Өткен аптаның ортасында әлемдік нарықтағы мұнай бағасы бұрынғы деңгейінен өскен болатын. Көптеген сарапшылар мұны РФ Қарулы күштерінің Сирия территориясында әскери операциялар жүргізуімен тікелей байланыстырады. Әлемдік нарықта қара алтын бағасын тұрақтандыруға Сириядағы соғыс қалай ықпал етпек? Бұл туралы «365info.kz» порталы сараптама жасаған.
Сириядағы әскери операциялар мен мұнай нарығындағы баға тұрақсыздығы соңғы аптадағы ең көп талқыланған тақырыптардың бірі болғандығы жасырын емес.
Ал франциялық Societe Generale банкінің сарапшыларының пікірінше шикі зат түріндегі Brent маркалы мұнайдың бағасы баррельіне 150 долларға дейін көтерілуі мүмкін. Бұл туралы бельгиялық Echo газеті мен бірқатар еуропалық БАҚ жазған.
Бір қарағанда Сириядағы операциялар мен мұнай бағасы қалай бір-бірімен байланысуы мүмкін деген сауал туындайтыны рас. Тіпті, РФ президенті Владимир Путин БҰҰ Бас Ассамблеясының мінберінен бұл туралы былай деген еді ғой. «Екіжүзділік, жауапкершіліксіздік, жалған мәліметтерге сүйене отырып көпіріп сөйлеу т.б. Терроризмге қарсы күресу керек дейсіздер. Сөйте тұра сол террористерді қаржыландыру тетіктеріне көз жұма қарайсыздар. Олар наркобизнес пен заңсыз мұнай саудасы арқылы қаржыландырылып отырғанын білесіздер ғой»,-деген Путин мырза.
Кейбір дереккөздеріне сүйенсек, ИМ содырлары өздері басып алған Ирак пен Сирия аумағындағы мұнай бұрғылау орындарынан сатылған шикі мұнайдан күніне миллион доллар пайда көреді. Ал ИМ мұнайын қазір Түркия мен Иран сатып алып отыр. Бұл туралы «Нефт Россия» сайты жазады.
Қазіргі таңда ИМ заңсыз мұнайды баррельіне 25 доллардан сатуда. Салдарынан нарықтағы баға бәсекеге қабілетсіз болып қалған. Алайда бұл заңсыз саудаға тоқтау салынатын күн алыс емес. Ресей федерациясы қарулы күштерінің террористердің мұнай инструктураларына шабуылынан кейін контра-мұнай саудасы тоқтайтыны сөзсіз.
Ал екінші жағынан, Сириядағы соғыс әлемдік нарықтағы мұнай бағасын тұрақтандырады немесе былтырғы межесінен екі есеге көтереді деп күту артық айтқандық болар еді. Сирия әлемдік масщтабтағы мұнай державасы болған емес.
Сарапшы Валерий Нестеровтың пікірінше, Сирия территориясы арқылы Түркияға баратын мұнай құбыры бар. Бірақ олар қазір өте сенімсіз. Аталмыш құбырдың кейбір бөлігі ирактық-күрдістанға да мұнай жөнелтеді. Дегенмен бұл әлемдік нарықта кішкене ғана үлеске ие. Демек, Сириядағы соғыстан кейін мұнай бағасы аспандап шыға келеді деп күту артықтау болар еді.
Салыстырмалы түрде қарастыратын болсақ, бірнеше жыл бұрын Сирияның жылдық мұнай өндіру көрсеткіші 14 миллион тонна болды. Ол кезде Сауд Арабиясы 500 млн тонна мұнай сорғылаған болатын.
Ал батыстық сарапшылардың пікірінше, Таяу Шығыстағы соғыс масщтабы ауқымды болатын болса, мұнай бағасы айтарлықтай көтеріледі.
Reuters агенттігі хабарлағандай, қазір нарықтағы Brent маркалы мұнай шикізатының фьючерсі $0,39 дан $48,76-ға дейін көтерілген. Ал WTI фьючерсі $0,65 до $45,74-ті құрап отыр. Бұл Ресей Қарулы күштерінің Сирия территориясын бомбалағанна кейінгі көрсеткіштер екенін ескерте кенкеніміз жөн болар.
Сарапшылардың пікірінше, Сириядағы соғыс мұнай бағасының көтерілуіне себеп бола алмаған күннің өзінде, бағаның одан әрі құлдырауына жол бермейді.
Бұл жерде Ресей қарулы күштерінің дәл ИМ жасағына шабуыл жасап жатқандығынің өзі күмәнділеу екені түсінікті. Кейбір деректерде РФ Сирия оппазициясымен соғысуда десе, кейбір деректер мүлде басқаша сөйлейді.
Ал Түркия, Таяу Шығыстағы кейбір мемлекеттер мен Батыс елдері Ресейдің соғысты тоқтатуын талап етуде. Егер Ресей нарығындағы мұнай бағасы өсетін болса, ол Қазақстандағы бағаға да әсер ететіні сөзсіз.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Пікір қалдыру