Қазақ жерінің қазынасы қанша табыс түсірді?

/uploads/thumbnail/20170708200003149_small.jpg

 «Қара алтын» бағасының тым арзандап кетуі әлемдегі жиырма шақты елді қаусатады, дамыған елдердің де өркендеуіне кедергі болады. Бұл туралы Қамшы порталы Айқын-ақпаратқа сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Бірақ мұнымен мұнай дәуірі бітпейді: одан алынатын өнімдердің көптігі сонша, алда бұл сектордың жаңа «алтын ғасыры» бастау алуы ықтимал». Кеше еліміздің Энергетика министрлігінің басшылығы осындай қызықты болжамын жария етті. Бұл күні Астана төріндегі Тәуелсіздік сарайында Еуразиялық KAZENERGY форумы ашылды. Жаһандық энергетика көшбасшыларының басын қосатын бұл жиынның жұмысы биыл үш күнге созылмақ.

Форумның кешегі бірінші күнінде VIII KAZENERGY Жастар форумы, Әйел­дердің энергетикалық клубының оты­рысы, Қазақстанның мұнай-газ саласын ғылыми-техникалық дамытуға арналған техникалық семинар ұйымдастырылды. Сондай-ақ Астана маңындағы күннен қуат жыятын панельдерді шығарушы зауыт базасында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясымен бірлескен Ха­лықаралық инновациялық мектептің ашылу рәсімі өтті. 
Дегенмен шетелдік және отандық қатысушыларды кеңінен тартқан негізгі іс-шаралар – «Еуразиялық өңірдегі қуат қауіпсіздігі: ынтымақтастықтың жаңа тетіктері» атты мұнай-газ конференциясы мен «Өндіруші салалардың ашықтығы бастамасы» халықаралық жиыны еді. 
Мұнай-газ конференциясын ашқан «Ұлттық инженерлік академия» прези­денті Бақытжан Жұмағұлов мұнай-газ саласын дамытуға енді «аспанасты елінің» басшылығы көтерген «Бір белдеу – бір жол» атты Жібек жолының экономикалық белдеуі бастамасы тың серпін беретінін айтты: «Биылғы мамыр айында Астана экономикалық форумында сөз сөйлеген Елбасы Н.Назарбаев ҚХР-дың «Жібек жолының экономикалық белдеуі» баста­масының біз үшін айрықша маңызға ие еке­нін атап өтті. Бұл бастама алғаш Аста­нада жария етілді және Қазақстан оны бірінші болып, қолдады. Бүгінде өз үле­сі­мізді қосудамыз. Бұл бастама – жаңа дә­уір­дің көрінісі. Ол алдағы жаңа әлемдік құ­рылыстың алғашқы белгісі. Ол пла­не­тамыздағы өмірдің барлық қырларын қозғайтын болады. Тиісінше, энергетика са­ласы да қалыс қалмайды. Көркем тіл­мен түйіп айтсақ, сіз бен біз қызықты уа­қыт­та және керекті жерде өмір сүріп жатырмыз!»
Академия басшысының байла­мынша, континентіміздегі барлық елдер эко­номикасының энергетикалық секто­рын үлкен өзгерістер күтіп тұр: «Осының барлығы Еуразия картасының тұғырлы түрде, геоэнергетикалық тұрғыдан қайта форматталуына әкеледі және бұл үдеріс ендігі бастау алды. Бұл энергетикалық нарыққа қатысушы барлық тараптардың өзара қарым-қатынастарын түбегейлі өзгертпек. Атап айтқанда, көмірсутек өндіретін бірқатар басқа елдермен бірге Қазақ­станға да мұнай-газ тасымалы бо­йынша басымдықтарды шығысқа – Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азия елде­ріне қарай көшіру өзекті болуда. Өйткені қазір мұнайды тұтыну бойынша дәл осылар көшбасшы орынға шықты».

Көмірсутек қоры бойынша әлемде ал­ғашқы орындарда тұрған көрші Ресейдің өзі мұнайы мен газын тасымалдаудың не­гізгі бағыттарын ҚХР мен Түркияға қайта бағ­дарлауға жанталасып жатыр. 
Б.Жұмағұловтың айтуынша, қытайлық «Бір белдеу – бір жол» жаңа Жібек жолы дүниежүзі елдерінің жартысынан астамын қамтитын болады. «Бірақ бұл жоба осы мем­лекеттерде тек саяси тұрақтылық пен қауіпсіздік болған жағдайда ғана жұмыс жасай алады. Бастама бойынша саяси ке­лісімдер бар. Ал бірыңғай инфрақұрылы­мын құру саласына келсек, Қазақстан ішкі инфрақұрылымды үдемелі түрде дамытуға және оны Жібек жолының қажеттілікте­-ріне сай үйлестіруге кірісіп кетті» деді ол. 
Форумда сөз сөйлеген «SINOPEC GROUP» Қытайдың мұнай және химия корпорациясының төрағасы, ҚХР Инже­нерлік академиясының академигі Ван Юй Пу «Бір белдеу – бір жол» Жібек жолы эко­номикалық белдеуінің мақсаты – Ұлы Жі­бек жолы бойында жатқан барлық елдерді терең әрі кең ауқымды өңірлік ынтымақ­тас­тыққа ынталандыру болып табылаты­нын түсіндірді. 
– «Бір белдеу – бір жол» мұнай және газ кендері орналасқан бай аймақтарды басып өтеді: әлемде бар дәстүрлі көмірсутектер­-дің ең үлкен бөлігі де осыларға тиесілі. 
2014 жыл­ғы жағдай бойынша осы бағыт бойында орналасқан елдердегі мұнай мен табиғи газдың қоры жаһандық жалпы қор­дың тиісінше 57,8 және 75,5 пайызын құ­рады. Бүкіл дүниежүзінде өндірілетін мұ­най-газ көлемінің 58,3 пайызы да осыларға тиесілі! – деді Пу мырза.
Былтырғы жылы шығысымыздағы Шың елінің мұнай компаниялары Қазақ­стандағы 25 бірлескен жобаға 33 миллиард доллар инвестиция құйыпты: «Қытайлық кәсіпорындар Қазақстанда мұнай және газ кен орындарын барлаудан, өндіруден, мұ­найды өңдеуден, өткізуден, мұнай құбыр­ларын төсеуден, инженерлік-техникалық қызмет көрсетуден тұратын тұтас индус­трия­лық тізбекті қалыптастырып алды» деп мәлімдеді ол. 
«Аспанасты елі» мұнымен шектелмек емес: кеше форум аясында ҚХР респуб­ликамызда жаңа темір жолдар мен авто­жолдарды, тіпті теңіз айлақтарын салу ниетін растады. Осы арқылы қытайлық тауарлардың әлемдік тасқыны қазақ жері арқылы арна тартпақ. 
Энергетика министрінің бірінші орын­басары Ұзақбай Қарабалин Қазақстанның басты тауары – «қара алтынның» құны тө­мен бағаланып тұрған қазіргі кезде ел Үкі­метінің Қытаймен ынтымақтастықты кү­шейтуге бейіл екенін білдірді. 
Оның дерегінше, әлемдегі шамамен 20 елдің әл-ауқаты «қара алтынға» қатты тәуелді. Сәйкесінше, оның құнының құл­дырауы бұлардың қабырғасына батуда. Оның ішінде Қазақстан да бар. 
– Бүгінде тұтыну орталықтарының жаңа иерархиясы қалыптасуда, – деді ол. – Он жыл бұрын әлемдегі мұнай саласының тір­шілігі ең алдымен АҚШ пен Еуропадағы тұтынысқа тәуелді болса, қазір осы сек­тор­дың даму перспективасын көп дәрежеде Азия елдері айқындай бастады. 
Халықаралық сарапшылар талай жыл санк­циялар тосқауыл болып келген Иран­ның мұнайы «бостандық» алып, нарыққа лық құйылғанда, «қара алтынның» бағасы бір бөшкесі үшін 20 долларға дейін түсіп кететінін, яғни құнсызданатынын бол­жау­да. Бірақ Энергетика 1-вице-министрі осы саланың болашағына үлкен сеніммен қа­райды:
– Теріс болжамдардың белең алғаны­на қарамастан, жаһандық мұнай-газ сала­сының перспективасы орасан зор болып қалуда. Мұнайдан өнімдердің сан түрі алы­нады, демек, мұнай дәуірі ұдайы дамудың жаңа бағыттарына ие болып отырмақ! Бұл ретте барлық мүдделі тараптардың білім­дерін жұмылдырсақ, барынша оңтайлы ше­шімдерді қабыстырсақ, үлкен тиімді­лікке қол жеткіземіз. Осы орайда Қазақстан мен Қытай лидерлерінің стратегиялық кө­регендігіне иек артқан келісімді мемлекеттік ұстанымдарымыз бірлескен бастамалар бо­лашағына да оптимизммен қарауға мүм­кіндік береді, – деді Ұзақбай Қарабалин.
«Қазэнерджи» форумы аясындағы «Өн­діруші салалардың ашықтығы бастамасы (ӨСАБ)» халықаралық жиынына да «қара алтын» айналасындағы мәселелер арқау бол­ды. Оның барысында «Қазақстандағы өндіруші салалар қызметінің ашықтығы бас­тамасын 2014 жылы жүзеге асыру ту­ралы» Ұлттық есептің тұсауы кесілді. 
– 48 ел кіретін, Қазақстан да қатысатын «ӨСАБ» жаһандық бастамасы бізге мұнай-газ және кен өндірісі саласынан елімізге қандай қайтарым болғанын білуге мүм­кін­дік береді, – деп түсіндіре кетті Инвес­ти­циялар және даму вице-министрі Альберт Рау. – Жер қойнауынан қазба байлықтар алынуда, бұрғы салынып, мұнай ағызылуда, ал одан ел не пайда көріп отыр? Мұны қазақстандықтар өңірлік және жалпы еліміз көлемінде білуге тиіс. Біз бүгін тұңғыш рет осы саладағы ұлттық есептің жалпыға тү­сінікті нұсқасын жариялап отырмыз. Онда 2009 жылдан бастап, әр жыл сайын бюд­жетке қанша салық түскені, өндіруші ком­паниялар әлеуметтік салаға өңірлерде қан­ша қаржы салғаны және басқа көрсеткіштер анық көрсетілген. 
А.Раудың нақтылауынша, ел Үкіметі осындай ұлттық есеп дайындау үшін шетел­дік белді аудиторлық компанияны жал­дай­ды екен, ол өз кезегінде табиғат қойнауын пайдаланушылардың барлық есептеріне жан-жақты талдау жүргізеді. 
Сонымен, қазақ жерінің астынан қазы­насын көсеп-қазып алып жатқан компа­ниялар былтыр 4 триллион 817 миллиард 552 миллион теңгеден астам салық және өз­ге де міндетті төлемдер төлеген (салыс­тыра кетсек, 2009 жылы бұл сома небәрі 1 триллион 851,1 миллиард теңгені құраған көрінеді). Оның ішінде 4,5 триллионнан астамы – мұнай-газ, ал 282 миллиарды – тау-кен секторының еншісінде. 
Нақтылай кетсек, бұл қаржы тасқы­ны­ның 3 триллион 429,8 миллиард теңгесі – Ұлттық қорға, 1 триллион 138,2 миллиар­-ды – республикалық бюджетке арна тар­­тыпты. Жалпы алғанда, «өндіруші ком­па­ния­лардың төлемдері мемлекет кірісінің 70%-ын құрайды».
Аймақтарды әлеуметтік дамытуға өн­діруші компаниялар 20 миллиард теңгеден астам қаржы аударды. Оның ішінде 2,7 мил­лиарды – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына, 4,6 миллиарды – мәдениет, спорт және туризмді дамытуға, 3,6 миллиарды – денсаулық сақтау сала­сына, бес миллиардтай қаржы – әкім­дік­тердің қорына бағытталыпты. 

 

 

 

Қатысты Мақалалар