Шошқаның басын Оспанның асы еткісі келген…

/uploads/thumbnail/20170708150700655_small.jpg

Ескіні жазайын деп жазбайсың, адам еркі зұлымдық пен сұрқиялықтың алдында тізерлеп, еңкейген қалпында, қияметті қарсы алатыны – бағзы ғасырларды еске салады. Нәпсінің жетегіндегі көкезу, оспадар мінездің не марқадам тапқызарын кім білсін? Бұл күнде жүйелі сөзді жүйкеге салып, салмақтар жұрттың қатары азайған. Қой-ешкінің дауын бұзаулы сиырға сатып алып жатқан заманда, баяғыңды қалай сағынбайсың...  «Арықбай атаңның ауылының тұсынан ат ойнатып, есік пен төрдей бурыл ат мінген, сері мен сетер ерткен мырзаның күміс шақшасын ала қашудан басталыпты бұл әңгіме». Ауылға барған сайын, естімеген хикаяның шетін шығарып отыратын қара шалдың (әкейдің) кезекті кеңесі осылай басталған-тұғын. Қадари халімізше қағазға түсіріп көрейік. Жылқысын жусатып, ауылға ағызып келе жатқан Жылқышыбайдың (Арықбайдың ұлы) көзіне, күре жолда әлде нені аспанға атып, күліскен, дабырласқан топтың қылығы оғаш көрінеді. «Ары-бері ағылған аттылы-жаяудың Арықбай әкеме бұрылып, сәлем бермейтіні болмаушы еді. Сәлем бермегенімен қоймай, сонша есіргені несі», – деп ағызған бойы бурыл аттының аспанға атып, ойнап келе жатқан нәрсесін ала кеп қашады. Араларынан бір жігіт жалма-жан ілесіп қумақшы болғанда, жаңағы бурыл атты айқайлап тоқтатып, өз жөндеріне кете барады. Жылқышыбай ілген олжа­сының күмістен жасалған керемет шақша екенін көреді. Үйге келген бойы істеген ісін жары Бағышайға баяндайды. Сонау жылдары Арықбай ақсақал ұлын ашамайға мінгізіп, Семей өңіріне іздеп келген кезден-ақ көзге түскен Бағышай сауалды Жылқышыбайдың өзіне қояды. «Шақшасын алып қашып кеткен кісілерің қандай адамдар екен? Сені қуаламады ма?». Жылқышыбай неге алып қашқанын, артынан қуаламақшы болғанда, ортадағы бурыл аттының тоқтатқанын түгел баяндайды. Аз ойланып, ерінің жүзіне қараған Бағышай: «Жайыңа жүрмей, тапқан бәлеңді қара! Ол – алыс-жақынға әйгілі қара Оспан би ғой. Енді бізге тоғыз тарттыруға келеді. Ас-суыңды дайындай бер», – деп өзі де сандық-пандығын ақтарып, шаруасына кіріседі. Ертеректе арғы бетте қара Оспан деген би өткен. Көп адам батыр Оспанмен шатыстырып жатады. Батыр Ос­пан­­нан бұрынырақ өмір сүрген. Кезін­де Қытай үкіметі қазақтан әскер ала­­мыз деп, би мен бекке қысас қыл­ған­да, қара Оспан қарсы болып, көнбейді. Қытай үкіметі қара Оспанды көндіру үшін басына темір ноқта тағып, көшені аралатып, масқаралағанда да сөзінен танбайды. Ақыры түрмеде отырған қара Оспанның осал тұсын ұстап, шартқа көндірудің жолын тап­тық деп ойлайды қытайлар. Шош­қаны сойып, басын жылмақтай қып үйтіп, матамен жабыл­ған төре табақ етті бидің алдына тартады. Матасы ашыл­ған соң, алдына тар­тылған харам асты көрген жарық­тық аспай-саспай қолын жайып: «Құді­ретті Жаратушы Ием! Сіз сал­ды­ңыз, мен көн­дім. Сізден түскен сөздің тазартпайтыны жоқ шығар. Бисмил­ләәһир-рах­ма­а­­нир-рахиим! Аумин Аллаһу әкбар!», – деп кездігін табаққа апара бергенде, күзетте тұрған солдаттар жалма-жан доңыздың етін алып кетеді. Ет желінсе, исі мұсылманның бас көтерері қытай­ға мәлім. Әсілінде қу­лығына құрық бой­ламайтын қы­тайдың күткені бұл емес-тұғын. Шош­қаның етін жемек түгілі, атын ауызға алмайтын қазақтың ұтылар жері осы болар деп шамалаған-ды. Матаны ашып, шошқаның басын көргенде, табақты теуіп жіберсе, сы­ныққа сылтау болар деген арам ой­дың бұғып жатқанын білмейтін Оспан дей­сің бе! «Қазақтан әскер алмаймыз» деген келісімшарттың бір төбелеспен оңай шешілгелі тұрғаны марқұмның Құдайға қараған ұлы­лығынан аса алмапты... Қош, сонымен әуелгі әңгімемізге оралайық. Арада үш-төрт күн өткеннен кейін бір топ нөкерлерімен қара Оспан жетеді. Ауылдың игі жақсылары жігі-жапар күтіп, алдына ақсарбас әкелгенде де Оспан қырысып, бата жасамайды. «Менің шақшамды қолымнан іліп алып кеткен тентектің айыбы оңайға түспес», – деп, өкпесі қара қазандай болып, теріс қарап жатып алады. Еш­кім­нің сөзіне илікпеген соң, Бағышай анамыз көлбеген биге дүрсе қоя береді: «Ей, Оспан! Сені де би дейді ғой. Дас­тарханнан, астан үлкен емессің. Айыбымыз болса, жуармыз. Алдымен ба­таңды жаса!». Басын жастықтан жұлып алып, Бағышайға тесіле қараған Оспан қолын жайып, ақсарбасқа бата жасайды. Ет желініп, ар жаққа ел қо­нып, сары қымыз сапырылған соң, Бағышай жігіттерге төрде тұрған үлкен сандықты ортаға алып келуді бұйы­рады. Жұрт­тың көзі екі-үш жігіт әзер көтеріп әкел­­ген сандыққа қадалады. Сандық ашылып, тоғыз қабат тор­ғын­ның бүк­теуі жа­зылған соң барып, ортасынан Оспан­ның шақшасы шы­ғады. «Міне, шақ­шаңыз», – деп енді биге ұсына бергенде, Оспан орнынан ұшып тұрып: «Е, е, е... Ба­ғышай! Жұрт бекер атыңды аңыз қып айтпайды ғой. Менің жаман шақ­шамды сонша қастерлеп, тоғыз қабат торғынға ораған кісілігіңе тәнтімін! Ойы барды ойлантар тұс­палдың түйін­шегін шешпесем, менің кім болғаным? Түкке тұрмайтын дауды қуалап келген кемістігімді кешір!». Осыны айтып, еш тарту-таралғыны қанжығасына бөк­термей, би еліне қайтып кетеді. Арықбай шалдың алақаны аспанға жайылып, келініне тағы бір ұзақ батасын береді... Түйін: Осы бір шағын дүниені жазып болып, соңын қалай түйіндесек екен деп, әр нәрсені қиялдап отырғанда, кенет саусағымыз түртіп қалған компьютер бетіндегі бір ұяшық толған дәстүрлі әндер екен, боздап қоя бергені. Жүсіпбек Елебеков, Жәнібек Кәрменовтер... Қазақ жанының шексіз сұлулығы, романтикасы... Әй, айтып түсіндіре алмайсың. Не деген асыл сезімдер! Өнері болсын, өнегесі болсын, осындай кемел халық екеу болса – бірі, біреу болса өзі – біз болыппыз. Қазақ та Құдай деген халық еді...

Ырысбек Дәбей

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар