Халықаралық медиа-форумдағы Қазақстан күні

/uploads/thumbnail/20170708201015411_small.jpg

Сочи қаласындағы Дагомыс шипажай кешенінде «Бүкіл Ресей» деп аталған Ресей Федерациясы Жур­налистер одағының XIX халықаралық медиа-форумы өтті. Федерацияның аймақтарында қызмет ететін мыңнан астам баспа және электронды БАҚ-тардың өкілдері осы жерде бастарын қосса, олардың арасында бас редакторлар, баспаханалардың басшылары, жетекші публицистер, сондай-ақ, Халықаралық журналистер федерациясының, Еуропа медиа құрылымдарының басшылары және БҰҰ, ЮНЕСКО өкілдері болды.

Осы беделді форум алаңында алғаш­қы рет Қазақстан күні абыроймен өткізілді. Қазақстан күнін елі­міздің Ресейдегі елшілігінің көме­гімен Ресей Журналистер одағы ұйым­дастырғанын атап кеткен абзал. Бұл іс-шараға Қазақстан Сыртқы істер ми­нистрінің бірінші орынбасары – ЭКСПО-2017 көрмесінің комиссары Рәпіл Жошыбаев, Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің кеңесші-уәкілі Ер­лан Байжанов, Астана қаласы әкі­мінің кеңесшісі Михаил Чирков, Қазақстан Инвестициялар және даму министрлігінің, «Бәйтерек» ҰК-нің, Ш.Айманов атындағы «Қазақ­фильм» киностудиясының, «ЭКСПО-2017» дирекциясының, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің өкілдері және бірқатар белгілі отандық БАҚ-тардың басшылары қатысты.

Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің кеңесші-уәкілі Е.Байжанов «Бүкіл Ресей» медиа-форумында Қазақстан күнін ашу сөзінде «Еуразиялық эко­номикалық одақ құру үдерісінде Бір­­тұтас экономикалық кеңістік секілді бірлескен ақпараттық кеңістік өте қажет болып отырғанын айтып өтті. «Оны қайтадан қалыптастыру қажет емес, өйткені, біз әркез барлық­тары­мызға ортақ Еуразия аймағының ақпа­раттық бірлестігін сақтай біл­генбіз», – деді ол.

Қазақстандық дипломат Ресей жур­на­­листеріне «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, «Нұрлы Жол», т.б. мем­­ле­­кетіміздің стратегиялық даму бағдар­ламаларының негізгі ережелері туралы және түрлі саладағы Қазақстан-Ре­сей ынтымақтастығы жайлы айтып берді.

Р.Жошыбаев өз сөзінде ең алдымен, еліміздің елордасында ЭСКПО-2017 дүниежүзілік көрмесі өтетінін және оған дайындық жұмысының барысы туралы хабардар етті. «Көрме Орталық Азия және ТМД аумағында тұңғыш рет өтпек, және расында, бұл оқиға осы өңірде баламалы және жаңғыртылатын энергия көздерін әзірлеуге және пайдалануға қуатты серпін береді, әлемдегі ең үздік технологияларды көрсетуге мүмкіндік жасайды және энергетикалық тиімді бағдарламаларды ілгерілетуге кө­мек­теседі», – деді «ЭКСПО-2017» комиссары.

Р.Жошыбаевтың айтуынша, Қа­зақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2011 жылы XXI ғасырдағы тұрақты даму энергия-экологиялық жаһандық стра­тегиясы ұсынылды, ал 2012 жы­­лы «Жасыл көпір» деп аталған серіктестік бағдарламасы жарияланды. Министрдің бірінші орынбасары аталған бағдарлама БҰҰ-ның «барлық адамзат үшін тұрақты энергетикасы» бастамасын іске асыруға еліміздің қосатын маңызды үлесі болатынын мәлімдеді.

М.Чирков өз сөзінде елордамызда өтетін дүниежүзілік көрмеге дайындық жұмыстарына назар аударып, осы орайда, Астана қаласының қарқынды даму барысының статистикалық көр­сеткіштерін көлденең тартты: «1998 жылдан бері қала аумағы үш есе өсіп, қазір 72,2 мың гектар жерді алып жатыр. Қала тұрғындарының саны да үш есе көбейіп, 850 мың адамнан асты. Ішкі аймақтық өнім 772,7 млн. АҚШ долларынан қазір 22 млрд. АҚШ долларына дейін ұлғайды. Бұл – 28 есе өсім деген сөз!», – деді ол.

М.Чирков, сондай-ақ, Астана қала­сының әлемнің ең дамыған саламатты қалаларының қатарына кіруге бағытталған жұмыс жос­пары­мен де бөлісті. Ол ресейлік журналистерді «2017 жылды күтпей-ақ, өз көздеріңізбен келіп көріп кеті­ңіздер», – деп елордамыз Астана қаласына шақырды.

Кездесу барысында Қазақстан мен Ресей журналистері өзекті кәсіби журналистік тақырыптар бойынша жан-жақты пікір алмасты. Н.Мұха­меджанова «Қазақстан» телеарнасын мысалға келтіріп, елімізде электронды БАҚ-тардың бүгінгі жай-күйі туралы және Ресейдің бар­лық федералды телеарналарының Қазақстанда көрсетілуі еліміздің ақпараттық кеңістігі ашықтығының белгісі екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол ресейлік әріптестерін одан әрі қарайғы ынтымақтастыққа шақырды.

«Астана ақшамы» елорда басылымдары холдингінің директоры С.Кузовников өз кезегінде биыл 25 жылдығын тойлайтын ақшам­дықтардың жұмыс тәжі­рибесімен бөлісті. Кездесу барысында ол екі ел­дің қалалық басылымдары арасында жүйелі, тәжірибелі ақпараттық ынтымақтастық орнатуға ниет біл­дірді.

Кездесудің соңында Қазақстан және Ресей журналистер одақтарының өкілдері құрмет грамоталарымен алмасты.

Қазақстан күні бағдарламасының екінші бөлігі шеңберінде «Еуразияның аксиомасы: салт-дәстүрлер және қазіргі кезең» атты сессия ұйымдастырылды. Онда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін таныстыру рәсімі мен «Тек Жібек жолы ға­на емес: Қазақстанның туристік бағыт­тар палитрасы» атты сессия өтті. «Қазақфильм» киностудиясы форум қонақтарына Болат Нүсіпбековтің «Шәкен Айманов: адам және аңыз», Ермек Тұрсыновтың «Шал» және осы секілді соңғы жылдары шыққан бірқатар танымал фильмдерді үлкен экранда көрсетті.

Медиа-форумдағы Қазақстан күнін аяқтай келе, Ресей Федерациясы Журналистер одағының төрағасы Всеволод Богданов қазақстандық әріп­тестеріне «мазмұнды қатысулары үшін» алғысын айтты және осындай кездесулерді мүмкіндігінше жиі өткізуді ұсынды. «Мәскеудегі Ресей Журналистер одағының есігі сіздер үшін әрқашан ашық», – деп түйіндеді сөзін Ресей Журналистер одағының басшысы.

Дереккөз: егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар