Тамырсыз таста тарих бар

/uploads/thumbnail/20170708200001774_small.jpg

 «Ұлы Дала елі» экспедициясы Сыр өңірін аралады

Биыл өзі қазақ айтатын «Екі тойың қабат, екі өмірің абат болсын» дейтін жыл болды. Қазақ хандығының құрылғанына – 550 жыл, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы секілді мерейлі даталар қатар келіп, халқымыз елдіктің тойын атап өтіп жатыр. Осы орайды оңтайлы ұштастырған Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің тарихын кеңінен насихаттау, оны құрметтеу, әлі де білмеген қырларын халыққа, әсіресе, жастарға ұғындыру мақсатында, қазақстандықтардың ұлттық бірлігін нығайту мұратында «Ұлы Дала елі» атты республикалық тарихи-мәдени экспедициясын ұйымдастырған еді. Бұрнағы күні экспедиция Сыр өңіріне келді. Бұл туралы Қамшы порталы Егемен Қазақстанға сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Дәл осы күні Арал қаласында ақ сауытты Айдарбек батырға ұрпақтары ескерткіш белгі қойып, оның есімін ұлықтау шараларын өткізіп жатқан еді. Аталған шара барысында «Ұлы Дала елі» экспедициясының Ақтөбе облысы делегациясының жетекшісі, Қазақстан халқы Ақтөбе облыстық ассамблеясы хатшылығының басшысы Ж.Нұршин Сыр елінің экспедициясының жетекшісі, Қазақстан халқы Қызылорда облыстық ассамблеясы хатшылығының басшысы Л.Төрешоваға эстафета кітап-күнделігін табыстады. Кітап-күнделік енді Сырдың беделді, танымал азаматтарының қолымен толықтырылады. Осы арада Қызылорда облысын көктей шолып өткен «Ұлы Дала елі» экспедициясының қатарына тоқталып өтелік. Экспедицияның бас­­шысы Ләйла Төрешова екенін айт­тық. Ал осындай елдік іске атсалысу үшін Алматыдан арнайы қоғам қай­раткері, саясаткер, Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі Дос Көшім келді.

Одан бөлек, құрамында «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Уәлихан Ибраев, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Өтеубай Қожақов, Қазақстан Жазушылар одағы Қызылорда облыстық филиалының төрайымы Қаршыға Есімсейітова, «Сыр медиа» ЖШС жанындағы ақпараттық-талдау орталығының директоры, сая­си ғылымдар кандидаты Сәулет Са­хиев, облыстық тарихи және мәдени ескерт­кіштерді қорғау мекемесінің аға ғылыми қызметкері Азамат Есқалиев, осы мекеменің ғылыми қызметкері, тарих магистрі Еркебұлан Елеуов, сонымен қатар, белсенді жастар ұйымының өкілдері бар «Ұлы Дала елі» экспедициясы тамырсыз тасында тарих жатқан торқалы топырақты аралап кетті.

Тарихы тіріліп, мұрасы жанданған Арал қаласындағы шарадан соң делегация өкілдері Арыстан баб кесенесінің құрылыс жұмыстарымен танысты. Арнайы Жаңаөзен қаласынан әкелінген ақтастардан қашалып, тұрғызылып жатқан кесене құрылысы жуық арада аяқталып, тарихымызды ұлықтар қасиетті орынның бірі болмақ. Сыр елінің экспедициясы әр төбесінің өзінен ұлы тарих менмұндалайтын қазыналы Қазалы қаласындағы Жанқожа батыр кешенінде баба рухына тағзым етіп, құран бағыштады. Әйтеке би кен­­тінде жұртшылықпен кездесіп, Қазақ хандығынан бергі әлеуметтік, саяси тақырыптарда дәрістер оқылып, қатысушылардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды. «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» дегендей, тарихын тануға құмартқан жастар тарих ғылым­дарының кандидаты Уәлихан Ибраевтың, саяси ғылымдар кандидаты Сәулет Сахиевтің, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Қаршыға Есімсейітованың тағылымға толы әңгімелеріне қанықты.

Кеш соңында экспедиция мүшелері жергілікті аудандық кітапханаға кітап­тар тарту етіп, жас өрендердің мол мағлұмат алуына сәл де болса септігін тигізді. Экспедицияның екінші күні ІХ-ХІ ғасырларда Оғыз мемлекетінің астанасы болған Жанкент қаласында жалғасты. Қанша ғасырды артта қал­дырып, қабырғалары жермен жексен болғанымен, бұл жердің ерекшелігі, аяқ басқан сәттен бастап сол орта ғасырдың тұрмыс-тіршілігі мен болмысын бастан кешкендей күйге бөленесің. Ежелгі шаһардан үлкен әсер алған экспедиция мүшелері тек қазаққа ғана емес, бүкіл түркі әлеміне ортақ ойшыл Қорқыт бабаның кешеніне аттанды. Мәңгілікті аңсаған абыз бабаның қобыз үні шынында да мәңгілікке ұлас­қанын Сыр аймағындағы бой көтерген осы бір кесененің өзі айғақтап тұрғандай. Қармақшы ауданының тарих, өлкетану қызметкерлері Қорқыт атаның санғасырлық тарихымен және жаңа жөндеуден өткен мемориалдық кешенімен таныстырды.

Бұдан соң экспедиция мүшелері Қармақшы ауданының Жосалы кентіне бет бұрды. Бұл жерде олар Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында елімізді әлемге танытып, тарихымызды насихаттап, ел-жерді аралап жүрген мотошерушілер тобымен кездесті. Топ жетекшісі Дмитрий Петрухин өз сөзінде қай елге бармасын, қандай белесті бағындырмасын, барлығын Отаны – Қазақстанның атын шығаруға арнайтынын жеткізді. Кездесу соңында экспедиция тобының жетекшісі У.Ибраев «Теңдессіз сый» акциясы аясында аудан кітапханасына кітаптар табыс етті. Бұл күні экспедиция жұмысы Жалағаш ауданының Бұхарбай батыр ауылында жалғасты. Бұхарбай батыр музейімен, тарихи жәдігерлерімен танысты. Музейге экспедиция тарапынан кітап тарту етіліп, Жалағаш ауданының Таң ауылдық округінде тұратын ардагерлерге тонометр сыйға берілді.

– Біз осы сапар барысында халықты тарих біріктіретінін анық байқадық. Қазақстанды мекендеп жатқан әрбір ұлт пен ұлыс өзін тарихтан бөліп қара­майтынын көрдік. Бұл өте қуанышты жағдай. Ал мұндай жағдайдың орын алуы­на Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуын мерекелеп жатқанымыз ықпал етті дей аламыз. Сондықтан, Елба­сы хандық тойын дер кезінде көтерді деп ойлаймыз. Алдағы уақытта біздің ел­дегі ұлт пен ұлыстың тілдік тұтастыққа да же­тетініне кәміл сенеміз,– дейді Дос Көшім.

«Ұлы Дала елі» экспедициясының Сыр еліндегі жұмысы Сырдария ауданында жалғасты. Экспедиция мүшелері Қалжан ахун медресесінде зиярат етті. Ауыл ақсақалдары жергілікті жердің тұрмыс-тіршілігі мен Қалжан ахунның өмірдеректерімен таныстырды. Баба рухына құран бағыштап, қасиетті жердің сырына қаныққан топ Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мен алдағы Қарттар күніне орай Тереңөзек кентінің ардагерлері М.Ержанов пен Я.Тасыровтың отбасында болып, тонометр құрылғыларын табыстап, олардың ақ баталарын алды. Бұдан соң ауданның Шіркейлі ауылы маңайындағы «Қос асар» археологиялық ескерткішінде жүргізіліп жатқан архео­логиялық қазба жұмыстарының барысымен танысты. Экспедиция мүшелері қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан архео­логтармен кездесіп, қазіргі кезге дейін табылған және жұмыс барысында сыры толық ашылмаған дүниелер төңірегінде әңгімелесті.

Экспедицияға қатысушылардың келесі нысаны – Сырдария ауданының Нағи Ілиясов ауылы болды. Ауылдың мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен кездесу болып өтті. Экспедицияға үлкен қызығушылық танытып, оның құрамына енген Ғылыми-сарапшылық кеңестің мүшесі, республикалық «Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, сая­саттанушы Дос Көшім «Ұлы Дала елі» экспедициясының бағытын қол­дайтындығын, Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында ҚХА тарапынан бұл көтеріліп отырған бастаманың өте орынды екендігін айтты. Кездесу со­ңында «Теңдессіз сый» акциясы аясында жергілікті кітапханаға кітаптар тарту етілді.

– Талай аласапыран заманды бастан өткеріп, осы күнге аман жетіп, әлемге аты әйгілі мемлекет құрып отырған қазақ жерінің тарихы тереңде. Біз сол баба­лар салған сүрлеуді тағы бір басып өтіп, оны елге, әсіресе, жастарға танытып, қазақстандық патриотизмнің жаңа моделін қалыптастыруда осы экспедицияның жұмысына атсалысып отырмыз. «Өткенсіз бүгін жоқ» дегендей, бүгінсіз ертең де болмайды. Сондықтан, біз өзіміздің өткен тарихымызды тануда, оны насихаттауда осындай ауқымды істерді қолға алып, жүйелі жұмыс істей беруіміз керек,– дейді Уәли­хан Ибраев.

Сыр өңіріндегі «Ұлы Дала елі» экспедициясы Қызылорда қаласында зиялы қауым өкілдерімен, студенттермен кездесіп, келелі әңгіме жүргізді. Одан кейінгі сапарын Шиелі, Жаңақорған аудандарында жалғастырып, Оқшы ата, Сунақ ата кесенелеріне соғып, ежелгі Сығанақ қаласына барды. Азғантай ғана күннің ішінде экспедиция мүшелері Сырдың бойын ен жайлап жатқан, ғалымдардың дерегі бойынша 150-ге жуық ескі қалалардың орны бар қасиетті топырақты аралап шықты. Солайша, «Ұлы Дала елі» экспедициясының эстафетасын Оңтүстік Қазақстан облысының делегациясына тапсырды.

Қатысты Мақалалар