Бітімгершілік біліктілікті талап етеді

/uploads/thumbnail/20170708203335994_small.jpg

Еліміз соңғы жылдары БҰҰ аясында бітімгершілік миссияларына қатысып келеді. Осыған орай еліміз Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері Астана маңындағы нөмірі 68665 әскери бөлімінде болып, бітімгершілік қызметі саласын құқықтық қамтамасыз ету мәселелері бойынша Қорғаныс министрлігі басшылығымен кездесу өткізді.
Жоғары заң шығару органынан келген депутаттарға әскери дайындық барысы көрсетіліп, елді мекендерді содырлардың басып алған кездегі әскерилердің іс-қимылдары көрінісі паш етілді. Сондай-ақ, әскерилер арнайы тирде өздерінің мергендігімен танылып жатты. Бұдан басқа, сап түзеген сарбаздар депутаттар мен жоғары әскери шеңділер алдында маршпен жүріп өтіп, дайындықтарын тағы бір қыры­нан көрсете білді. Артынан бітім­гершілік қызметін құқықтық қам­тамасыз етуге арналған штабтағы отырыста саланың түйткілдері мен же­тістіктері жан-жақты талқыланды.
Сенаттың Халықаралық қаты­настар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Икрам Адырбеков Қазақстанның БҰҰ аясындағы бітімгершілік миссияларына қатысуы аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және нығайтуға бағытталған Сыртқы саясат тұжы­рымдамасынан туындайтынына ерек­ше тоқталды. Комитет төра­ғасы бұл ретте Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің Жар­лы­ғымен 2011 жылы бекі­тіл­ген Әскери доктринаның ере­же­леріне сәйкес, бітімгершілік қыз­меті ұжымдық және ұлттық қауіп­сіздікті нығайту жөніндегі саясаттың маңызды құрамдасы болып табылатынын да қаперге сала кетті. Сонымен бірге, еліміздің әскери саясатының негізгі мін­деттерінің бірі бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемелерін орындау, оның ішінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шешімін орындау аясында бітімгершілік қызметіне қатысу болып табылады.
Қазіргі таңда ұлттық заңнаманы халықаралық құқықтық актілерге сәйкес келтіру жұмыстары жүргізілуде екендігі белгілі. 2015 жылы 15 маусымда Мемлекет басшысы «Бітімгершілік қызметі туралы» Заңға қол қойғандығын атай кеткен жөн. Осыған орай, Парламент тарапынан қабылданған «Бітімгершілік туралы» Заңның негізгі ережелерін сенатор, армия генералы Мұхтар Алтынбаев жан-жақты айтып берді. Депутат бұл кездесу бейбітшілік қызметті одан әрі дамыту жөніндегі жұмыстарды ширата түсетіндігіне назар аудартты.
«Қазіргі кездегі жетістіктер – болашақ ұрпақ үшін мұра. Бұл Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев бастаған күшті Қазақстанды құру және елдің тұрақты дамуының негізі», деді Мұхтар Қапашұлы. Бұл ретте, 2013 жылғы 20 қазанда Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің сардарларын БҰҰ миссиясына әскери байқаушылар ретінде жіберу туралы Президент Н.Назарбаевтың ұсынысына Парламент қолдау білдіргендігін айта кету керек. Соның негізінде әр миссияға БҰҰ миссиясы аясында Гаити, Батыс Сахара, Кот-д Ивуар және Либерияға қазақстандық бес бітімгершіден аттандыру туралы шешім қабылданған-ды. Жалпы, бейбітшілік миссиясы үшін 20-ға тарта офицер дайындалып жатса, тағы жетеуі БҰҰ миссиясы аясында әскери борыштарын өтеуде екен.
Отырыс барысында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы Жауынгерлік дайындық департаментінің бітімгершілік әзірлікті жоспарлау және үйлестіру бөлімінің бастығы Бауыржан Нығметуллин сөз сөйлеп, бітімгерлер атынан ұлттық және аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін таяуда 70 жылдығын атап өткелі отырған бұрынғы Қорғаныс министрі, Халық қаһарманы М.Алтынбаевқа алғысын да білдіре кетті. Жалпы, «Қазбат» бітімгершілері Иракта түрлі нысандарды 4 миллионға тарта қауіпті жарылғыш заттардан тазартқаны белгілі. Бұдан басқа, 5 мыңдай жергілікті тұрғынға медициналық көмек те көрсетілген. Сөз реті келгенде Құрлық әскерлеріне қарасты Әскери институтта «Бейбітшілік жолындағы серіктестік» оқу орталығы құрылып, БҰҰ типтік бағдарламасы негізінде «БҰҰ бейбітшілік миссиясына кетер алдында қазақстандық әскерилердің дайындық курсы» әзірленгендігін айта кету керек. Сонымен қатар, Швеция мен Финляндияның оқу орталықтарының сарапшыларымен бірлесіп, «БҰҰ штабтық офицерлері» курстық оқу бағдар­ламалары әзірленген болатын.

"Қамшы"сілтейді

Дереккөз: егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар