Астана қаласындағы Орынбор көшесінде орналасқан Envy атты велосипед сататын дүкенде мемлекеттік тілде қызмет сұраған ана мен қызына сатушының дөрекілік танытуы әлеуметтік желіде кең резонанс тудырды.
Оқиғаны журналист Кәмшат Тасболат Facebook парақшасында жариялаған. Ол 6 жасар қызымен велосипед іздеп келген. Бала орысша сандарды түсінбеген соң, журналист сатушыдан велосипед бағасын қазақ тілінде айтуын сұраған. Алайда сатушының реакциясы шектен шыққан.
"Қазір таяқ жейсің! Президент не дегенін естімедің бе? Сендейлерді жазаға тартады!" – деп айқайлаған сатушы.
Журналисттің айтуынша, сатушы кішкентай қызды "ұлтшыл" деп те кемсіткен.
Сатушының ашық агрессиясынан кейін анасы наразылық білдірмек болғанымен, қызметкер ештеңе болмағандай, басқа тұтынушыларға бұрылып кеткен.
"Қызым қатты қорқып, ойыншықтардың арасына тығылды. Осындай жағдайлардан кейін балалар психологиясында жара қалады. Бұрын "бүжәймен" қорқытушы еді, енді президентпен қорқытатын болған ба?" – деп жазады Кәмшат Тасболат.
Журналист дүкенде көрнекі ақпараттың тек орыс және ағылшын тілдерінде екенін де байқаған. Бұл – заңбұзушылық.
Қазақстан Республикасының "Тіл туралы" заңының 21-бабына және "Жарнама туралы" заңының 6-бабына сәйкес, барлық көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде жазылуға тиіс.
Ал Әкімшілік кодекстің 453-бабы мұндай бұзушылық үшін кәсіпкерге 50 АЕК (184 600 теңге) көлемінде айыппұл салуды қарастырады.
"Бұл дүкенде бір ауыз қазақша сөз жоқ. Заңды сақтамай отырғандар жауап беруі тиіс", – дейді журналист.
Қоғамдық реакция: бойкот пен қысым
Кәмшат Тасболат осы жағдайдан кейін Envy бутигіне бойкот жариялады. Ол қазақша қызмет көрсететін басқа дүкенді тапқанын хабарлады. Сонымен қатар Тілдерді дамыту басқармасын бұл мәселені назарға алуға шақырды.
Алайда көп ұзамай журналист өз жазбасын өшіріп тастаған.
"Өшіртті" деп қысқа ғана жазып қалдырғанымен, нақты кім немесе қандай себеппен екенін нақтыламаған.
Президент Тоқаев бұған дейін азаматтардың бір-бірін белгілі бір тілде сөйлеуге мәжбүрлеуге болмайтынын айтқан. Алайда кейбір жағдайларда бұл мәлімдеме мемлекеттік тілде қызмет сұраған азаматтарға қатысты теріс көзқарас тудыруға сылтау болып отырғаны байқалады. Соның салдарынан қазақ тілінде сөйлеген адамдарға "ұлтшыл" деген айып тағу немесе тілдік құқықты менсінбеу фактілері қайта жиілей түскені қоғамда алаңдаушылық туғызуда.