Кеше кешкісін Америкадан ағатайым қоңырау шалды. Ағатайым деп отырғаным – алты алаштың абызы,данышпан жазушы Мұхтар Мағауин көкем. Сексеннің сеңгіріне шыққан семсер тілді жазушының бозбала кезімнен көкейіме қонақтаған қоңыр дауысы мұхиттың арғы шетінен қыранның үніндей саңқылдап шықты. Шыны керек, ағамызды біз де сағынып қалыппыз, ағамыз да біздей бауырларын сағынғаны сөз ләмінен сезіліп тұрды. Сәтін салғанда байланыс жүйесі оңтайлы болып, көкемнің үні дәл қасымда тұрғандай бөгетсіз естіліп, ой тиегін ағытқан ағатайым ақтарыла сөйлеп, алғаусыз сыр шертті. Қазақ халқының қазіргі көкейкесті мәселелері, рухани хал ахуалымыз, өзінің шығармашылық жоспары, жарық көрген 26 томдық шығармалар жинағы, Шыңғыс хан, Жошы ұлысы тауарихын жаңғырту төңірегінде толғамды ой-пікірлерімен бөлісті. Ағамыз қазіргі уақытта жоспарлы ем-шара қабылдап жүрген көрінеді. Жазу-сызу он бес күндей аялдап тұрғанын айтты. Ағамыз кезекті үлкен жұмыс, өнер жолындағы жаңа жорықтар алдында сәл дамылдап, денсаулығын тыңайтып, күш-қуат жинап, баптанып отырған сыңайы байқалады. Бір байқағаным, қашан да қалың елінің, қаймана қазағының буырқанған өмір-тіршілігіне немқұрайлы қарамайтын жанашыр һәм жанкүйер М.Мағауинге тән қырағылық, сергектік пен сезімталдық алып мұхиттың арғы жағында отырғанымен сәл саябырламаған, керісінше күшейе, үдей түскен секілді. Қыран М.Мағауин біздегі құмырсқаның қыбырын, шіркейдің ызыңын да сергектікпен қадағалап үн қатқанына қайран қалдым.
Пікір қалдыру