«ЭКСПО-2017-нің» ауыл-аймаққа әсері

/uploads/thumbnail/20170708200004696_small.jpg

...Әлқисса, 2013 жылдың маусым айы болатын. Кезекті баспасөзге жазылу науқанына орай аудан-ауылдарды аралап, жергілікті оқырмандармен жүздесіп, әрі алдағы уақытта газетке шығатын мате­риалдарға негіз болар фактілер жинап жүргенбіз.

Үшбу сапар барысында жер­гілікті жол бастаушылардың ұйғарымымен Қаратөбе ауданының аумағындағы мал өсіруге маманданған «Думан» шаруа қожалығына да ат басын бұрдық. Бұл қожалықтың қазіргі жайлап отырғаны Жусандыой ауылдық округіне қарасты Ұмтыл қыстағы болып шықты. Кеңес өкіметі кезінде бұл маңды малшылар мекендеп, ал жазда пішеншілер еңбек дүбіріне бөлеген екен. Сол кездері мұнда электр желісі тартылып, іңір қараңғы­сынан бастап, электр жарығы «алты айшылық» жерден менмұндалап тұрған. Алайда күні кешегі қоғамдық формация мен меншіктік қатынастар да күрт өзгерген өтпелі кезең, өліара шақта электр сымы да, электр бағандары да қолды болған көрінеді. Біз барған кезде «Думан» шаруа қожалығының басшы-қосшысы үй-жайына қоса, қора-қопсысын да күн батареялары мен жел диірмен арқылы жарқыратып отыр екен. Имандай шыным, осыдан екі жылдан аса уақыт бұрын Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласынан 200 шақырым, ал Қаратөбе ауданының орталығынан 35 шақырым қашық айдаладағы қыстақта баламалы қуат көзін пайдаланушыларды көрем деп тап сол жолы ойламаған едім. 
– «ЕХРО-2017» көрмесі арқылы біз қазір қолданып отырған баламалы қуат көздерінен әлдеқайда күшті қондырғы­ларға қол жеткізеріміз шүбәсіз, – деген еді сол жолы «Думан» шаруа қожалығының қызметкерлерінің бірі Ерсайын Құбашев. 

Жаңақала ауданындағы асыл тұқымды ірі қара өсіруге бағыт ұстанған «Мұса» ша­руа қожалығы осы жазда орынборлық кәсіпкердің көмегімен 1 жел генераторы мен 6 күн тақтайшасын (батареясын) ор­натып, күнделікті тұрмыс пен шаруашы­лық­қа қажетті электр қуатын аталмыш қондырғылардан алып отыр. «Мұса» ШҚ-ның басшысы Тілеген Мусиннің мәліметіне қарағанда, ол орнатқан «Маглев» жүйе­сіндегі жел генераторы сағатына 100 ватт қуат өндірсе, күн батареясының әрқайсысы тәулігіне ең кемі 1,5 киловат электр қуатын беретін көрінеді. Сонда аталмыш 6 күн тақтайшасы тәулігіне кемі 9 киловатт, тіпті қажет жағдайда 10-12 киловатқа дейін қуат өндіруге шамасы жетеді екен. Ал электр қуатының тәулігіне бір үйге орта есеппен қа­жет мөлшері 3-5 киловатт. Ретті жерінде айта кетелік, «Мұса» шаруа қожалығы аудан орталығынан 25 шақырым, ал облыс орта­лы­ғынан 300 шақырымдай жырақ қоныс­танған. 

Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласынан 250 шақырым қашық Шыңғырлау ауданындағы «Ғайни» шаруа қожалығының тұрмыс пен шаруашылық мүддесі үшін күн мен желдің қуатын тұты­нып отырғандығын биылғы маусым айында өзім арнайы барып көрдім. Аталмыш ша­-руа қожалығының жетекшісі Жасқайрат Айсиев­тің күн мен желдің қуатына қатысты іске қосқан құрал-жабдығы будан, яки гибридті қондырғы. Олай дейтін себебіміз, «Basis Group КZ» ЖШС «Ғайни» шаруа­шылығына орнатқан жел генераторы және 10 күн тақтайшасының жалпы қуаты – 10 киловатт. «Basis Group КZ» ЖШС-ның басшысы, ақтөбелік азамат Естай Ибра­гимовтың мәліметіне қарағанда, үшбу қондырғылар 5 киловатты күннен, 2 кило­ват­ты желден алып, түптеп келгенде, айны­малы токты тұрақты токқа айналдыратын инвертор электр қуатын 10 киловатт жет­кі­зетін көрінеді. «Ғайни» ШҚ игілігін көріп отырған электр қуатын өндіретін кешен Германиядан жеткізілген. Бұл қондырғы-кешеннің әр құрамдас бөлігінің өз алдына дербес сертификаты бар болып шықты. Тілге тиек, сөзге өзек болып отырған бу­дан қондырғының бүкіл жұмыс жүйесі автомат­тандырылған. Сол себепті қосымша адам күшін, жұмыс қолын қажетсінбейді. Әрі өзі онша кірпияз емес көрінеді, егер қадірін біліп, күтіп ұстаса, немістердің тура осы кешені 15-20 жыл «жасайтын» көрінеді. Аты айтып тұрғандай жел генераторының «жаны» – жел, ал күн батареялары бұлтты күндері де электр қуатын өндіруге қабілетті. Рас, бұлыңғыр күндері күн тақтай­шала­рының өндірістік «қарым-қабілеті» 20 па­йызға бәсеңдегенімен, электр қуатын өн­діру үздіксіз жалғаса береді. Міне, осылайша «Ғайни» шаруа қожалығында әдейі бел­гі­ленген орындағы 20 аккумуляторға шо­ғыр­ланған электр қуаты үй-жайға қоса, қора-қопсыға жарық беруге, тұрмыстық техника атаулыны емін-еркін тұтынуға, төрт түлікті суару үшін құдықтан су тартуға, тіпті құс фер­масын да жарықпен жарылқауға жарап тұр. 
Әрине, біздің облыс орталығының өзіне қоса, Орал қаласының маңындағы елді ме­кендер де «жасыл экономикаға» негізделген инновациялық ілгерілеудің көріністері бар­шылық. Бірақ менің бұл жолғы мақсатым, адам ой-қиялының ұшқырлығы жасам­­паз жобалар ретінде салтанат құратын «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесінің кең-бай­тақ қазақ даласындағы алыс аудан, шалғай ауыл­дарына дейін қазірдің өзінде шуағы түсіп, шапағаты тие бастағандығын нақты мысалдармен айшықтау еді. Олай бол­са, жаңа технология атаулы мен жасам­паз жо­балаудың жақсылығы жаппай жұ­ғысты бол­ғай, әлеумет! 
Дереккөз: Айқын-ақпарат

 

 

 

 

 

Қатысты Мақалалар