Ғылыми конференция ғибраты
Қазақ хандығының ғасырлардан жеткен шежірелі тарихының жас ұрпақ үшін ғибраты өте мол. Көшпенділер дәуірінен тамыр тартқан ел тарихы бүгінгі төрткүл дүниеге танылған тәуелсіз Қазақстанның жасампаз мемлекетке айналуымен ұштасып жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты «Қазақ хандығы бұдан бес жарым ғасыр бұрын ғана шаңырақ көтерсе де Еуразияның ұлы даласында орнаған арғы дәуірдегі сақ, ғұн, үйсін мемлекеттерінің, бергі замандағы Ұлы түрік қағандығы, Дешті Қыпшақ пен Алтын Орда мемлекеттерінің заңды мұрагері болды», деп орынды бағасын берді. Ұлы дала елі – тәуелсіз Қазақстанның мемлекет ретінде қазық қағуының бастауы бола алған Қазақ хандығының 550 жылдық тарихына әлем ғалымдары да ерекше назар аударып отыр.
Атырау облысының әкімдігі мен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің бірлесе ұйымдастыруымен өткен «Қазақ хандығынан – Егемен Қазақстанға» тақырыбымен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда өз зерттеулерін ұсынды. Олардың қатарында Әзербайжан, Ресей, Индонезия, Франция, Қытай және Үндістаннан қатысқан жетекші ғалымдар бар. Әрине, конференцияда отандық ғалымдарымыз да, соның ішінде Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, профессор Хангелді Әбжанов, «Отырар» кітапханасының директоры, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жұмабек Бұсырманов, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі Светлана Ананьева, «Мәдени мұра» бағдарламасының тарихи мәселелер бойынша сарапшысы Саттар Мәжитов және Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының директоры Мұрат Сыдықов ғибратқа толы тұшымды баяндамалар жасады.
– Қазақ хандығы жайдақ жерде құрылған жоқ. Хандық заманға дейін де Еуразияның жон арқасын қоныстанған бабаларымыз батыста Византия, Рим империяларымен, шығыста Парсы, Қытаймен терезесі тең көрші болып, үстемдік етіп дәурендеген дәуірлер де болған. Көне түркі заманында бұл жер шығысты батысқа, батысты шығысқа қосып, Ұлы Жібек жолы атты экономикалық-логистикалық белдеуге айналды. Бүгінгі күннің басты термині – жаһанданудың іргесі байтақ даламызда қаланды десек, артық айтқанымыз емес. Ұлы Дала халқының екінші дәурендеуі – «қазақ» деген этнонимнің төңірегінде топтасып, Қазақ хандығын құрумен байланысты. Қазақтың алғашқы он төрт ханының жетеуінің жорықта қаза тапқанын ескерсек, елдікті сақтап қалудың оңай болмағанын байқаймыз. Бүгінге үлкен ұлағат қалдырып, ішкі-сыртқы себептерге байланысты хандықтың дәуірі де өтті. Түркі заманынан есептесек, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанымыз – Ұлы Даланы мекен еткен халықтың үшінші дәуірлеу кезеңі, – деді халықаралық конференцияны ашқан облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов.
Халықаралық конференцияда Қазақ хандығы тарихына қатысты баяндамаларда тарихи оқиғалар мен деректер, тарихи тұлғалардың қайталанбас рөлі туралы орынды пікірлер айтылды. Мәселен, белгілі шығыстанушы, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, профессор Әбсаттар қажы Дербісәлінің айтуынша, Қазақ хандығының құрылуын баяндаған ең негізгі жазба деректің авторы ретінде 1499-1551 жылдары өмір сүрген Мұхаммед Хайдар Дулатиді айтуға болады. Өйткені, ол өзінің «Тарих-и-Рашиди» деп аталатын еңбегінде ХIV-XVI ғасырларда Орталық Азия аумағында өмір сүрген халықтар мен олардың мемлекеттері туралы тарихи-этнографиялық, географиялық сипатта мол мағлұмат жазып қалдырған.
Бұл деректі Дели университетінің профессоры, Индира Ганди атындағы өнер орталығының ғылыми жетекшісі Мансура Хайдардың пікірі де қуаттай түседі. Ол бүгінгі заманғы қазақ ұлтын қола дәуіріндегі қазақ этногенезі ретінде қалыптаса бастаған деп есептейді. Ал ұлт ретінде атауды XV ғасырдың II жартысында алғанына назар аударды. Бұған дәлел ретінде Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и-Рашиди» еңбегінде жазылғанын алға тартады. «Қазақ халқының талассыз тамыры берік құндылықтарына сүйсінемін, диалектісіз қуатты қазақ тілін, оның таза табиғатын жоғары бағалаймын», деген Үндістан ғалымы өзі еңбек ететін университетте қазақ тіліндегі үйірменің жұмыс жасай бастағанына тоқталды.
Ал Ресей Ғылым академиясы жанындағы Ресей тарихы институтының бас ғылыми қызметкері Найля Бекмаханова Қазақ тарихының бастауын тым тереңнен зерттеу қажеттігіне тоқталды. «Кезінде тарихымызды объективті зерттеу болмады. Соғыс, өзге де күрделі кезеңдерді бастан өткерген қазақ жерінде зерттеу жүргізуге толық мүмкіндік те, оқулық та болған жоқ. Енді, міне, сол себептен, Ермұхан Бекмаханов бастаған зерттеушілердің жолын жалғастырып, тарихтың маңызды сәттерін зерттеп, халыққа жеткізу жолында жапа шеккен тұлғалардың аманатын орындаумыз қажет», деп ой түйген Н. Бекмаханованың пікірімен Ресейдің тағы бір ғалымы, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Азия және Африка елдері институтының профессоры Михаил Мейердің де көзқарасы ұштасып жатыр. «Біз қазақтың тарихын көп білмедік. Енді, міне, Ұлы Дала елінің тарихының сырына қанықтым. Жалпы, осы секілді тарихи мерекелерді тойлаудың маңызы зор. Әлі де зерттеле түссе, Қазақ хандығына 550 жыл емес, одан көп болуы мүмкін», дейді Ресей ғалымы.
Қазақ хандығының тарихы Франция ғалымдарын да қызықтырады екен. Париждегі Шығыс тілдері және өркениеттері ұлт институтының профессоры Пужоль Катриннің пікірінше, қазақтың тарихы XIX-XX ғасыр зұлматтарынан аман өткендігімен ерекшеленеді. Қаншама қиындықты бастан өткерсе де жойылып кетпей, ұлт ретінде сақталып қалғандығымен дараланады. Ол: «Қазақтың өткені өзге елдердің тарихынан мемлекетті адами және аумақтық ресурстармен басқаруы таңдандырады. Мұндағы сансыз петроглифтер де, тарихи ескерткіштер де Ұлы Даланың қайталанбас кітапханасын қалыптастырып, Қазақ елінің тарихын қуатты ете түседі» десе, осы елдің және бір ғалымы, Пуатье университетінің профессоры Патрис Нодэн: «Қазақ – текті халық. Бұл халық жаугершілік заманда да, бодандық пен түрлі қиын-қыстау кезеңде де мойымады. Қазақтың қанындағы бір ұлы қасиет – тарихқа деген құрмет, ұлттық құндылықтарға деген сыйластық. Бұл Ұлы Дала елінің дарқандығынан-ау деп ойлаймын», деп ағынан жарыла пікір білдірді.
Сарайшықта шертілген сыр
Қазақ хандығының 550 жылдығы туралы айтқанда Сарайшықтың тарихын айналып өтуге болмайды. Өйткені, қазақ даласындағы ежелгі Сарайшық қалашығының әлі ашылмаған тылсым сырлары көп. Сарайшық тарихи-мемориалдық кешенінің директоры Молдаш Бердімұратов халықаралық конференцияға қатысушыларға ежелгі қалашықтың тарихы туралы әсерлі әңгімелеп берді. Оның айтуынша, мұнда жеті хан жерленген. Ежелгі қалашықтың тарихы шетел ғалымдарын ерекше қызықтырады. Әсіресе, қаланың инфрақұрылымының ерекшелігі, археологиялық қазба орнынан табылған тарихи жәдігерлердің сыры әлі толық ашыла қоймаған секілді көрінеді. Ұлы Жібек жолының бойындағы ежелгі қалашыққа бірнеше сауда керуендерінің тоқтағаны да дәлелденіп отыр.
Сарайшықта Қазақ хандығынан арна тартқан халқымыздың тарихын паш ететін көрме ұйымдастырылды. Соның ішінде қолөнер шеберлерінің ежелден келе жатқан үрдісті бүгінгі ұрпаққа мирас еткен ісмерлігі назар аудартады. Көрмеде ұлттық құндылықтарға баланатын домбыра, бесік, қамшы, ою-өрнектермен өрілген ұлттық нақыштағы туындылар да жұртшылықтың ықыласын туғызды. Ал «Сарайшық сыр шертеді» атты театрландырылған көріністе Қазақ хандығының тарихынан, сол дәуірдегі өмірден сыр шертер көрініспен бастау алды. Жұртшылық алдына Қазақ хандығының бастауында тұрған Керей мен Жәнібек бастап, қазақтың жеті ханы шықты. Қазақ хандарының келбеті келісті сомдалыпты. Қазақтың үш биі –Қазыбек би, Төле би, Әйтеке би шараға жиналған жұртшылыққа бата берді.
– Сарайшықта жерленген жеті хан – біздің үлкен тарихымыздың жалғасы. Бұл ата-бабадан аманат болып қалған жер бүгінде шекарамен шегенделіп, мыңдаған шақырым жолдар, жүздеген әлеуметтік нысандар бой көтеріп, адамдардың заманауи өмір сүруіне барлық жағдай жасалып отыр. Бүгінгі Қазақстанның Ұлы Даласы байлыққа толы. Ол дамып, өркендеуде. Қазақстан халқы бүгінде жарасым мен келісімде өмір сүруде, – деді Сарайшықтағы салтанатты шараның ашылуында облыс әкімінің орынбасары Ш.Мұқан.
Мұнда өнер шеберлері қазақ әндерін әуелетті, қоңыр домбыра шанағынан күмбір-күмбір күй төгілді.
Дереккөз: Егемен Қазақстан