Ғылым және жоғары білім министрлігі киік санын реттеуге қатысты әзірленген биологиялық негіздемеге байланысты ресми түсініктеме берді. Министрліктің мәліметінше, аталған құжатты Зоология институты әзірлеген және ол жануарлар дүниесі жөніндегі уәкілетті орган — ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне жолданған.
Министрлік ұсынған ақпаратқа сәйкес, 2025 жылы Қазақстандағы киіктердің екі негізгі популяциясы — Орал және Бетпақдала тобы — рекордтық деңгейге жетті. Осының салдарынан киіктер ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге кіріп, егіс алқаптарына зиян келтіруде. Осы жағдайды ескере отырып, киік санын реттеу қажеттілігі туындап отыр.
Зоология институтының биологиялық негіздемесі бойынша:
-
Орал популяциясынан – 460 мың,
-
Бетпақдала популяциясынан – 290 мың
киік аулануы ұсынылған. Бұл жалпы популяцияның 20 пайызын құрайды.
Аулаудың жыныстық-жас ерекшеліктеріне қатысты нақты пропорциялар да белгіленген:
-
текелердің – 40%-ын,
-
ұрғашыларының – 30%-ын,
-
жас еркек және ұрғашы киіктердің – 30%-ын алу көзделіп отыр.
Бұл реттеу шаралары киік популяциясының табиғи тепе-теңдігін бұзбай, оның тұрақтылығын сақтау және ет өнімділігін арттыру мақсатында ұйымдастырылады.
Киік өнімдерін кәдеге жарату тәртібі де анықталған. Министрліктің хабарлауынша:
-
ауланған киіктердің тұтас еті ет комбинаттарына тапсырылуы тиіс;
-
ал мүйіздері арнайы мамандандырылған қоймаларда сақталып, түгенделіп, таңбаланатын болады.
Сонымен қатар биологиялық негіздемеде:
-
материалдық-техникалық базаны күшейту,
-
инфрақұрылымды дамыту,
-
ведомствоаралық үйлестіруді жолға қою,
-
киік популяцияларын ұзақ мерзімді және тұрақты басқару стратегиясын әзірлеу сынды ұсыныстар қамтылған.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев та биологиялық негіздеме аясында киіктің 20 пайызы реттеуге жататынын растаған болатын. Егер киік аулуға ресми рұқсат берілсе, бұл іс-шаралар күз айларында басталады деп жоспарланып отыр.
Бұл тақырыпқа қатысты Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ғылым жөніндегі проректоры, биология ғылымдарының докторы Әлжан Шәмшідін де пікір білдіріп, еліміздегі киік саны 4–5 миллионға жеткен жағдайда жыл сайын олардың 20 пайызын етке пайдалануға болады деген пікір айтты.