Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Мәжіліс депутаттары Виктор Рогалев пен Серік Сейдуманов «Еуразиялық экономикалық перспектива» атты халықаралық форумға байланысты журналистердің алдында өздерінің ойларын ортаға салды.
Бұл форум Қазақстан Парламентінің төменгі палатасы мен Ресей Мемлекеттік Думасының бастамашылдығымен өтіп отыр, деді алдымен сөз алған Виктор Рогалев. Қарап отырсаңыздар, бұл – жақсы қабылданып отырған қызықты жоба. Мен оның бірінші форумынан бастап қатысып келе жатырмын. Алғашқы форум Минск қаласында өткен еді. Одан кейін Арменияда, одан әрі Ресейдің Санкт-Петербург қаласында ұйымдастырылды. Бүгін, міне, төртінші форум өтіп, онда еуразиялық экономикалық дамудың болашақтағы перспективалары талқыланды. Мұнда біз тоғыз ай бойы өмір сүріп отырған Еуразиялық экономикалық одақтың ғана емес, «Жібек жолы» экономикалық белдеуінің» де даму перспективалары қарастырылуда. Бүгін ол туралы Қытайдың өкілдері де, басқалар да өз ойларын ортаға салды. Жиырмадан артық сөйлеген шешеннің арасында әріптес елдер парламенттері палаталарының спикерлері де болды. Соның ішінде Мемдуманың төрағасы Сергей Нарышкин, Тәжікстан Парламенті төменгі палатасының төрағасы Шукурджон Зухуровты айта кетуге болады.
Осыдан әрі Виктор Рогалев осы форумның тікелей өзін қызықтырған және ой туғызған бір жайттарына тоқталды. Сіздер білесіздер, бір кездерде өз заманының ең күшті әскерлеріне қолбасшылық жасаған парсының Кир патшасы Ұлы Даланы шауып алуға келген еді. Сол кезде Томирис патшаның төңірегіне шоғырланған Ұлы Даланың ержүрек ұл-қыздары жауды жайратып салып, өз жерлерінен қуып тастаған. Бұл арасына сына түспеген бірліктің арқасында қол жеткізілген жеңіс еді. Мұны айтып отырған себебім, осыдан 21 жыл бұрын Президент Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеу Мемлекеттік университетінің оқытушылары мен студенттерінің алдында сөйлеген сөзінде түрлі саяси және экономикалық шабуылдарға қарсы бірігу керектігін айтқанын үлкен көрегендікке балап отырмын. Ол туралы бүгінгі сөзінде осы университеттің ректоры Виктор Садовничий де атап өтті. Бүгінгі күні де толып жатқан қауіп-қатерлерге қарсы біз жұдырықтай жұмылып, тығыз біріксек қана төтеп бере алатынымызға көзіміз жетіп отыр. Оны форумда сөйлеген шешендердің бәрі де айтты, деді ол.
Серік Сейдуманов форумға Қазақстан мен Ресей депутаттары мен сарапшыларынан басқа Армения, Беларусь, Қытай, Қырғызстан елдері депутаттарының делегациялары мен саясаткер, сарапшылар, бизнес-қауымның өкілдері қатысқанын еске салып өтті. Сондай-ақ, ол Еуразиялық экономикалық одақ алқасының мүшелері де қатысқанын тілге тиек етті. Форумда қабылданған қорытынды құжатта Еуразиялық экономикалық одақ пен «Жібек жолы» экономикалық белдеуінің» жұмыстарын үйлестіру туралы шешім қабылданыпты. Сөзін әрі қарай жалғастырған шешен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин 2013 жылы «Назарбаев Университетте» сөйлеген сөзінде ұсынған «Жібек жолы» экономикалық белдеуі» жобасын Қазақстан бірден қолдағанын жеткізді. Бүгінгі таңда осы бағыттағы нақты жобалар іске асырылуда, соның ішінде ұзындығы 3 мың шақырымға жақын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралінің қазақстандық учаскесі де бар. Астанада халықаралық қаржылық орталық ашу бағытындағы жұмыстар да қызу жүргізілуде. Осы жұмыстардың бәрі Қазақстан тарабының ұсынылған жобаны қатты қолдап жатқандығының дәлелі. Бүгінгі форумда сөйлеген сөздерінде көптеген шешендер де осыны айтып, Қазақстан тарапына жылы лебіздерін білдірді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы Жол» атты жаңа экономикалық бағдарламасы да «Жібек жолы» экономикалық белдеуі» жобасын дамыту жоспарларымен үйлескен. Осы үйлестірілген жобалар Мемлекет басшысының бес институттық жоспарын іске асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындауға да өзінің септігін тигізетіні сөзсіз, деді Серік Сейдуманов.
Осыдан кейін шешендер журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Дереккөз: егемен Қазақстан