Кассалық түсім бойынша әлемде ең көп табыс жинап, Оскар сыйлығының 3 аталымын жеңіп алған фильмнің араға 13 жыл салып "Аватар: Су жолы" атты екінші бөлімі көрерменге жол тартты. Кинотуынды қазақ тілінде де көруге болады.
Бүгін Алматыда фильмнің қазақша 30-дан астам сеансы, Астанада 9 сеансы көрсетіледі деп жоспарланған. Бұл – орысша сеанстарға қарағанда ондаған есеге аз.
Қазақ тілінің қолданысын арттыруды көздейтін Instagram-дағы Qazaq grammar жобасы қазақша сеанстарды көбейтуге көрермен сұранысы ықпал ете алатынын айтып, көпшілікті фильмді қазақша көруге, сол арқылы қазақ сеанстарына баратындар көп екенін көрсетуге шақырады.
"Қазақ көрермені осы премьераны пайдаланып, дубляж нарығына ықпал ете аламыз. Яғни мәселе мынадай: қазақша дубляжға көп жағдайда адам аз барады екен-мыс. Кинотеатр – жекеменшік кәсіп болғандықтан, сеанстарының уақытын сұранысқа қарай қояды. Сондықтан көрсетілімнің қазақша нұсқасына барынша көбіміз баруымыз керек. Қазақшаға сұраныс көп болса, "сыйласқанның суын іш" деп, кинотеатр да бәрін көрерменге қарай ыңғайластырады. Кинопрокатта бірінші апта аса маңызды, оның нәтижесіне қарап, екінші аптаның кестесін жасайды. Бірінші аптада бәріміз: отбасы, бала-шаға, көрші-қолаң,ауыл-аймақ болып "Аватар: Су жолы" фильмінің қазақша сеанстарына тойға барғандай жаппай ағылып барайық", делінген Qazaq grammar парақшасындағы үндеуде.
Бастаманы қолдап жазба астына жүздеген пікір жазылса, жазбаның өзі 7 мыңға жуық лайк жинаған.
Қазақстанда қазақша дубляждағы Голливуд фильмдері ыңғайсыз уақытқа қойылатын немесе қазақша сеанс орысшаға ауыстырылатын жағдай жиі кездеседі. Кинотеатрлар мұны қазақша сеансқа адам аз келетінімен түсіндіреді. Алайда бұл – қазақша фильмдерге көрермен бармайды дегенді білдірмейді. Мәселен, соңғы бір жылда таза қазақша түсірілген "Қазақша бизнес Түркияда", "Джохан" фильмдеріне көрермен көп барып, кинотуындылар кассалық түсім бойынша көшбасшылар қатарына енген.
Пікір қалдыру