Алар асуы алда

/uploads/thumbnail/20170708203338619_small.jpg

Бас прокуратураның Парла­менттегі өкілі біліктілігімен, құқық қорғау жүйесінде жаңашыл бас­тамаларымен депутаттар мен заң жа­саушылардың ықыласына бөленіп жүретін. Жан дүниесімен ақтарыла күлетін ақкөңілділігі достыққа шақырып тұратын. Сымбатына формасы мен иығындағы жарқыраған жұлдыздары жарасып қазақ қызының батыр тұлғасын көрсететін. Ол – полковник Роза Шекербекқызы Досымбекова. Онымен Парламенттен өз саласына қызметке ауысып кеткенде барып жақын таныстым.
Кіндік қаны тамған Өзбекстаннан Алматыға өзі жалғыз аттанып, сол кездегі ең абыройлы оқу орны – Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне түсті. Оны аяқта­ғалы бері отыз жылдан астам қай­сарлықпен заң саласының шыңына өрмелеп келеді. Заңгер-кеңесші болып басталған қызметінде Парла­менттің ақпараттық-зерттеу орта­лығының сектор меңгерушісі, Премьер-Министр Кеңсесінің әділет бөлімінің сектор меңгерушісі сатыларынан өтті. Прокуратура саласында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының кадр департаменті басшысының орынбасары, кейінгі үш жылда аталған департамент басшысы қызметінде болды. Әділет саласынан кандидаттық, саяси ғылымдардан докторлық диссертация қорғады, аға әділет кеңесшісі мәртебесін иеленді.
Роза Шекербекқызы Қазақстан­дағы тұңғыш қос палаталы Парламент мәселелері бойынша ғылыми зерттеулер жасап, алғашқы болып заң ғылымдарының кандидаты ғылыми атағына еңбек қорғаған. 1997 жы­лы «Конституционный статус Пар­ламента Казахстана в современный период» тақырыбында жазған еңбегінің ғылыми жетекшісі заңғар ғалым М.Т.Баймахановтың өзі болатын. Ізденіс пен зерттеудің үстінде жүретін қасиеті оны тағы да бір жетіс­тікке жеткізді. 2014 жылы «Қа­зақ­станның әлеуметтік-саяси жа­ңаруы жағдайында құқық қорғау органдарының кадр саясатының тұжырымдамасы» деген үлкен еңбекті сәтті қорғап, саяси ғылымдар докторы атанды.
Өз ұстанымына талапшыл, бастамашыл маман Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметкерлерді кезектен тыс аттестациядан өткізуге байланысты тапсырмасы бойынша, құқық қорғау жүйесінде кешенді шаралар өткізуге атсалысты. Бірінші болып «Онлайн» әдісімен прокуратура қыз­меткерлерін компьютерлік тес­тілеу мен әңгімелесу жүйесін енгізді.
Елбасының құқық қорғау органдарында кадр саясатының тұжы­рымдамасын жасау мен жүзеге асыру мақсаттарын орындау бойынша сараптама тобын басқаруға оның ғылыми мүмкіндігі мен өмірлік тәжірибесі жол ашты. Тұжырымдаманың негізіне «Құқық қорғау органдарында кадр саясатын Қазақстандағы әлеуметтік-саяси контексте жаңғырту» деген тақырыпта қорғаған докторлық диссертациясы қолданылды деуге болады.
Роза Досымбекованың бастамасымен Қазақстан тарихында тұңғыш рет құқық қорғау органдары мен арнайы және басқа мемлекеттік органдар полиграфологтарының конгресі өтті. Оның жұмысына Ресей, Болга­рия елдерінің полиграфологтары қауым­дастықтарының өкілдері қатыс­ты. Құқық қорғау органдары мен арнайы және басқа мемлекеттік ор­гандардың полиграфологтарының ведомствоаралық кеңесі құрылды. Роза Шекербекқызы аталған кеңестің төрайымы. Ғалымның 2 монографиясы, 80 ғылыми және ғылыми-әдістемелік мақаласы жарық көр­ген. Әділет пен экономика ғылымда­рының байланысы бойынша жасал­ған ғылыми мектептің авторы. Қызме­тімен қатар магистратура саласында шәкірттер баулуда.
Прокуратура саласында ұзақ жылғы тәжірибелерін кейінгі жас мамандарға үйретудің жолдарын қарастырып, тәлімгер бекіту әдісін де қолға алуға ұйытқы болды.
Роза Шекербекқызының заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға және құқық қорғау жүйесінде жаңашыл игілікті бастамаларды іске асыруға сіңірген еңбегі жоғары бағаланып, Президент Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
Досымбекова құқық қорғау органдарында қазақ тілінің мейлінше кәсіби деңгейде қолданылмау себептерін зерт­теп, іс жүзінде нақты талап етіле­тін шаралар жүйесін қолданысқа енгі­зуді қолға алған. Құқық қор­ғау органдарының кадр саясаты тұ­­жы­рымдасын әзірлеу жөніндегі сарапшылар тобының жетекшісі ретінде Мемлекет басшысының тіл туралы тапсырмаларын іске асыру мақсатында «Тілдік ортада қазақ тілін үйрету» қанатқақты жобасын осы тұжырымдамаға енгізуге жеке бастама жасап, құқық қорғау жүйесінде қазақ тілін меңгерген кәсіби мамандарды қалыптастыруға үлкен үлес қосқан. Роза Досымбекованың осындай игілікті бастамасының нәтижесі болып табылатын жоба Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы №720 Жарлығымен мақұлданып, қазіргі таңда прокуратура органдарында іске асырылуда.
Бұл жобаның айрықша ерекшелігі – мемлекеттік тілді үйретудің түбе­гейлі жаңа әдісі болып құқық қорғау органдары арасында алғашқы рет прокуратурада іске асырылған. Мем­лекеттік тілді дамыту ісіндегі осы креативті көзқарас жоғары бағаланып, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің «Мәңгілік Ел – мәртебелі тіл» символымен және Құрмет грамотасымен марапатталды.
Оның бастамасымен қазақ тілін қолдану аясын одан әрі кеңейту мақсатында Қазақ гуманитарлық заң университетімен бірлесіп, құқық қорғау органдары қызметкерлері мен заң саласының мамандарын даяр­лайтын оқытушыларға арналған «Тілдік конструктор» әдістемелік оқу құралы әзірленген. Себебі, күнделікті қызметте қазақ тілін меңгеруге мүм­кіндік бола бермейтіні және қа­рапайым оқудан қарағанда тілдік ортада қызмет атқару барысында үйрену процесі неғұрлым тиімді болып табылатыны баршаға аян. Бұл әдіс Қазақстанның заң мамандарын даярлайтын жетекші жоғары оқу орындарының арасында таратылып, қолданысқа енгізілетін болады.
– Өз саламызда мемлекеттік тілді жаңа деңгейге көтеру мәселесін қол­ға алып, қазақ тілін оқыту курсын ашқанбыз. Соған жүз адам жазылғанымен сабаққа жиырма-ақ адам қатысады. Мақсаттары тілді меңгеру емес, әйтеуір сертификат алу. Содан аймақтардағы мемлекеттік тілде іс жүргізуді нақтыладық. Орыс тілді аймақтарға 3-4 айға қазақ тілді мамандарды жібердік. Үйреткенде күнделікті сөз қолдану емес, кәсіби жұмыс жасау – мемлекеттік тілде іс жүргізуді үйрету үшін. Ал, 100 пайыз қазақ тілінде іс жүргізетін Қызылорда облысына барлық аймақтан дерлік мамандар жіберіп, мемлекеттік тілде іс жүргізуді үйреттік. Бұл мәселені кадр саясатына енгізіп қойдық. Оны кез келген мемлекеттік орган пайдалана алатын болды. Осы мақсатта жоғары оқу орындарымен де байланыс жасадық, – дейді полковник.
Қанатқақты жобаның тәжірибелік маңызын іссапарға барып келген қызметкерлер жоғары бағалады. Прокурорлық функцияларын жүзеге асыра отырып, қызметкерлер кестеге сай 3 айдың оқу бағдарламасын бір жарым айда меңгеріп, қазақ тілін үйрену деңгейін 23 пайызға арт­тырған. Осы жоба прокуратура органдарында сәтті жүзеге асырылуда және сынақталғаннан кейін басқа құқық қорғау органдары да қолға алған.
Елбасының тілдің үш тұғырлылы­ғын дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес жоғары оқу орындарында заң мамандығы бойынша даяр­ланатын түлектер құқық қорғау қыз­метіне кіргенге дейін, яғни оқу бағдарламасына прокурорлық қыз­меттің ерекшеліктеріне сай, қазақ тілінде ситуативтік сөздік қорын кә­сіби деңгейде меңгеруге бастама жасады. 2015 жылдың шілде айында Бас прокуратурада өткізілген қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында бұл ұсыныс оның мүшелері тарапынан қызу қолдау тапты.
Өзінің белсенді қызметімен және жоғары білікті заңгер ретінде құқық қорғау жүйесінде биік бедел мен лайықты құрметке ие Роза Шекербекқызы мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге, тіліміздің мәртебесін арттыруға нақты ісімен үлес қосып келе жатыр.
Роза Досымбекованың бастамасы бойынша алғаш рет, 2014 жылғы 29 қазан күні Бейбітшілік және келісім сарайында «Тіл – татулық тірегі» атты құқық қорғау, әскери және мемлекеттік органдар арасында (8 мемлекеттік орган) мемлекеттік тілді насихаттау мақсатында ведомствоаралық конкурс ұйымдастырылып өткізілді.
Бас прокуратураның қоғамдық өмірін жандандыруда Розаның орны ерекше. Өзі бас болып бірінші рет қыздардың футбол командасын құр­ды. Он екі адамдық домбырашылар оркестрін, би тобын және хор ұйымдастырды. Бұл хор еліміздің Әнұранын өздері орындайды.
Бүкіл саналы ғұмырын Қазақстан прокуратурасына арнап келе жатқан белгілі заңгер, өмірлік ұстанымы – басты кұндылық Адам, заңдылық пен әділдіктің үстемдігі болған Роза Шекербекқызының алар асуы әлі де биік болмақ.

Дереккөз: егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар