“Ұлы қазақтың” тағдырынан тарыдай сыр

/uploads/thumbnail/20250319120433664_big.webp

"Дүкенге қарыз болып қалып едік... Дулатымның оқуын төлеу керек еді... Айбатым ауырып қалып еді... Жеңгеңе азық-түлік апару керек... Кітабымды шығаруға бір кісімен сөйлесейін деп едім, жолға қаражат болмай тұр...". Мен көрген Болат аға табиғи таланты, дара дарыны қанша бай болса, қу дүниеге сонша кедей болды... Бір ұлттың Ұлы ғалымын сұрқылтай заман сонша «сұраншақ» етті. Он жылдай қолдан келген көмектің бәрін жасағанмен, азын-аулақ тиын-тебен үлкен отбасының қай жыртығын жамасын?! Кейде телефон көтермей қоямын. Кездескенде «Аға, менің өзімде ештеңе болмай тұр... Сізге жауап беруден де ұяламын» деймін. «Ой, ақша бермесең де, жай ғана телефонды алшы. Саған айтсам да жеңілдеп қаламын ғой» дейді мұңлы көзімен күле қарап. 

Қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпын әлемге паш етер теңдесі жоқ шағын қалашықтың ғаламат жобасын жасады. 3D нұсқасын көріп, ауызым ашылып қалды... «Осы жоба іске асса, ең бастысы менің бүкіл ақыл-ой қазынамның жемісін, «Ұлы қазақтың» қандай екенін бүкіл әлем көріп, таңғалатын болады... Қара да тұр! Ағаң да байитын болады» деп еңкілдеп кеп күлетін жүзінен үміт оты лапылдап...

Өз елін, туған Отанын, жалғыз мемлекетін кім жек көріп, сынап, мінейді дейсің?! Әттең! Ұлтына ұшан теңіз рухани байлық сыйлап, өзі бір жапырақ нанға зар болып өткен Болат Бопайұлындай біртуар тұлғалардың тағдырын көргенде жүрегің қан жылайды... Қазақ мемлекеті сонша сорлы ма? Ер қадірін білмеген елдің болашағы бола ма? Нарықтық заман екен деп, ар-намысын, білім-білігін нанға сатып жүрсе, асыл азаматтардың, руханият қызметкерлерінің не қадір, қасиеті қалады?

Асылы Болат Бопайұлының бір өзі жеке зерттеуге тұрарлық, тұтас институттың жүгін арқалап жүрген, арғы заманнан бізге жеткен «Тірі Жәдігер» еді... «Жасанды интеллект» жайына қалсын, Сіз «Қаааашаааанғы интеллектсіз ғой» деп бекер айтқан жоқпыз. Шын мәнінде басқасы басқа ұлт болмысы туралы кез келген сұраққа сүрінбей жауап беруші еді. Маған ол кісінің басында «Адам адам болғалы, Алаш Алаш болғалы» деп басталатын айрықша аксиома, математикалық формула бар сияқты көрінетін. Өзі емес, ар жағынан басқа бір тылсым күш сөйлеп тұрғандай сезінуші едім...

«Әй, Басеке! Сен маған ұрса бер» деп баладай еркелейтін. 1300 бет кітапты компьютер жоқ болған соң телефонмен жазып шықтым деп риясыз күлетін... Кейде көзі шарасынан шыға жаздап, «ол былай» деп бір әңгімені бағзы заманнан бастап, қазіргі ғылыммен ұштастырып бірақ тоқтайтын... Қытайдағы қызметінде Шыңжаңның оқу-ағарту саласында, оның ішінде оқулық құрастыруда орасан зор еңбек етті. Қазақ мектебінінің түлектері Бөкең құрастырған оқулықтан білім нәрін алды...  Саналы ғұмырында 65 кітап жазды. Марқұм Бейсен Құранбектей асыл азаматқа бірнеше жыл ресми кеңесшілік қызмет атқарды. Спортшы Ардақ Назаровқа ақылшы болды...

Соңғы еңбегі «Ұлы қазақ» деп аталады. «Басеке осыны ешкімге жалынбай өзіміз шығарсақ қайтеді?!». «Аға-оу, еш қайран жоқ болып тұр ғой, әттең» деп мен отырамын жерге қарап... «Анау бір бұрынғы депутатқа айтып едім. Өз атынан шығарам деді. Оған да көндім. Еңбегім шықса атым керегі жоқ қой дегем. Бірақ біраз ақша беріп, соңынан екі еселеп қайтарып алды» деп егіліп келді бір күні. «Шымкентте бір кәсіпкер жігіт шығарып беретін болды. Соған бара жатырмын. Бірге барайық» деп келді бір күні арқа-жарқа қуанып... Бұл жақындағы әңгіме. «Құдай қаласа 22 наурыз баспадан шығатын болды. Ұлыстың ұлы күні. Жақсылыққа балап отырмын. Тұсаукесерін екеуміз жақсылап ақылдасайық». Әр күнгі телефондағы әңгіме осы кітаптың төңірегінде жалғасып жүрді...

Болат Бопайұлы, Қайрат Құл-Мұхаммет сияқты бір дәуірдің білгірлеріне ай сайын миллион жалақы беріп, жазуға отырғызып қою арманым болған. Оны өздеріне де айтып жүрдім. Жалаң заман жарытпады... Ұлттың ұлы тұлғаларын сөйлетіп қалу, жазып қалу Кеңес одағының өзінде, Ілияс Омаров, Темірбек Жүргенов, Қаныш Сәтбаев, Өзбекәлі Жәнібековтердің кезінде барынша қолға алынып еді... Тәуелсіздіктен кейінгі ақша қуған арсыз қоғам соның бәрін тәрк етті. «Қарыны ашқан, қадірі қашқан» қазақ ұлыларының көбі көмескіде қалып, басындағы бар қазынасымен көрге көмілді...

Айтарға сөз көп, нетермін,

Сөз ұқпастарға бөтенмін...

Бөрідей текті Бөкеңнің,

Қадірін жоқтап өтермін...

Біләл Қуаныш, «Қамшы» ақпарат агенттігінің жетекшісі

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар