ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ АРҚАСЫНДА ҰЛТТЫҢ МЕМЛЕКЕТШІЛДІК САНАСЫ ҚАЛЫПТАСТЫ

/uploads/thumbnail/20170708200006024_small.jpg

Астанада өтіп жатқан Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналған маңызды шараның бірі «Назарбаев Университетінде» жалғасты. Бұл туралы Қамшы порталы Айқын-Ақпаратқа сілтеме жасай отырып хабарлайды.

 «Мәңгілік Ел» деп аталған халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұзын саны 1500-ден астам адамның басын қосты. Олардың арасында Әзірбайжан, Болгария, Ұлыбритания, Германия, Израиль, Үндістан, Испания, Италия, Қырғыз Республикасы, Қытай, Беларусь, Тәжікстан, Ресей, АҚШ, Түркия, Өзбекстан, Украина, Франция, Швейцария сынды мемлекеттерден келген тарих пен мемлекеттіліктің даму проблемаларын зерттейтін ірі ғалым-зерттеушілер де бар. Сонымен бірге ҚР Парламенті депутаттары, мемлекеттік органдар басшылары, Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткерлері, дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, судьялар, отандық саяси партиялардың, ҮЕҰ-ның, бизнес-қоғамдастықтың, Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері, мәдениет және өнер қайраткерлері, БАҚ жетекшілері де осы жиында төбе көрсетті. Конференция қатысушыларына Мемлекет басшысы арнайы құттықтау хатын жолдады. 
Айта кетейік, конференцияның ашы­лу салтанаты алдында еліміздің ғылыми және шығармашылық қауымының жетекші өкілдерінен құралған делегация Қазақ хандығының негізін қалаушы – Керей мен Жәнібек хандардың ескерт­кішіне гүл шоқтарын қойды. Делегацияны Мемле­кеттік хатшы Гүлшара Әбдіқа­лықова бастап барды.
Халықаралық конференцияның пле­нарлық отырысын да Гүлшара Науша­қы­зы ашып, Президент Нұрсұлтан Назарбаев­­­­­­тың конференция қатысушы­лары мен шетелдік қонақтарға арнаған құттықтау хатын оқып берді. 
«Біз өткенімізді мақтан тұтамыз және ата-бабаларымыздың сан ғасырлық армандарын ақиқатқа айналдыра отырып, олардың асыл мұраларын қастерлейміз», деп басталған құттықтауда «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы тарихи сананың берік іргетасына арқа сүйейтіні, бұл қазақстандық патриотизмнің маңызды қыры екені айтылған. Сонымен бірге қазақстандық тарихшылардың Қазақ хандығы құрылуының, қалыптасуы мен дамуының тарихи үдерісіне, халқы­мыздың тарихи жолына терең талдау жасап, зерттеу жұмыстарын жалғастыра беруі маңызды екені атап өтілген. 
Мемлекеттік хатшыдан кейін сөз алған шетелдік ғалымдар Қазақ хандығы туралы шетелдіктердің көзқарасы тұрғысынан қызықты баяндама жасады. 
Солардың бірі – тарихшы, Фран­ция­ның Шығыс тілдері және өркениеттері Ұлттық институтының өкілі Катрин Пужоль қазақ халқы ұшқан құстың қанаты талатындай өте кең аумақта ор­налас­қанына қарамастан, тіл тазалығын сақтап, диалектіге жол бермей келе жат­қанына тәнті екенін жеткізді. 
«Қазақтар – тіл тазалығын сақтаған ел. Бұл – көшпелі өмір салтын ұстанудың пайдасы дер едім. Қазақ хандығы тарихын зерттегенде тарихи деректермен қатар, бұл ұлттың әдебиеті мен мәдениетіне де зер салу керек екенін түсіндім. Қазақ ұлтының көп жылдар бойы көрші елдердің коло­ниясында болуы да ана тілінен ажырата алмаған, әрине, сырт көзге қарағанда отарлаушы елдің тіліне тәуелді сияқты болып көрінгенімен, кейінгі жас буынның ол кемшілікті жойып жіберетініне сенемін» дейді тарихшы. 
 Ал Иран Ислам Республикасының ғылым, зерттеулер және технологиялар министрінің орынбасары Моджтаба Шариати Ниасар Қазақ хандығы атты хандыққа атын берген қазақ халқының бүгінгі ұрпағын ұлы тарихи өңірдің өкіл­дері деп бағалады.
– Біздің алдымызда бізді байланыс­тыратын мұраларды жаңғыртып, оны халықаралық деңгейге көтеру міндеті тұр. Әл-Фараби, Ахмет Йассауи, Абай Құнан­баев сияқты тұлғалар салып берген даңғыл жолмен екі елдің арасындағы алтын көпір­ге айналатын мәдени және ғылыми алаң­ды қалыптастыру – бүгінгі сіз бен біздің парызымыз, – деді. 
Пленарлық отырыс аяқталғаннан кейін қоғам және мемлекет қайраткерлері, ғалымдар, тарихшылар, этнологтар, шығыстанушылар, тіл мамандары «Қазақ хандығы және Н.Ә. Назарбаевтың «Мәң­гілік ел» идеясы»; «Қазақ хандығынан – Қазақстан Республикасына дейін: тың деректер, жаңаша тұжырымдамалар»; «Қазақ құқығы мен билер сотының әлем өркениетіндегі орны» және «Тәуелсіз Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтағы орны» деп аталатын төрт секцияға бөлін­ген отырысқа қатысты. 550 жыл бұрын Керей мен Жәнібек хандар құрып кеткен Қазақ хандығы алғаш рет өз атауында халық этнонимі бекітілді. Қазақ халқының тәуелсіздік үшін көп ғасырлық күрес жолында ұлы жеңістер мен ауыр жеңілістер болды. Секциялық отырыстарда осынау тарихи оқиғалардың бағасын беретін баяндамалар оқылды. 
Біз сөзге тартқан тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА мүше-коррес­пон­денті Мәмбет Қойгелді Қазақ хан­дығының арқасында қазақ халқының мемлекетшілдік санасы қалыптасқанын айтады. 
– 15 ғасырда өмірге келген Қазақ хан­дығы қазақ тарихында ерекше орын алады. 14-15 ғасырда қалыптасқан қазақ халқы ұлт ретінде жаңадан құрылған мемлекетке өзінің атын берді, ол мемлекет «Қазақ хандығы» деп аталды. Бұл кезеңнің біз үшін маңызы ерекше, өйткені Қазақ хандығының арқасында қазақ халқының мемлекетшілдік санасы қалыптасты. «Ақтабан шұбырынды» заманында қазақ­тың ұлт ретінде жойылып кетпеуінің бірден-бір себебі – Қазақ хандығының ар­қасында қалыптасқан мемлекеттік санада жатыр. Бұл сана бізді ұлт ретінде аман алып қалды. Қазақ хандығы – қазақ мемлекеттілігі деген сөз. Қазақ мемле­кеттігі үшін күрес 15 ғасырдан кейін де жү­ріп жатты. Исатай Таймановтың, Кене­сарының күресі 20 ғасырда да жалғасын тапты. Бұл жерде біз Алаш қозғалысын есте ұстауымыз керек, осы оқиғалардың барлығы да қазақ мемлекеттілігі үшін күрес еді. Сондықтан біз тарихымызда Қазақ хандығын атай отырып, тарихи са­бақтастықты көреміз, бұл дата – біз үшін сонысымен маңызды, – дейді тарихшы. 
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА ака­демигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Сыдықов конферен­цияда көтерілетін мәселе атауы бола­шақтағы зерттеулер нысанына айналады деп санайды. 
– Мемлекеттігіміздің тарихын зерттеу­дің негізгі бағыттары әлі алда тұр деп ойлаймын. Бүгін Тәуелсіздік сарайында өткен салтанатты жиында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тарих­шылардың жолында әлі көптеген зерттеу жұмыстары тұрғанын, біздің қайдан шыққанымызды, кім екенімізді, Ұлы даланы қалай меңгердік, біз қалай Ұлы дала мұрагері атандық – осының бәрін терең зерттеуді жүктеді. Олай болса, бү­гінгі конференцияда айтылатын әңгі­мелер болашақтағы үлкен зерттеулерге ойтүрткі болтыны сөзсіз. Ұлы даланың иесі – біз – қазақтармыз. Өйткені бұл да­лада адамзат пайда болғаннан бері ата-бабамыз мекендеп келе жатыр, біздің ерек­шелігіміз сол, біз бұл далаға сырттан келген халық емеспіз. Басқалар келді, біз­бен бірге мекендеді, бәріне орын табылды, береке-бірлікпен өмір сүріп жатырмыз, ал бұл даланың иесі – жергілікті халық – бүгінгі қазақтар, – дейді Е.Сыдықов. 
Қазақ хандығына қатысты тың дерек­термен әлі де табыса беретін секілдіміз. Се­бебі хандық тұсындағы дипломатиялық қатынастардың қанат жайғаны сондай, 550 жыл бұрынғы дипломатиялық қаты­настарды дәлелдейтін құжаттар бізден алыста жатқан елдердің мұрағатынан да табылып жатыр. Соның барлығы Қазақ хандығының мемлекет ретінде ғасырларға созылған озық дәстүрі болғанын көрсетсе керек. 
– Бүгінгі мереке – тарихи, саяси оқиға деуге болады, өйткені бұл Қазақ хандығы тарихының, қазақ жерінде мемлекет­тіліктің ғасырларға созылған дәстүрі бол­ғандығын көрсететін шара. Елбасының: «Қазақ тарихында ұялатын ештеңе жоқ» деген жақсы бір сөзі бар. Шынында, 300 жылға созылған Қазақ хандығы тарихы біздің мақтанатын кезеңіміз деуге болады. Өйткені Қазақ хандығы құрылған соң, билік басындағы хандар көршілес елдер­мен терезесі тең дәрежеде дипломатиялық қатынаста болды. Мысалы, орыс дерек­терінде Қазақ хандығын мемлекет ретінде мойындап, «орда, государства» деп көр­сетеді, парсы деректерінде «дәуліті қазақ», яғни «қазақ мемлекеті» деп көрсетеді. Осындай мазмұндағы дипломатиялық қа­тынастарды айғақтайтын құжаттар шетел­дің архивтерінде сақталған, – дейді Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этно­логия институты директорының орын­басары, тарих ғылымдарының кан­дидаты Нұрлан Атығаев. Оның айтуынша, тарих және этнология институты екі жыл­дан бері шетел мұрағаттарына жүргізген экспедициялық зерттеулер барысында тарихи құжаттардың бай мұрасына кезік­кен. Сондықтан өтіп жатқан конференция Қазақ хандығының тарихын жаңа қы­рынан тануға мүмкіндік туғызады. Ол үшін осындай ғалымдар мен тарих­шы­лардың басын қосар мазмұнды шаралар жиі өткізілуі керек. Бұл туралы кон­ференция қатысушыларының жиын соңында қабылдаған қарарында да айты­лыпты. Онда «Әріптестерді ұлттық та­рих­тың нышандары мен бейнесін көпшілікке тарату үшін үнемі ғылыми-зерттеу, білім және ағарту жұмыстарын жүргізуге, бұқа­ралық ақпарат құралдарын, кітап бас­пасын, ғылыми конференциялар мен форумдарды қолдануды шақырамыз. Ха­лықаралық ғылыми қауымдастық өкіл­деріне барлық мүмкін болатын құралдар арқылы мәдени-гуманитарлы қауым­дастық, өркениет диалогын әрі қарай дамыту мен нығайтуды сұраймыз»  де­лінген. 

 "Қамшы" сілтейді

Қатысты Мақалалар