Бірімізге біріміз донос жаздық. Ол рас енді...

/image/2024/01/08/crop-114_9_1211x1614_img_9799.jpg

Қазақ халқының бетке ұстар ұлдары 30-шы жылдары сталиндік қуғын-сүргін кезінде аяусыз қырылды. Ұлтымыздың қаймағын қыруда Мәскеу тағайындаған Голощекин, Мирзоян, Залин, Реденс және Бурдаков дегендердің рөлі зор болды.

Сонымен қатар, біз мынадай фактіні де ұмытпауымыз керек. Қазақтан шыққан қайраткерлер топтарға бөлініп, бақталасының көзін құрту үшін Мәскеу билігінің репрессиясын пайдаланды.

1920 жылға қарай "Алаш" партиясы жойылып, қазақ жерінде орнаған совет билігі алаштың кешегі жетекшілерін мойындамады. Советтердің Қырғыз АССР-індегі басшылық қызметтерге алаштықтарды тағайындайтын ойы болмаған. Осылайша қазақтың арасында нағыз билікке талас басталды.

Сонымен, советтік Қазақстанда 30-шы жылдары билікке жершілдік пен рушылдықпен бөлінген қандай топтар таласқан еді?

Алаштың арыстары ығыстырылған соң қалған қазақтың бәрі қабілеті мен беделі жағынан бірдей, бір-бірімен шамалас болды.

Бірінші болып жымдасып саяси топ құрған қазақтар "кенжиндер" мен "мендешев тобы" еді. НКВД саяси басқарма қызметкерлерінің қазақ ұлтшылдары туралы 1922 жылдың 23 қыркүйегінде ұсынған баяндамасына сәйкес, "кенжиндер" тобының лидері – Аспандияр Кенжин болған. Атырау облысының тумасы, Кіші жүз. 1920 жылы ол партияның қазақ өлкелік комитеті үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып тағайындалған. Кейін, Байтұрсыновтың отставкасынан соң ағарту халық комиссары болды. 1921-1922 жылдары Қазақ АССР-і сауда-саттық комиссары қызметінде отырған.

"Кенжиндер" тобының ең белсенді мүшелері деп Мұхамедхафи Мырзағалиев, Сақыпкерей Арғыншаев және Смағұл Сәдуақасов аталады. Бәрі дерлік Батыс Қазақстанда туғандар: Кенжин (Атырау), Арғыншаев пен Мырзағалиев (Орал), Сәдуақасов (Ақмола).

"Мендешев тобының" лидері Сейітқали Мендешев болған. Ең қызығы, ол да Батыс Қазақстаннан шыққан, дәлірек айтқанда Бөкей ордасында туған. 1919 жылдың жазынан бастап Мендешев Қазақ өлкесін басқару жөніндегі әскери-революциялық комитеті төрағасының орынбасары болған. Мендешевтің жанында қарағандылық Абдулла Асылбеков пен Нығмет Нұрмақов, торғайлық Әліби Жангелдин, оралдық Әбдірахман Әйтиев топтасты. Олардың туған жері мен шыққан рулары бөлек, бұлардың әрқайсысы өз мансабын көздегендіктен, бірлігі мықты болған жоқ.

Жаңа құрылған Қырғыз АССР-інде осы екі топ бірінші болып билікке таласты. Басында "кенжиндер" жеңетіндей көрінді, өйткені Мұхамедхафи Мырзағалиев пен Сақыпкерей Арғыншаевтар жоғары лауазымды қызмет атқарған. 1920-1921 жылдары Қазақстанды осы екі кісі басқарды деуге болады.

Бірақ 1921 жылы топтың басшысы Кенжин "Алаш" партиясының бұрынғы мүшесі ретінде сотталып, партиядан шығарылды. Одан соң басшылыққа қайтып келмеді. Кенжин "құлаған" соң "Мендешев тобының" ықпалы өседі. Мендешев ақыры 1920 жылдың қазанында Қырғыз АССР-і Орталық атқару комитетінің төрағасы болды. Бұл орган кейін үкіметті – халық комиссарлары кеңесін жасақтау құқығын алды.

Бірақ 1922 жылға қарай биік-биік лауазым иеленген "кенжиндер" өзара күрес бастады. Өзін "республиканың қожайыны" болуға лайық санаған Жангелдин кешегі одақтастарына қарсы ашық шықты.

Осындай жағдайда саяси сахнаға тағы екі топ пайда болды. Олар туралы Голощекиннің 1926 жылдың 20 мамырында Сталин мен Молотовқа жазған хатында айтылған.

Бірі – Сәкен Сейфуллиннің маңайына топтасқан "сейфуллиндер". Сәкен 1922 жылы күтпеген жерден халық комиссарлары кеңесінің төрағасы боп сайланады. Былайша айтқанда, үкімет басшысы болды. Оның тобына негізінен Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин сияқты жазушылар мен публицистер қосылды.

20-жылдардың ортасында пайда болған енді бір топ – "қожановтар". Басшысы 1924 жылға дейін Түркістан АССР-інде жұмыс істеп келген Сұлтанбек Қожанов. 1924 жылдың қарашасында Қожанов Қазақ партия комитетінің екінші хатшысы боп тағайындалып, Қазақстандағы "екінші адам" болады. "Қожановтардың" қатарында Санжар Асфендияров, Дінше Әділов, Ораз Жандосов, Қонырқожа Қожықов және тағы басқалар болды.

  • Әне, советтік Қазақстанның саяси элитасы сондай болды.
  • Топқа бөлініп, бірінің үстінен бірі жоғарыға донос жазды.
  • Қазақ қайраткерлерінің "домалатқан" арыздарының көптігі сонша, бірде Ежов дейтін нарком Сейфуллинге айтқан екен: “қазақтар-ай, біріңнің үстінен бірің арыз жазуға сұмдық құмар екенсіңдер!”.

Бұл топтардың әрқайсысы шынында да өзінің туған қазақ халқының жағдайын күйттеген, бірақ ортақ істі бірігіп емес, әрбір топ бөлек болып атқаруға тырысты.

Ақыр аяғында қазақ топтарының өзара қырқысы 20-30-жылдары халқымыздың ең дарынды, көзі ашық, көкірегі ояу өкілдерінің жаппай қырылуымен аяқталды. Екі жылда, 1937 және 1938-де 120 мың қазақ тұтқындалды. Ішіндегі ең жаманы құрығанда ауыл басқарған 25 мың қазақ атылып кетті.

Қазақ халқының басы осылай кесіліп қалды. Біз алаш арыстарынан да, мықты қазақтан да айырылып қалдық.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар