ұстаз, ғалым Зұлқарнай Алдамжар жасаған жұмыстар жалғасын табуда
Тарих ғылымдарының докторы, ұстаз Зұлқарнай Алдамжардың арамыздан кеткеніне он жылдың жүзі болды. Көзінің тірісінде журналистерге берген бір сұхбатында ғалым: «Қазақтың тексізі жоқ. Қазақтың бәрі текті. Халқымыз текті ғой», деген екен. Оның өзі де тектінің бірі еді. Шежірені қаза келгенде ол ел арасында қара Шойтас атанған батырдың інісі Мәмбетәліден тараған ұрпақ болатын. «Шойтас Сырлыбайұлы ХVІІІ ғасырдың соңғы ширегінде Сырым Датұлының азаттық үшін соғысына белсене қатысып, Жайық-Еділ аралығын қайтаруға күш салған батырлардың алдыңғы шебінде жүрген», деп көрсетеді тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұхтар. Атасы Есет қария терең діни білімі бар, кеудесі алтын сандық, білімдар кісі болыпты. Ол Атырау өңіріндегі ел шежіресін 1944 жылы Ұлттық ғылым академиясының қолжазба қорына тапсырған екен.
Тек Зұлқарнай Алдамжарұлы ғана емес, жалпы балалық шақтың кермек дәмін татқан соғыстан кейінгі жастар білімге ашығып келген еді. Екі тілде бірдей сөйлейтін, бірдей жазатын, халқының тарихынан, әдебиетінен, рухани мұрасынан молынан хабары бар жас С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетінде өз курстастарының алдында серкедей топ бастайды. Университет қабырғасындағы жылдары-ақ ұстаздары шәкіртінің ғылымға бейімділігін, білім қарымын байқаған. Ол университетті үздік бітіреді. Атырау педагогика институтында қызмет істеді. Тарих ғылымынан кандидаттық диссертация, одан кейін тарих ғылымының кез келгенге оңай шағыла бермейтін тарихнама саласынан белгілі ғалым Григорий Дахшлейгердің жетекшілігімен 1985 жылы докторлық диссертациясын Мәскеу ғалымдары алдында қорғады. Зұлқарнай Алдамжар тарихнама саласы бойынша докторлық диссертация қорғаған алғашқы қазақ екенін де білуіміз керек. Ғалым 5 монография, 300-ден астам ғылыми еңбек жазды. «Парасат» орденімен марапатталды.
Атырау педагогика институтында оқытушылықтан проректорға дейін өсіп, мол тәжірибе жинаған Зұлқарнай Алдамжар 1989 жылы Қостанай педагогика институтын басқаруға сайлау арқылы бекітілді. Қостанайда оның ұстаздық, ғалымдық қырымен қатар ұйымдастырушылық біліктілігі, азаматтық қыры, қайраткерлігі жарқырай көрінді. Ол Қостанайға келгенде еліміз үшін уақыттың өлара шағы еді. Әлемдік ірі держава Кеңес Одағының уығы босап, шаңырағы шайқалған тұс. Жаңа уақыт тынысы да елімізге оңай тиген жоқ, экономикалық байланыстардың жібі үзіліп, дағдарыстан аңтарылған тұс. Өлара шақтың ерекшелігі емес пе, өз халқымыздың үлесі тым аз, 20 пайыздан аспайтын Қостанай өңірінде ана тіліміз есіктен қарап қалған тұс болатын. Осындай сәтте Зұлқарнай Алдамжар алдымен педагогика институтын университетке айналдыруды ойлады. Ең бастысы, университетте қазақ балалары үшін өмірге тым қажет мамандықтарды дайындауға, олардың ана тілінде білім алуына мүмкіндік ашылды. Зұлқарнай Алдамжарұлы уақыттың тынысын тез сезінетін, сол арқылы алдағыны өз замандастарынан бұрын көре білетін басшы болатын. Ол Қостанай мемлекеттік университетінде тәуелсіз жас мемлекетімізге ауадай қажет санақ техникалары мен автоматтандыру жүйесін бағдарламамен қамтамасыз ету, құқықтану, қолданбалы математика, психология, музыка және халық шығармашылығы, экономика және өндірісті басқару сияқты жаңа мамандықтар, факультеттерде тұңғыш рет қазақ топтарын және қазақ филологиясы факультетін ашты. Мұның өзі өңірде ана тілдің және ұлттың рухын көтерді.
Қостанай университетіне 1996 жылы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың есімі берілді. Бұл да Зұлқарнай Алдамжардың бастамасы мен жүгірісі көп жұмыстардан кейін мүмкін болған еді. А.Байтұрсыновқа ескерткіш орнатылды, оны Елбасы Н.Назарбаевтың өзі келіп ашқаны жұртшылықтың есінде. Тегінде Зұқаң Ахмет Байтұрсыновты пір тұтты. Қостанайда Ахметтің рухына алғаш рет ас берген, құран бағыштатқан да Зұлқарнай Алдамжар болатын. Алаштың ұлысы, ұлт ұстазы жүрген жолдармен «Ақжол» атты тарихи-танымдық экспедициясын ұйымдастырып, оны қаржыландырған да Зұқаңның өзі болды. Ол уақыттың ырғалуды күтпейтінін жиі айтатын. 90-шы жылдар онсыз да халқына кешігіп жеткен Ахаңның көзін көрген, зұлмат жылдардың құқайын басынан өткізген, ақиқатты айтпай тұншығып, көкірегінде сақтап келген торғайлық көнекөздердің қауындай пісіп, қартайып отырған шағы еді. Экспедицияны басқарған жазушы, журналист Байтұрсын Ілияс жазып қалдырған «Алтын бесік» кітабы ахметтану ғылымына қосылған сүбелі үлес деп айтуға болады.
Зұлқарнай Алдамжар тәуелсіз елімізде жоғары оқу жүйесінің қалыптасуына үлес қосқан қайраткер ретінде де белгілі. Ол жоғары білім беруде еуропалық стандарттарға да байқап қарауды айтты. Білімі озық Еуропа жұртының жоғары білім жүйесіндегі жақсы ұстанымдары мен бағыттарын ғана алу керектігін, дайын қалыпты тікелей көшіру өзіміздегі жылдар бойы жинаған жақсы тәжірибені тәрк ету деп білді. Өзіміздегі құндылықтарды жоғалтпауға ұмтылды.
Қостанайда алғашқы жекеменшік жоғары оқу орнын ашқан да Зұлқарнай Алдамжар екенін қостанайлықтар жақсы біледі. Мұндай қадамға ол уақыттың сұранысын дер кезінде сезінгендіктен барды. «Көпшілік заман мен уақыттың, сосын өндірістің сұранысын тап басып танитын деңгейге жетпей жатыр. Елдің бәрі жаппай заңгер, сот, прокурор болуды армандады да, техникалық мамандықтар қалыс қалып қойды. Ал ірі өндірістік әрі ауқымды ауылшаруашылық аймақ саналатын Қостанай өңірі үшін техникалық мамандықтар қазірдің өзінде қат болып отырған жоқ па?» деп жауап береді жекеменшік Әлеуметтік-техникалық университеттің қаншалықты қажеттігін сұраған журналист сауалына.
Әдетте, 90-шы жылдардың аяғында үй сатып алғысы келетіндер Қостанай қаласының әбден қалыс қалған, бұрынғы мауыты-шұға комбинаты орналасқан шағын ауданына жоламайтын. Зұлқарнай Алдамжар осы аудандағы комбинаттың қараусыз қалған бұрынғы ғимараттарын жөндей бастағанда таңғалмаған жан қалмады. Қазір Әлеуметтік-техникалық университеттің арқасында қаланың бұл шалғайы қайтадан гүлденді, соңғы уақытта тұрғын үйлер салынды, жастар саябағы, Неке сарайы орын тепті. Облыс орталығының думанды гүлденген ауданына айналды. Комбинаттан қалған мәдениет сарайын қайта жөндеп, Студенттер сарайы етті. Онда 600 орындық акт залы, 300 орындық конференция залы, спорт залы бар.
Бүгінде Зұлқарнай Алдамжарұлының өзі жоқ болса да, оның балалары мен шәкірттері ізін жалғастыруда. Өзінің атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университеті іргелі білім ордасына айналған. 23 мамандық бойынша мамандар дайындайды. Университет Болон келісіміне кірді, студенттер кредиттік жүйе бойынша білім алады. Ол жастардың білім мен практиканы ұштастыруын жиі айтатын. Ұстаздың сол ұстанымы уақыт талабына айналған. Соған орай бүгінде білім ордасында әлеуеті мықты технопарк бар. Студенттер оның оқу-өндірістік шеберханаларында, зертхана кешенінде тәжірибе сабақтарын өткізеді. Францияның, Ресейдің университеттерімен бірлесіп, «Проблемы права и экономики» атты халықаралық ғылыми журнал шығарады. Қысқасы, З.Алдамжардың «барлығын да жастар үшін жасаймын» деген мақсаты жүзеге асуда. Ол жасаған істің игілігін көріп отырған мыңдаған шәкірттер де еліміздің ертеңіне нық қадам басады.
Дереккөз: егемен Қазақстан