Наурыз құсы – көктемнің жаршысы

/uploads/thumbnail/20250315004130526_big.webp

  “Наурыз құсы” деген тіркес халық арасында ертеден айтылып келеді. Бұл ұғым белгілі бір нақты құсты білдірмегенімен, Наурыз мейрамы қарсаңында алғаш келетін жыл құстарымен байланыстырылады.

       “Наурыз” – көктемнің, жаңарудың, жылдың басталуын білдіретін түркі-парсы сөзі. “Құс” – аспанда еркін самғап, табиғаттың өзгерістерін хабарлайтын тіршілік иесі. “Наурыз құсы” тіркесі көктемде алғаш келетін құстарға берілген халықтық атау. Бұл ұғым қазақтың табиғатпен байланысына, жыл мезгілдерін тану дәстүріне негізделген.

                 Қазақ өміріндегі мәні

      “Наурыз құсы” – Наурыз мейрамы кезінде ұшып келетін құстарды білдіретін атау. Қазақ халқы көктемнің алғашқы күндерін жыл құстарының оралуымен байланыстырып, оны жақсылықтың, құт-берекенің белгісі деп санаған. Сондықтан олар алғаш көрген құсты “Наурыз құсы” деп атап, ерекше ықыласпен қарсы алған.

      Әсіресе, қарлығаш, бозторғай, жасылторғай, тырна, көкек, үйрек, қаз сияқты көктемнің хабаршысы саналатын құстарды қазақтар “Наурыз құсы” деп атаған. Көктемгі құстардың оралуы табиғаттың жандануын паш етеді. Наурыздың 9-16 күндері аралығында “Мәз амалы” кіреді. Қазақта “Мәз келмей, Әз кірмейді, Әз кірмей, жаз келмейді” деген көне сөз бар. Осы кезде жылы аймақтан қарғадан кіші, торғайдан сәл үлкен, мойны жасыл, төбесі қара, қанаты гүлге ұқсас ерекше құс келеді. Қазақ халқы бұл құсты “Наурызек”, “Наурызбек”, “Наурызкөк” деп атаған. Оны көрген адам байып, бақытты өмір сүреді деп сеніп, құсқа жем шашатын болған.

       Наурыз күні жауған қарды “Ақша қар” деп атап, оған ерекше мән берген. Осы күні:

     Егер қар жауса, жалаңаяқ басып жүрсе, жыл бойы аяқ ауырмайды деп сенген.

      Қарға бет жуса, ажары таймайды деп ырымдаған.

      Наурыздың ақ қарымен қара сабын қайнатып жасаса, оның емдік қасиеті жоғары болады деп есептеген.

     Наурыз күні түскен қарды сыпырып немесе күреп тастауға болмайды, өйткені “Бақ бірге кетеді” деп ырымдаған.

 

                        Исламдағы мәні

 

      Исламда көктемнің келуі мен табиғаттың жаңаруы – Алланың құдіретін көрсететін табиғи құбылыс. Құстардың жыл сайын өз мекеніне қайтып оралуы – Алланың жаратқан тәртібі мен ғажайып хикметтерінің бір белгісі. Сондықтан Наурыз мейрамы кезінде құстарға жем шашып, табиғатты құрметтеу – мұсылмандық әдепке сай келеді

     “Наурыз құсы” – нақты бір құсты білдіретін атау емес, бірақ халықтың көктемде алғаш келетін жыл құстарына берген жалпы атауы. Бұл атау қазақтың табиғатпен үйлесімді өмір сүру дәстүрінен, жыл мезгілдерін аңғаруынан және көктемді қуанышпен қарсы алуынан туындаған. Қазақ үшін құстардың оралуы – тіршіліктің жаңаруының, көктемнің келгенінің сүйінші хабары.

       Мақала авторы: Болат Бопайұлы

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар