Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ғасырлар сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамбльдердің ІІ халықаралық дәстүрлі музыка фестиваль-байқауы үлкен табыспен өтті. Қазақстанның барлық облыстарынан және түркі тілдес елдердің 41 этно-фольклорлық ансамблі қатысқан дәстүрлі өнер додасында фольклорлық күйлер тартылып, көне аспаптарда жеке шығармалар, ән мен термелер орындалып, үш күн бойы ару Алматыны халықтық әуезге бөледі.
Алматы қаласы әкімдігі және мәдениет басқармасының қолдауымен, «Алматы әуендері» концерттік ұжымының ұйымдастыруымен өткен игі шараның мақсаты – халқымыздың дәстүрлі музыкалық мұрасын насихаттау, қазақ этно-музыкасы классикалық өнер екендігін дәйектеу, жастарды сирек кездесетін ұлттық музыкалық аспаптармен таныстыру арқылы ұлттық рухани құндылықтарды қастерлеуге, құрметтеуге тәрбиелеу. «Ғасырлар сазы» фестиваль-байқауының ұйымдастырушысы, «Алматы әуендері» концерттік бірлестігінің директоры Бағдат Тілегеновтің айтуынша, ұлттық музыканы жандандырып, насихаттауда музыка фестивалі алғаш рет 2011 жылы қолға алынып, өнер додасына республика көлемінде 28 ансамбль қатысса, биылғы жылы оның ауқымын кеңейтіп, түркі тілдес елдердің де этно-фольклорлық ұжымдарын шақырып, халықаралық деңгейге көтерген.
Бір айта кетерлігі, фестивальдың қазылар алқасы құрамының әлем сахналарында өнер көрсетіп жүрген көрнекті қайраткерлер мен танымал тұлғалардан және белгілі музыканттардан құралғандығы. Олар Ыстамбұл консерваториясының профессоры Жихан Юртчи, РФ-ның еңбек сіңірген әртісі, Башқұртстанның халық әртісі Рамил Гайзуллин, Өзбекстанның халық әртісі, дирижер Фарух Садықов, Қырғызстанның халық әртісі, Қырғыз ұлттық консерваториясының ректоры, профессор Мұратбек Бегалиев, қобызшы-профессор Базархан Қосбасаров, белгілі дирижерлер Жамағат Темірғалиев, Жалғасбек Бегендіков сияқты өнер майталмандары.
Қазылар алқасымен өткен баспасөз мәслихатында Қырғызстаннан келген профессор Мұратбек Бегалиев: «Қазақстанда өтетін фестиваль-байқауды зор қуанышпен қабылдап, қазақ ағайындар Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлап жатыр деген соң, шашбауларыңызды көтеріп, сол шараға біз де үлес қосайық деп асыға келдік», десе, түрік кардаштарының атынан профессор Жихан Юртчи айтулы шараға түрік халқының атынан өнер көрсетуді өзіне үлкен мәртебе санайтынын, өзінің түркі тілдес елдер арасындағы осындай фестивальға үшінші рет қатысып отырғанын, қашанда өз әріптестеріме мұндай байқаулардың өзге халықтардың музыкасын біліп, тыңдап, бағалау зор маңызды екенін Қазақтың ұлт аспаптары мұражайында болып, онда ұлттық музыка аспаптарының соншалықты көп екеніне көз жеткізіп, таңғалғанын, алдағы уақытта Түркияда осындай фестивальдың өтуіне атсалысатынын жеткізді.
Сонымен, алғашқы күні фестиваль шымылдығы «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамбльдің орындауында Жалдыбайдың «Қара жорға» күйімен ашылып, театрландырылған қойылым қойылды. Қатысушыларды Алматы қаласы Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Мамай Ахет құттықтап, егемендіктің арқасында бодандығымыз ұмыт болып, бүгінгі таңда әлем жұртшылығына өз тілімізбен, өз мәдениетімізбен құнды екенімізді сезіне бастағанымызды, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтіп отырғанымыз да Тәуелсіздіктің тартуы екенін тілге тиек етсе, Қазылар алқасының төрағасы Базархан Қосбасаров қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Халқымыздың өнер саласындағы шоқтығы биік бір мақтанышы – ұлттық музыкалық аспаптар. Бізде 5 мыңнан аса күй, 12 мыңға жуық ән бар екен. Бұл – қазақ әншілік және күйшілік өнерінің сан ғасырлық тарихы бар екендігінің бірден-бір айғағы. Өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап қазақ музыка аспаптарын зерттеу, ұмыт бола бастаған түрлерін қайта қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Бұрын-соңды жас буын толық біле бермейтін, ал қай-сыбірінің аты еміс-еміс есте қалған аспаптар қайта тіріліп, тұрақты орнын тапты. Түрлі ансамбльдер мен оркестр құрамы да қайта жаңғырды. Ендеше, фестивальдың мақсаты – ансамбльдер жоғарыда айтқан асыл мұраларымызды бүгінгі күні қай деңгейде, қалай іске асырып жүр? Қандай жетістіктеріміз бар, мүлт кетіп жатқан тұсымыз қайсы? Осы кемшіліктерді бір-бірімізден көріп түзесек, үйренсек деген ниет. Меніңше, бұл байқау халық аспаптары ансамбльдерінің тойы дер едім, – деді Базархан Әбуұлы.
Кеш барысында қазақстандық әншілермен бірге Башқұртстанның халық әртісі Рамил Гайзуллин сыбызғыда қазақтың халық әні «Бүлдіргенді», профессор, кавалшы Жихан Юртчи Манарбек Ержановтың әні «Сайра бұлбұлды», Қырғызстанның еңбек сіңірген әртісі Бақытбек Шөтенов қазақтың халық әні «Жариям-айдайды», «Эль Канто» тобы «Ауылың сенің іргеліні» құйқылжыта орындады.
Байқаудың екінші күнінде сайыс басталып, үміткерлер өз өнерлерін паш етуге мүмкіндік туды. Олардың жас ерекшелігіне шектеу қойылмағандықтан, мектеп оқушыларынан бастап, есімі елге белгілі өнер иелері, жас ансамбльдер бақ сынасты. Байқау өте тартысты өткендіктен, қазылар алқасына жүзден жүйрігін таңдау оңайға соқпады. Бірақ, алдыңғы фестивальға қарағанда ансамбльдердің қай жағынан да деңгейі анағұрлым өскендігі атап өтілді. Әсіресе, шетелдерден келген қазылар алқасының мүшелері таңданыстарын жасырмады.
– Мұндай ауқымды фестиваль Қазақстанның музыка саласындағы маңызды оқиға деп білемін әрі мұндай кең көлемдегі шараның халықтық музыкасы тереңнен тартатын елде өткізілуі қандай ғанибет, – деді Өзбекстанның халық әртісі, дирижер Фарух Садықов.
Сонымен, үш күнге созылған өнер бәйгесі өз мәресіне жетіп, 11 өнер ұжымы – Түрік халық аспаптар ансамблі, «Дидар», «Сүйінбай сазы», «Әлқисса», «Ақжарма», «Нава», «Алер», «Сарын», «Адырна», «Арайлы Ақтөбе», «Қамбархан» фольклорлық-этнографиялық ансамбльдері жеңімпаз деп танылып, фестивальдың лауреаты атанса, одан бөлек Ахмет Жұбанов, Болат Сарыбаев атындағы және Алматы қаласы әкімдігінің сыйлықтары табыс етілді. Гала-концерт лауреат атанған ұжымдардан жинақталған оркестрдің орындауында Түркештің «Көңілашарымен» ашылып, Жамағат Темірғалиев, Фарук Садықов, Жалғасбек Бегендіковтің дирижерлігімен «Адай», «Балбырауын», «Сарыарқа» күйлерін екпіндете, шалқыта орындап шықты.
Дереккөз: Егемен Қазақстан