Тіл тарихы – ұлт тарихы. Қазақ тілі ұзақ тарихи даму үдерістерін бастан кешірді. Түркітануда «орта түркі кезеңі» деп белгіленген Х-ХV ғасыр аралығын қамтитын кезең түркі тілдерінің қалыптасу, дамуында айрықша рөл атқарған маңызды дәуір. Көшпелі тайпалардың бірігуі, қыпшақтардың күшеюі, оғыздардың Еуропаға қарай ығысуы этностардың тілінде өз ізін қалдырды.
Орта ғасырлық қыпшақтар тарихын арнайы зерттеген С.Ақынжанов: «Әртүрлі тарихи деректерге қарағанда, Қазақстан даласының солтүстік аймақтарында ХІ-ХІІ ғасырларда түркі тайпаларының басында хан билігі бар қыпшақтар конфедерациясы қалыптасты» деп тұжырымдайды. Қыпшақтар ұлан-байтақ территорияны игеріп, Балқаш көлінің жағалауларындағы жазық далалардан бастап Солтүстік Кавказ таулары мен Қырым қырқаларына дейінгі аралықты мекендеді. Мафазат әл-гузз (оғыздар даласы) атауының орнына Дешті қыпшақ (қыпшақтар даласы) атауы пайда болды. Қыпшақ одағына кірген түркі тайпалары қыпшақтанып, олардың тілдері қыпшақ тіліне бейімделіп, қыпшақ тілі тұтас мемлекеттік, тіпті халықаралық тіл деңгейіне көтерілген. Қыпшақ тайпалары Қытай қорғанынан бастап Шығыс Түркістан, Алтай таулары, Орта Азия, Еділ аймағы, Алтын Орда, одан әрі Еуропаға дейін тараған.
Моңғол шапқыншылығы жаңа мемлекеттердің пайда болуына алып келгені мәлім. Еуразия кеңістігіндегі елеулі өзгерістер, әсіресе Жошы ұлысының пайда болуы Шығыс Еуропа, Орта Азия және Сібір территорияларын мекендеген көптеген халықтардың қалыптасуы мен дамуында үлкен рөл атқарды. Жошы ұлысы туралы тарихшы Әл-Омари: «Ертеректе бұл мемлекет қыпшақтар елі болған, бірақ татарлар жаулап алуынан соң қыпшақтар оларға бағынышты күйге түсті. Кейіннен татарлар қыпшақтармен біте қайнаса араласып, табиғи және нәсілдік ерекшеліктерінен жер жағдайы басым түсті де олардың барлығы нағыз қыпшақтарға ұқсап, бір атадан тарағандай болып кетті», – дейді. Кейін моңғол үстемдігі кезінде құрылған Алтын Орда қыпшақтардың негізгі Отаны болды. Бұған әлемдік тарихтан, тарихшылар еңбегінен мысалдар аз емес.
Белгілі ғалым Ә.Құрышжанов тарихи деректерге сүйене отырып, Алтын Орда халқының дені қыпшақ рулары болған деген қорытындыға келеді. Поляк ғалымы А.Зайончковский ХІІІ ғасырда түркі тайпаларының бәріне ортақ біртұтас орта түркі қалыптасты дейді. Дегенмен, осы тұтас тілдің ішінен қыпшақ, оғыз диалектілері сол дәуірде-ақ белгі бере бастаған. Саяси аренада үлес салмағы басым болған қыпшақтардың тілі Жібек жолының бойында халықаралық тіл дәрежесіне жеткен. «Кодекс Куманикус» сияқты сөздіктер қажеттіліктен туындаған. Бүгінгі қазақ тілінің арғы тамыры көне қыпшақ тілі туралы ең алғаш мәлімет берген автор М.Қашқари болатын. «Диуани лұғат ит-түрік» атты еңбегінде қыпшақ тілінің кейбір грамматикалық, лексикалық ерекшеліктерін талдап көрсетеді. М.Қашқари түркі тілдерін зерттей келе, ХІ ғасырда жеке қолданылған «қыпшақ тілі» болғандығын атап көрсетеді. Сонымен қатар, ол «қырғыз, қыпшақ, гуз, тухси, яғма, чығыл, арғу, йаруқ тайпалары – бәрі бірдей түрікше бір тілде сөйледі» деп жазады. Белгілі ғалым Н.Сауранбаев осы деректерге сүйене келіп «бұл аталған тайпалар тілдері өзара бірігіп кетіп, бірегей тілге айналған да, ортасынан бір топтан қыпшақ тілін шығарған» дейді. Шынында да ХІІ ғасырларда қыпшақ тайпаларының салмағы саяси аренада арта түскен. Қыпшақтардың мемлекеттік одағына әр алуан тайпалар біріктіргені белгілі. Осыған қарап, қыпшақ тілі аралас тіл болды деу негізге келеді.
М.Қашқари түркі тілдерінің лексикалық ұқсастықтарын айта отырып, олардың дыбысталу жүйесіндегі кейбір айырмашылықтарды ашып көрсеткен. Ол қыпшақ тілінің мынадай басты фонетикалық ерекшеліктерін назарға ұсынды: й дыбысының орнына дж(ж) дыбысын қолданады: йанджу емес джанджу (шуда); ш дыбысының орнына с дыбысын айту: талыс, қысыр; д дыбысының орнына т дыбысын қолдану: дәуә емес тәуә (түйе), бүгде емес бүкте (қанжар); д дыбысының орнына й дыбысын қолдану: қадық емес қайық; ғ дыбысының айтылмай түсіп қалуы: чумғақ емес чумуқ (шымшық торғай, қара торғай), тамғақ емес тамақ.
Демек, ХІ ғасырдың ортасында қолданылған қыпшақ тілінің фонетикалық негізгі көрсеткіші – дж(ж), с, т, й дыбыстарының қолданылуы мен ғ(г) дыбысының айтылмай түсіп қалуы болып отыр.
Осы фонетикалық ерекшеліктер бүгінгі қазақ тілінде сақталған. Қазақ тілі байырғы қыпшақ тілінің заңды жалғасы деуімізге бұл да септігін тигізері сөзсіз.
«Ұлттың ұлт болуына бірінші шарт – тіл», – деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, Қазақ хандығы құрылған тұста оған қызмет еткен қазақ тілі де өсіп жетілген болатын. Аз уақытта қыранның қанаты талатын кең даладағы жартылай көшпелі қауымды бір мүдде, бір мақсатқа жұмылдыра алатын құдірет ғасырлар бойы қалыптаса келіп, бір тұтас ұлт тілі ретінде тарих сахнасына шықты. ХV-ХVІІІ ғасырлардағы жыраулар поэзиясында әдеби тілдің дәрежесін білдіретін көркем, айшықты сөз орамдар көптеп кездеседі. Мұның өзі ауызша әдеби тілдің тамыры тым әріде жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар, осы әдеби тілдің бір ұшы көне түркі дәуірінен үзілмей келе жатқан түркілік жазба әдеби дәстүрде болса керек. ХІV ғасырда, Алтын Орда дәуірінде жазылған жазба ескерткіштер тіліндегі қыпшақтық белгілер, қазақы таным-түсінігі көрініп тұрған тұрақты тіркестер, сөз жоқ нақты дәлел бола алады.
Орта ғасыр жазба жәдігерліктері өз дәуірінің бүкіл тілдік сипатын қамти алмаса да, тұрақты тіркестер арқылы көптеген қазаққа ортақ мәдени-танымдық ақпараттар бере алады. Мәселен, «Біліг қамчысыны елгә алыб» – «Білім қамшысын қолға алып». Осы сөйлемдегі «біліг қамчысы» фраземасы қазақы ой түсініктен хабар береді. Қамшы – жарау атты көшпендінің кейде жауына сілтейтін бас қаруы. Қамшысыз ат үстінде күн көру қиын. Автор қамшы сөзін біліг сөзімен қосақтап «ақыл-ойдың ұшқырлығын, өткірлігін» айтып отыр. «Білімдінің беті жарық, білімсіздің беті шарық» екенін қамшы арқылы береді. Кезінде ұлы Абылай хан халқына «Білектің заманы кетіп, білімнің заманы келе жатыр, әзірмісің әлеумет!» дегенде осындай «білімділікті» айтып отыр.
Тағы бір дерекке жүгінейік: «Зулум қамчысы кетті әрсә елдін» «Зұлымдық қамшысы кетер болса қолдан». Осы сөйлемдегі зулум қамчысы тұрақты тіркесі де қамшы сөзіне орайлас жасалған. Мағынасы «қаталдық, озбырлық, жауыздық». Көн садақты дос етіп, көк дауылды ат еткен көшпенді жауына он екі өрме, бұзау тіс дырау қамшы сілтеп тәнін жаралап, жанын тәубеге келтірсе, енді бір жуан топ оны әлсізге күш көрсету үшін де қолданған. Жоғарыдағы тұрақты тіркестерге ұйытқы сөз болып тұрған қамшы қазақтың бүкіл тұрмыс-тіршілігіне тән мәдени мұраның атауы.
Қазақ топырағында аңшылықтың тұзақ құру, қақпаншылық, мергеншілік, ит жүгірту және саятшылық сияқты түрлері бар. Қазақ тілінің сөздік құрамында аңшылық өнерге қатысты лексика өте мол. Академик Ә.Марғұланның айтуынша, тек саятшылыққа байланысты туған мың жарымдай сөз (халықтық термин) бар екен. Құс салу тұрақты тіркесі қазақтар мен ортағасырлық қыпшақтарға ортақ этнографизм. Міне, осындай этномәдени ақпаратты бойына сақтаған тұрақты тіркестер ұлттың дүниетанымын, жүріп өткен тарихын көрсетеді. Тіл – ұлт – мәдениет үштігінің ажырамас сабақтастығын білдіреді.
Академик Ә.Қайдаров мынадай келелі пікір айтады: «Этностың басып өткен сан ғасырлық даму жолы, оның белгі-бейнелері біздерге тас мүсіндер мен жартастарға қашалған сына жазулар арқылы, мәдени ескерткіштер мен әртүрлі ғимараттар түрінде жетуі мүмкін. Бірақ, бұлардың бәрі этнос өмірінің мың да бір елесі ғана. Оның шын мәнісіндегі даналығы мен дүниетанымы тек тілінде ғана сақталады. Әрбір дәуірде өмірге қажет болған құрал-сайманның, қару-жарақтың, киер киім мен ішер тамақтың, тұрмыстық заттар мен салт-санаға, әдет-ғұрып, наным-сенімге, ойын-күлкі, той-томалаққа байланысты ұғымдардың аты-жөні, сыр-сипаты, т.б. тек тіл фактілері ретінде ғана, яғни жеке сөздер мен сөз тіркестері, фразеологизмдер мен мақал-мәтел арқылы ғана бізге жетуі мүмкін», дейді. Яғни, тіл арқылы халықты танимыз. В.Фон Гумбольдтің «Тіл – халық рухының, оның танымы мен менталитетінің көрінісі», деген концепциясына сүйенген антропологиялық тіл білімі қазақ топырағында да даму үстінде. Тіл мен мәдениетті сабақтастырған этнолингвистиканың негізін қалаған академик Ә.Қайдаров болса, бұл сала Р.Сыздықова, Е.Жанпейісов, Ж.Манкеева еңбектерінде жалғасын тапты.
Түптеп келгенде тіл – этностық өзіндік сананы туғызады да этностың даралануына, тұтастануына алып келеді. Этностық өзіндік сана этностық қауымдастықты сақтап, дамытады. Қауымдастықтың басқаларға ұқасамайтын өзіндік ерекшелігі бар екенін көрсетеді. Ұлттың қалыптасуында тіл басты этностық құндылық. Қоғамда болатын саяси тартыстар, өзгерістер, әртүрлі шиеленістер, өтпелі кезеңдер тұсында халықтың есін жинайтын, сыртқы күштерден қорғанатын ең соңғы ұясы – ұлт. Бір тілде сөйлеп, бір дәстүрде өмір сүріп, бір табақтан ас ішетін кез де осы сәт. Түрік ойшылы Зия Көкалып: «Ұлт дегеніміз тіл, дін, мораль және барлық көркемөнер салалары тұрғысынан ортақ, яғни бірдей тәрбие алған адамдардан тұратын бірлестік», – деп анықтама береді.
Татарстан Республикасында 1994 жылы «Сізді өз ұлтыңыздың адамдарымен не жақындастырады?» деген сұрақ қою арқылы этностық-әлеуметтік сауалнама жүргізілген. Этностық даралану компоненттері ретінде тіл, мәдениет, салт-дәстүр, туған жер, табиғат, дін, тарихи ортақ тағдыр, мінез, психология, ортақ мемлекеттілік, сыртқы бет-пішін ұсынылған. Сауалнамаға қатысқан адамдардың 76,9 пайызы тіл деп көрсеткен. Тіл – ұлттың ең бірінші, ең қасиетті сипаты, халықтың ғасырлар бойы жинаған рухани қазынасының жиынтығы. Тіл мен ұлт – біртұтас. Көне тарихи ақпарат, мәдениет, салт-дәстүр кейінгі ұрпаққа тіл арқылы жетеді, тіл ұлтты тұтастандырады, ұйыстырады, басқалардан ерекшелейді, тәрбиелейді, кейінгі ұрпақпен сабақтастырады, жалғастырады, өркеніңді өсіреді.
Күні кеше Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының сессиясында Елбасы қазақ тілінде баяндама жасап ана тіліміздің абыройын асқақтатты. Әлем құлағы қазақтың қоңыр үнін, әуезді дыбыс жүйесін естіді. Ұлтымыздың, елдіктің негізгі белгісі тіл екенін көрдік, басқаларға көрсеттік, тәубе дестік. Ұлы мереке тұсында, яғни Қазақ хандығының 550 жылдығында ұлы тіліміздің мерейін өсірдік, абыройын асырдық.
Мұрат САБЫР,
Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры.
Орал.
Дереккөз: Егемен Қазақстан