ХХI ғасырдың басында елімізде инновациялық-индустриалдық дамуға және оның қыры мен сырын ғылыми тұрғыда түсіндіруге деген зәрулік, қоғамдық сұраныс күннен-күнге артуда. Бұл туралы Қамшы порталы Айқын-Ақпаратқа сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Сондықтан қазіргі кезеңге заманауи үлгідегі мамандар, ғалымдар және қоғамның белсенді мүшелері ауадай қажет екені белгілі.Жаңа тарихи кезең жаңаша ойлауды, Отанымызға қызмет атқаруды ала келді. Шәукенова Зарема Кәукенқызы жаһандану заманының талаптарына, оның пәрменді өзгерістерінің қисынына толық сәйкес келетін білікті маман, көрнекті ғалым десе де болады. Оның қазіргі таңдағы лауазымы – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті «Философия, саясаттану және дінтану институты» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры. Сонымен қатар ол кісінің екінші жауапты қызметі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің білім және ғылым интеграциясы проректоры. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов Зарема Кәукенқызына осы екі қызметті қатар атқаруын сұрағанын және оған үлкен сенім артқанын атап өту керек.
Ғылыми институттар мен жоғары оқу орындарының өзара байланысын тереңдете түсу үшін Ұлттық Ғылым академиясының ғимаратындағы «Ғылым Ордасында» министрдің бастамасымен ғылыми институттарға жас ғылыми кадрларды дайындау мәселесін шешу үшін 10 институттың білікті мамандарының күшімен әр институт өз мамандықтары бойынша магистрлар мен PhD докторларды дайындауды 2014 жылдан бастады. Осы қиындығы мен тиімділігі мол қызметті ұйымдастыру мен үйлестіру мәселелерін Зарема Кәукенқызы екі жылдай табысты атқарып келеді. Енді ғылыми институттардың тәжірибелі кәсіби мамандары еліміздегі білікті жас мамандарды дайындау үдерісінен шеттеп қалмайтынын байқадық. Осы инновациялық тәжірибені министрліктің басқа да академиялық ғылыми институттарына таратудың уақыты келген іспетті. Ғылым мен білім беру салалары бірін-бірі толықтырып, өзара ынтымақтастықта болғаны абзал.
Қазіргі заманның тұлғасы, белсенді іскер ғалым, ғылыми және педагогикалық қызметті ұйымдастырушы Шәукенова Зарема Кәукенқызы 1965 жылдың 29 қыркүйегінде Шымкент қаласында интеллигенция отбасында дүниеге келді. Теміртау қаласындағы № 20 орта мектепті табысты тәмамдағаннан соң Ресей жеріне оқу-білім іздеп барады. 1987 жылы Ленинград мемлекеттік университетін «психология» мамандығы бойынша аяқтап, алдымен 1995 жылы психология ғылымдарының кандидаты, содан кейін 2003 жылы социология ғылымдарының докторы, 2006 жылы профессор деген ғылыми дәрежесі мен ғылыми атақтарына қол жеткізді. Ғалымның докторлық диссертациясының тақырыбы: «Қазіргі қазақстандық қоғамдағы этностардың әлеуметтік өзара әрекеттесуі». Қазіргі тарихи кезеңде Зарема Кәукенқызы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі.
Зарема Кәукенқызы Алматы қаласындағы ғылыми-зерттеу және жоғары оқу орындарындағы білім беру саласындағы қызметіне дейін еңбек жолын нағыз өнеркәсіпті өлкенің Теміртау қаласындағы Қарағанды металлургиялық комбинатынан бастайды және осы ірі кәсіпорында әлеуметтік-психологиялық қызмет жетекшісі лауазымында жұмыс атқарады, көптеген зерттеулер жасап, үлкен еңбек ұжымдарында ашық лекциялар оқудың шеберіне айналады және Қарағанды қаласындағы жоғары оқу орындарында нақты тәжірибе жинап, шыңдалу мектебінен өткен болатын. Білікті маманның әлеуметтік тәжірибе саласындағы іс-тәжірибесі кейінгі жасаған білікті қызметтеріне оңды әсерін тигізді.
1997-2007 жылдар аралығында Зарема Кәукенқызы тәуелсіз талдама құрылымы – Қазақстан-Ресейлік салыстырмалы әлеуметтік зерттеулер институтының «ЦЕССИ-Қазақстан» (Астана қаласы) директоры қызметін атқарады. Бұл Институт кезінде Президент Әкімшілігінің, Парламенттің, Орталық сайлау комиссиясының, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, білім және ғылым министрлігінің Астана және Алматы қалалары әкімдері аппаратының тапсырыстары бойынша қоғамдық пікірді мониторингтау бойынша социологиялық зерттеулер жүргізіп, тиісті мемлекеттік органдарға көптеген стратегиялық маңыздылықтағы ғылыми-практикалық ұсыныстар беріп отырғанын атап өтуге болады.
Сол кезеңдегі біршама талдамалық іс-әрекеттердің қордалануының арқасында Зарема Кәукенқызы қазіргі кезеңде қоғамдық-экономикалық мәселелерді талқылау бойынша беделді сарапшылардың қатарында. Жыл сайын зерттеуші маманның 50-60 жарияланымы еліміздің БАҚ-та жарық көріп отырады, әсіресе, оның ішінде «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда»,«Айқын», «Литер», «Аргументы и факты – Казахстан», «Свобода слова», «Алматы ақшамы», «Вечерний Алматы», «Қазақ әдебиеті» және т.б. бар. Атап айтқанда, профессор Шәукенова Зарема Кәукенқызы«Весь мир» газетімен Философия, саясаттану және дінтану институты арасында тұрақты шығармашылық байланыстың орнатылуына себепкер болды.
Өзінің ғибратты өмір жолында білім мен ғылымды үйлесімді ұштастыра білген білгір маман Қазақстан Республикасының жоғары мектебінде көптеген гуманитарлық саланың әмбебап мамандарының дайындалуына себепкер болды, жастарға сапалы білім беріп келеді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінде 2007-2010 жылдары декан болып қызмет атқарған жылдары оқу үдерісінде жаңа дәуірдің талаптарына сәйкес келетін инновациялық үлгідегі білім берудің стратегиясын ұстанды. Оқытушылар мен студенттер қауымы арасындағы нағыз ғылыми шығармашылық сұхбаттың, өзара тұлғалық түсіністіктің орнығуына біршама ықпал жасағанын атап өтуге болады.
2010 жылдың сәуір айынан 2011 жылдың қыркүйек айына дейін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының ғылым бойынша директордың орынбасары қызметін атқарады. Ғалым бұл мекемеде өзінің қолданбалы социологиялық зерттеулер саласындағы өзінің мол тәжірибесі мен қабілетін ғылыми сараптамалар жасау барысында толық танытып үлгереді және мемлекеттік органдарға көптеген маңызды ұсыныстар жасайды.
2011 жылдың қыркүйек айынан бастап, қазіргі кезеңге дейін Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры қызметінде өзінің дарынын паш ете түсті, институттың қызметін заман талаптарына сәйкес бейімдеді, жаңа инновациялық әдістермен ғылымды дамытудың жолына түсті. Мәселен, бұрын Институт қабырғасына әртүрлі себептермен жастар онша келмейтін болса, енді ғылыми мекеменің 30 пайыздан астамы 35 жасқа толмаған жастар екені бізді қуантады.
2013 жылдың қыркүйек айында Зарема Кәукенқызының бастамасымен Қазақстан философтарының алғашқы конгресі өтті. Қазақстанның түкпір-түкпірінен көптеген философ мамандар жиналып, философия ілімінің заманауи әдістемесі мен бағыт-бағдарын, жоғары оқу орындарындағы философия пәнін оқытудың проблемаларын талқылаудан, ғылыми зерделеулерден өткізді. Қазақстан философтарының қоғамдық қауымдастығы құрылып, оған «Қазақстанның философиялық конгресі» деген атау берілді.
З.К.Шәукенова Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) мемлекеттік университетін бітіргеннен кейін әрқашан және белсенді түрде ғылыми қызметпен, шығармашылықпен шұғылданып келеді. Осы кезге дейін 200-ден астам ғылыми және әдістемелік еңбектер, соның ішінде 2 оқулық, 20-дай монография, студенттерге арналған 8 оқу құралдары және әдістемелік нұсқаулары жарық көрген екен. «Мәдени мұра» бағдарламасы ауқымында орындалған көптомдық «Әлемдік әлеуметтану антологиясының» авторларының бірі болатын.
«Ұлы дала тұлғалары» сериясымен институт мамандары Зарема Кәукенқызының жалпы редакциялығымен қазақтың көрнекті тарихи тұлғалары – Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Ғұмар Қараш сияқты есімдердің өмір жолымен қатар тәуелсіз Қазақстанның алғашқы кәсіби саясаттанушылардың бірі Тілеміс Мұстафиннің ғұмырнамасын қомақты кітаптар түрінде жариялағанын атап өткен жөн. Жоғарыдағы еңбектер көпшіліктің назарына бірден ілігіп, өзінің оқырмандарын тапты.
Еліміздің қоғамдық өміріндегі Зарема Кәукенқызының белсенділігі зор. Ол «Нұр Отан» ХДП мүшесі және оның Алматы филиалының Саяси кеңесі мен Саяси бюросының мүшесі, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі, Қазақстан халқы ассамблеясы сарапшылар комиссиясының мүшесі қызметтерін атқаруда.
Зарема Кәукенқызы Қазақстан Республикасының көптеген мемлекеттік наградаларымен марапатталды. Мәселен: «Қазақстан Республикасы ғылымының дамуына үлес қосқаны үшін» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің төсбелгісі (2003ж.); Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин медалі (2009 ж.); ҚР Президентінің Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы, «Астанаға 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдары берілді. 2015 жылы «Ғылым күнін» атап өту барысында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды.
Зарема Кәукенқызы үлгілі отбасын құрғаны белгілі, ғалымның жолдасы – Сейдуманов Серік Тұрарұлы елімізге белгілі көрнекті қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, қызы Сабрина орта мектептің 5 сыныбының оқу озаты. Ғалым-ұстаздың тұлғалық келбеті өзінің шығармашылығымен, белсенді көзқарасымен замандастарымызға, жас ұрпаққа нағыз үлгі болатыны анық, сонымен қатар оның алдыңғы қатарлы зиялы қауымның өкілі екеніне күмән келтірмейміз және оның еліміздің болашағына табысты қызмет ете беруіне тілектеспіз.