«Нұр Отан» партиясы Елбасы саясатын, елдік мүддені, ұлттық идеологияны жүзеге асыруда қашанда бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз әріптестікте жұмыс істеуге әзір. Бұл туралы Қамшы порталы Айқын-ақпаратқа сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Алдағы уақытта партиялық алаңда БАҚ басшыларымен тұрақты түрде кездесу өткізіп, ақпараттық кеңістіктегі ахуалға қатысты кеңес құруды жолға қоймақшы. Мұндай басқосуларды қоғамдық ұйымдардың, зиялы қауымның өкілдерімен, кәсіпкерлермен де жүйелі түрде ұйымдастыру көзделуде. Бұл мәселелер саяси ұйымның жаңадан түзіліп жатқан бірыңғай медиа саясатында қамтылады. Бұл туралы Астанада Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметовтің республикалық бұқаралық ақпарат құралдары басшыларымен өткен бейресми кездесуінде айтылды.
Бұған дейін мәлімделгендей, «Нұр Отан» қызметінде жаңару мен жаңғырту, тың бетбұрыстар орын алмақшы. Партия мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына, мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуына партиялық бақылау мен бағалаудың тұрақты жүйесін қалыптастырып, сонымен бірге қоғамдық қабылдаулардың жұмысын күшейтпек.
Бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жүйелеу, «Жас Отанның» қызметін жандандырып, жастарды нақты іске жұмылдыру, партияның Парламенттегі мүмкіндігін барын-
ша кеңінен пайдалану, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы идеология мен жұмысты күшейту де қолға алынбақ. Осынау істің түйіні – Елбасының партияның соңғы Бюросында берген тапсырмаларын жүзеге асырып, партияны одан әрі нығайту.
Партия Төрағасының бірінші орынбасары бұл бастамаларды іске асыруда партия мен бұқаралық ақпарат құралдарының бірлескен іс-қимылы аса маңызды екеніне тоқталды. Сондай-ақ бүгінде партияның бірыңғай жаңа медиа саясат әзірлеп жатқанын, осының аясында БАҚ пен өзара байланыстың жандана түсетінін мәлімдеді.
«Нұр Отан» елдің игілігі жолында қашанда бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесе жұмыс істеуге әзір. Партияның мақсаты да, бұқаралық ақпарат құралдарының мақсаты да біреу. Ол – еліміздің гүлденуіне, тәуелсіздігіміздің баянды болуына, мемлекеттігіміздің нығаюына қызмет ету. Сондықтан мұндай кездесуді ендігі жерде тұрақты түрде өткізіп тұруды көздеп отырмыз» деді А.Мырзах-метов.
Сондай-ақ ол Елбасының Қазақ Хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиында айтқан келелі ой-толғамдарын БАҚ арқылы жұртшылыққа кеңінен насихаттауға шақырды.
БАҚ басшылары бұл бастамалар-ды құп көретінін айта келе, көкейдегі сауалдарын да қоя отырды.
Республикалық «Central Asia Monitor» басылымының Бас редакторы Бигелді Ғабдуллин «Нұр Отанның»
6 мыңға жуық бастауыш партия ұйымы қоғамда үлкен күш екеніне тоқтала келе, алдағы уақытта партия осы құрылымдармен жұмысты жандандыруға қаншалықты көңіл бөлетінін сұрады.
Партия Төрағасының бірінші орынбасары алдағы кезеңге жоспарланған жұмыстардың басым бағыттарының бірі осы екенін айтып, бастауыш ұйымдардың жұмысын жүйе-
леу, Орталық аппарат пен өңірлер арасында тығыз байланыс орнату қолға алынып жатқанын мәлімдеді. Ол үшін ең бірінші оларға тиісті жағдай жасалады. Материалдық қолдаумен бірге моральдық ынталандыру да қолға алынбақ. Сонымен қатар жергілікті жердегі партия белсенділерін депутаттыққа, партиялық және мемлекеттік қызметке кеңінен тарту қарастырылады.
Бұдан соң пікір алмасу отандық ақпарат кеңістігіндегі ахуал, бұқаралық ақпарат құралдарының өзекті мәселелері жөнінде өрбіді.
Белгілі қаламгер, «Ара» газетінің бас редакторы Көпен Әмірбек БАҚ-ты сыбайлас жемқорлықпен күрестің құралы ретінде кеңінен қолдану мәселесін көтерсе, Қазақстан Журналистер одағының басқарма төрағасы Сейтқазы Матаев, «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Нұржан Мұхамеджанова, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы Айдос Үкібай, «7 арна» телеарнасы Директорлар кеңесінің төрағасы Бибігүл Жексенбай, «Еуразия» бірінші арнасы бас директорының бірінші орынбасары Светлана Жалмағамбетовалар бүгінгідей күрделі кезеңде партияның қоғамды бірлікке жұмылдыруда шешуші рөл атқаратынын, осы орайда БАҚ-пен бірлескен іс-қимылдың маңыздылығын айтты.
"Қамшы" сілтейді