Халықаралық деңгейде бағаланды

/uploads/thumbnail/20170708203336728_small.jpg

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парламент Сенатының депутаты Жабал Ерғалиевтің «Қас-қағым» метафизикалық трагедиясы Қырғызстанда өткен V халықаралық «ART-ORDO» театр фестивалінде үздік спектакль аталымы бойынша бас жүлдені жеңіп алды.
Қырғызстанда өткен халық­аралық ­театр­лар фестиваліне 3 шетелдік және 9 қырғыз театры қатысты. Елімізден М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры мен С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ сазды-драма театры қатысқан болатын.
Татарстанның мемлекеттік акаде­миялық драма театры, М.Вахидов атын­дағы тәжік мемлекеттік жастар театрлары да өнер көрсеткен қырғыз жеріндегі фестивальде қазылар алқасы жұмыс істеді. Құрамында қазылар алқасының төрағасы Жаныш Құлмамбетов бар (Қырғызстан театр қайраткерлері одағының президенті, Бішкек) сыншылар қауымы, атап айтқанда Еркін Жуасбек (Қазақстан), Зухра Исламбаева (Қазақстан), Людмила Молдалиева, театртанушы (Қырғызстан), Рауза Сұлтанова (Татарстан), Мухаммадулло Табаров (Тәжікстан), Жылдыз Тойбаева (Қырғызстан) өнер мерекесі туралы өз ойларымен бөлісті.
Халықаралық бәйгеде М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры Жабал Ерғалиевтің «Қас-қағым» драмасы бойынша қойылған спектаклімен қатысып, «Үздік спектакль» аталымы бойынша бас жүлдемен марапатталды. Фес­­тивальдің жабылуына арналған рәсім­де Ж.Ерғалиевтің «Қас-қағым» метафи­зикалық трагедиясының режиссері Елік Нұрсұлтанға Қырғыз Респуб­лика­сының мәдениет, ақпарат және туризм министрі Алтынбек Мақсұтов бас жүлдені өз қолымен табыстады.
 Мухаммадулло ТАБАРОВ,
тәжікстандық театр сыншысы:
– «Қас-қағым» спектаклінен алған әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Театр өнері негізі адам руханиятының аралын көрсетеді. Сіздердің тілде қалай екенін білмеймін, бірақ біздің тілде «Жазира» сөзі «Остров» деген мағынаны білдіреді. Біз жалпы әлемді ұлан-ғайыр кең жазира деп айтамыз, алайда, барлығымыз махаббат пен рух қоршаған бір аралда мекендейміз. Спектакльдегі науқас қыздың санасындағы дерт – махаббаттың жетіспеушілігінен. Ол сүйсем, сүйікті болсам дейді. Бірақ оның осы сүю, сүйікті болуға деген ізгі арманына не кедергі болады?
Театрда, әрине, сезім айрықша рөл атқаратынын түсінемін, ал бірақ барлық уақытта осылай бола бере ме? Міне, гәп сонда, яғни, бұл актерлік ойынның басым күші осыған жұмсалады дегенді білдіреді. Бұрын осыны реинкарнация өнері деп атайтынбыз.
Рас, спектакль режиссер мен актер­лердің өзара жұғысымды жұмысынан туғанын көрсетеді. Өмірдің біз ойлағандай бола бермейтініне қарамастан, біз адами қарым-қатынасты қалаймыз. Бізге не жетіспейді? Тыныштық, өзара түсіністік жетіспейді. Ең жақын адамдарымыздың өзіне көңіл бөле қоймаймыз. Міне, бұл спектакль – осы мәселелерді ашық бейнелеген өте нәзік иірімді психологиялық жұмыс. Театр ұжымы заманауи технологиялармен сезім мен түсіністікті бейнелі жеткізеді. Осы науқастардың орнында өзіміз жүргендей күй кешеміз. Барлығы зергер шебердің қолынан шыққандай өте шынайы, тұщымды. Осыны біздің театр­лар қалай түйіндер еді деген ой мазалады.
Мұнда режиссердің қолтаңбасы көрініп тұр. Сонымен қатар, әртістердің адал, таза жұмыстары сайрап тұр. Суретшілер техникалық құралдармен, түстермен жақсы жұмыс жасаған. Адам жанын тыныштандыратын көк түстерде, делебе қоздыратын қызыл түс және басқа да түрлі түстерде мән бар, тіршілік әуені есіп тұр. Қойылым кейіпкерлерін эмоциямен көреміз, сеземіз. Мизансценадан-ақ жас режиссердің өз ісінің білгір шебер екені байқалады. Ол спектакльдің тереңдігін, шарықтау шегін біледі. Ең бастысы, жұртты мейірімділікке бастайды. Өзгелердің сезіміне құрметпен қарауға үйретеді. Қазіргі қоғамға ауадай қажет құндылықтар осы.
 Жаныш ҚҰЛМАМБЕТОВ, Қырғызстан, театр қайраткерлері одағының төрағасы:
– Мені қуантатыны – жас режиссер қорықпастан қоғамдағы өзекті мәселеге бой ұрған. Иә, біз осындай фантасмагориялық әлемде өмір сүреміз. Олар әртүрлі мәнерде көрініс табады. Режиссер осының барлығын сахнаға алып шығуға әрекеттенген. Жас режиссерді азаматтық ұстанымы үшін құрмет тұтамын.
Театр алдымен адамдарға қызмет етуі тиіс деп жатамыз. Бұл – шынымен солай. Сол себепті ол сөзсіз жеңеді. Екіншіден, режиссер актерлермен қалай дұрыс жұмыс істеу керектігін көрсетті. Бастысы, спектакль көрерменнің көңілінен шықты. Бұл – үлкен жетістік.
 Нұрлан АБДЫҚАЛЫҚОВ, қырғызстандық режиссер:
– Қазақстанда жаңа стильдегі көптеген драматургтердің бар екенін бұрыннан білетінмін. «Қас-қағым» спектаклінде қарап отырсаңыз, түрлі жанрлар қамтылған. Әлбетте, бұлардың бәрі – Батыс пен Еуропа театрларынан келген ағым екені белгілі. Алайда, соған қарамастан, әріптестер өз қаһармандарын иін қандыра ойнап, төл дүниеге айналдырып жіберді. Менің білетінім, – олар – театр және кино өнері саласында танымал жандар. Бұл экспериментальдық спектакль бола тұра, көрерменді бірден баурап әкетті.

Дереккөз: егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар