болатыны туралы да билік үнсіз. Күн сайын құлдырап жатқан теңге мен оған ілесіп келіп жатқан қымбатшылыққа қарсы үкімет не істейтіні белгісіз. Еуразиялық экономикалық одақтан шығуға шақырып жатқан экономистердің дабылы ескеріле ме, оған билік саяси жігер таныта ала ма? Ол жағы да беймәлім күйде.
Осы сан сауалдың бәріне болмаса да, бірсыпырасына халық ертеңгі жолдаудан жауап алғысы келеді. Қоғамда жолдауды президенттің елді өзгеріске бастайтынына деген сенімнің соңғы жұрнағы есебінде қабылдайтын көңіл-күй орнап тұр. Тоқаев ертең үміт отын жаға ала ма, әлде сөндіріп тына ма? Бұл жөнінде нақты кесіп айтып жатқандар аз. Ресми ұстанымды білдіріп жүрген сарапшы-саясаттанушылар да ертеңгі жолдау мазмұны туралы қоғамға инсайдтар тастап жатқан жоқ.
Тек мәжіліс депутаты Айдос Сарым соңғы сұхбаттарында президент 16 наурызда партияларды тіркеуді жеңілдету, сайлау туралы заңнаманы өзгерту деген сияқты мәселелерді көтеруі мүмкін екенін айтты.
Бейтарап сарапшылар мен саясаттанушылар болжамнан гөрі ұсыныс айту, Қазақстанды өзгерту үшін не істеу керек, саяси реформа неден басталуы керек деген сұрақтардың жауабын іздеуге бейіл.
Пікір қалдыру