Үсті-үстіне үй алып жүр. Қолы жеткен кей қазақ

/image/2024/02/01/crop-22_2_477x636_akimat-almaty-slabo-kontroliruet-situaciyu-s-zastroikoi-photo-big.jpg

Қазақстандағы қазақтың көбінің арманы – баспана алу. Ал баспаналы болса, «жалға берсем» деп тағы бір пәтер алу және тағы, тағы деп үсті-үстіне жалғасып кете береді. Себебі біреулер үшін бұл табыс көзі болса, билікке сенімсіз қарайтын тағы біреулер үшін ертеңгі «зейнетақысы».

Қалай дегенмен де жұрттың осы мақсат-мансұғы қаншалықты орынды? Бізден басқа елдердің азаматтарында неге ондай арман жоқ?

Бұл сұраққа жауап іздеп Qamshy.kz қаржыгер-маман Ілияс Исаевты сөзге тартты.

Исаев азаматтарды баспана алуға жанталасуға саяси-экономикалық ахуалдың өзі итермелеп отыр дейді. Яғни, бұлай ойлау, осындай жоспар құруда қазақтардың түк кінәсі жоқ!

Қаржыгер елімізде адамдардың ірі қалалар төңірегін жағалауы, мегаполистерге ағылуы ауылдардан қадір-қасиет, күйіс кеткенін білдіретінін айтады. «Ал ақшасы бар адамдарға инвестиция жасайтын орта қалыптастыра алмау, ауылдың еңсесін тіктемеу – бұл үкіметтің сауатсыздығы», дейді ол.

Ақша табатын орын қор нарығы болуы тиіс!

«Қор нарығы бізде дұрыс дамымаған. Оның орнына несие нарығы, яғни банк секторы жақсы қарыштаған. Ал экономика заңдылығы бойынша, бұл екеуі қатар дамып, бір-біріне бәсеке болуы тиіс. Өзге елдерде адамдар ақшаны банк секторынан емес, қор нарығынан алғанды жөн көреді, солай әлдеқайда тиімдірек, тіпті сол арадан табыс та табады», дейді маман.

Ал біздегі қор биржасы деп жүргеніміз, маманның айтуынша, тек аты ғана.

«Қор биржасы даму үшін, біріншіден, оның тұрақты эмитенттері болуы керек, екіншіден, тұрақты инвесторлары болуы тиіс. Эмитент деген қор нарығына барып өзінің бағалы қағаздарын орналастыратын немесе ұсынатын ірі кәсіпорын. Ал инвесторлар соны сатып алады. Ал біздегі қор нарығындағы эмитенттерге қарасаңыз, 70-80 пайызы – валюта, спекуляция, тек 2 пайызы ғана акция мен облигациялар. Инвесторларына қарасаңыз, жинақтаушы зейнетақы қоры, соған ұқсас тағысын тағы», дейді ол.
Неге жұрт желіде ақыл-кеңесін сатып, коуч болып кетті?

Ілияс Исаев отандық экономикада алдап-арбау жолымен пайда табу басым болып кеткеніне алаңдаулы:

«Әрине, бізде соңғы кездері ақшасы бар адамдар шағын және орта бизнесті дамытып, отандық өнімдер шығарып жатыр. Оған көзің қуанады, бірақ жаның да ашиды. Шағын және орта бизнес дамуы үшін бізде әділ әрі еркін бәсекелестік орта болуы тиіс. Бізде ондай жоқ, тұншықтыру көп. Бір-ақ мысал келтірейін. Соңғы кездері Қазақстан байлығы санаулы адамдардың қолында екені ашық айтылып жүр. Енді ондай жерде қандай таза бәсекелестік болады? Сондықтан олардың көбісі баға демпингіне, тағы да басқа кедергілерге ұшырап, ақыры еңбегі еш кетеді, басы тау-тасқа соғылып, күш-қайраты мүжіледі. Содан кейін де олар оңай жолды таңдайды: бірнеше пәтер сатып алып, соны жалға бере салу; желіде өз тәжірибесімен бөлісіп, ақыл-кеңесін сату, коуч болу дегендей».

Бірақ ол мұның пайда табу емес, жәй күнелту екеніне баса назар бұрады.

«Отбасы банк» және жылжымайтын мүлік нарығы

«Қазақстанда жылжымайтын мүлік нарығы қатты дамып кетті деп айта алмаймын. Бұл арада жасанды сұраныс пен ұсыныс қалыптастыру нышаны байқалады. Мысалы, «Отбасы банкін» құру арқылы. Біз бұл нарықты дамыды деп айтар едік, егер адамдарда өз ақшасы болып, шынымен де көптеп пәтер сатып алып жатса. Бірақ бұл арада ипотекалық несиенің үлесі басым ғой. Ал дамимын, байимын деген адам мұндайға мүлде жоламауы тиіс. Ипотекалық несие амалы жоқтық жағдайында ғана таңдалуы керек, өйткені ол арада адам ақшадан «желінеді», дейді маман.

Мемлекеттен несие алуды үйрету қаржылық сауаттылыққа жатпайды

Сөз соңында қаржыгер үкіметке, сондай-ақ қалталы ел азаматтарына экономикалық мәдениетке оралатын, экономикалық психологияны өзгертетін уақыт жеткенін еске салады:

«Жақсы экономиканы бізге сырттан келіп біреулер құрып бермейді. Оны жасайтын сіз бен біз (үкімет пен ақша жасап жүрген қалталы азаматтар – авт.). Егер қазіргі экономикада спекуляция басым болса, ол сіз бен біз жасаған дүние, басқа түк те емес. Деңгейіміз осындай: төмен. Онымен дамымаймыз. Әлемдегі ең бай адам – Рокфеллер өмірі мемлекеттен несие алмаған, Нью-Йорк көшесінде жүгіріп жүріп су сатқан. Маңдай термен тапқан ақшамен көтерілген. Теміржол салған. Ақырында мұнай секторын игерген. Баю деп міне, осыны айтуға болады. Әрине, бәрі бір күнде бола қалмайды. Лондон қор биржасының тарихы 1571 жылдан басталады. Ол 1801 жылы заңды түрде жұмыс істей бастады. Капиталы алпауыт АҚШ-тың ЖІӨ көлемінен (23 трлн доллар) асып түсетін, 24-25 трлн долларды құрайтын Нью-Йорк қор биржасының жұмысы 1792 жылдан бастау алады. Демек, бізде кемшіліктермен жұмыс істейтін уақыт бар. Өзгереміз десек, өзгеріс осыдан басталса деймін. Ғылыми-экономикалық сананы сілкінтуіміз тиіс. Маңдай термен тапқан ақшасын адам шетел асырып, офшорға тығып қоймайды ғой. Сондықтан біздегі бай деп жүрген адамдарымыз шын байлар емес, олар – ұрылар. Ұрлық-қарлық, спекуляциямен ақша табу деген мидағы ойды жою қажет, сананы тазарту керек. Жоғары сыныптарда «Қаржы математикасының бастамалары» деген пән енгізу қажет. Банктен несиені қалай алуға болады, салықты қалай төлеу керек дегенді түсіндіру, осы сипатта семинар жүргізу – бұл қаржылық сауаттылыққа жатпайды. Қаржылық сауат деген бизнес-идея төңірегінде өрбуі тиіс. Онда да ғылыми-технологиялық ізденістерге, жаңашылдықтарға сүйенгенде ғана.

Қазақ елі дамиды: бізде ғылым мен білімге негізделе ашылған өнеркәсіптер көбейіп, ауыл мен қала қатар өркендеп, кең қанат жайғанда».

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар