ЕРДОҒАН-ПУТИН: МҮДДЕЛЕР ҚАҚТЫҒЫСЫ МЕН ТҰЛҒАЛАР ҰҚСАСТЫҒЫ

/uploads/thumbnail/20170708204750459_small.jpg

Ай сайын емес күн сайын құбылып отырған дүниежүзілік саясат күнделігі жақында тағы бір атышулы оқиғамен толықты. Түркия президенті Тайып Режеп Ердоған билігі Сирия жанжалына орай Ресей Федерациясының ұстанымдарына қарсы шығып, бұл кикілжің түркиялық әскерилердің Сириядағы ДАИШ нысандарын бомбалап жүрген Ресейдің Су-24 ұшағын атып құлатуына әкеп соқты. Оқиғаның бұдан әрі қалай өрбіп, немен аяқталатынына әлемдік сарапшылар түрлі баға беруде.

Мемлекеттер мүддесінен гөрі, билік басындағы жекелеген тұлғалардың тартысына келіңкірейтін бұл кикілжіңнің Қазақстанның сыртқы саясаты үшін де маңызы зор болып отыр. Ел билігі әзірге бұл оқиғаға қатысты бейтарап ұстанымда болуға тырысқанмен, Cенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев сынды ресми тұлғалар Түркия билігінің шешімін айыптаған мәлімдемелер де жасап үлгерді. Біз өз тарапымыздан Түркия-Ресей теке-тіресіне тағы бір үңілгенді, екі ел саясатындағы ұқсастықтар мен кереғарлықтарды таразыға салғанды жөн көрдік.

Сонымен, Путин мен Ердоған кім? Екі ел арасындағы қайшылықты тұтастай мемлекеттік мүдделердің тартысы деуге бола ма? Жоқ әлде бар болғаны билік тізгінін ұстағандардың ұстанымдарындағы келіспеушілік қана ма? Қалай болғанда да қос мемлекеттің саяси өмірі мен көсемдерінің кескін-келбетінде ұқсастықтар да көптеп кездесетін сияқты.

Ең басты ұқсастық ретінде қос мемлекет басшыларының билікте ұзақ отыруын айтуға болады. Путин 1999 жылдан бері Ресей тізгінін ұстап келе жатса, Ердоғанның Түркия билігіне келгеніне 12 жыл болыпты. Қанша жерден констиуцияны өзгертіп немесе оның талаптарын небір құйтырқы жолдармен айналып өтсе де бұл ұзақ мерзім болып саналады. Екі басшы да амбициялары зор, авторитарлық жүйені ашық қолдамаса да кетәрі ұстанымда емес. Аталған тұлғалар таққа отыра салысымен билік тетіктерін күшейтумен айналысып келеді. Оған мысалдар жеткілікті.

Солтүстік көршіміздің көсемі екі мерзім қатарынан президенттік таққа отырған соң, араға премьерлікпен үзіліс жасап бұұрынғы орнына қайта жайғасты. Режеп те билікте көп бола алмадым деп ренжитін жөні жоқ. Конституция берген мүмкіндіктерді барынша пайдаланды. Былтыр премьерлікте болу «лимиті» түгесілген соң президенттікке оңай «ауыса» салды. «Оңай ауыса салды» деуіміз де тегін емес. Түркия Парламенттік басқару нысанындағы мемлекет. Мұнда билік саяси партиялар қыран-кескі тартыспен жеткен заң шығарушы орган – Ұлы ұлттық жиналыс, яғни Меджилистің қолына шоғырланған. Дұрысы шоғырланған болатын. Ердоғанның премьерлігінің алғашқы кезеңінде-ақ бұл жүйе есеппен өзгертіле бастады. 2007 жылы президенттік билікке көшудің алғы шарттарын жасаған реформа жасалды. 2012 жылы «Президент туралы» заң қабылданып, бұрын парламент депутаттарының даусымен сайланып келген президент тікелей сайлауда, яғни бүкіл республика халқының дауыс беруімен сайланатын болды. Бұл реформа Ердоғанға біршама билік күшін бергенмен елінде анау айтқандай абырой әпере қоймады. Кемалшылар мен демократтар, курдтер қозғалыстары басшыларын шектен тыс амбициясы үшін ашық айыптап келеді. Соңғы парламент сайлауында бұл наразылық анық байқалды. Ердоған тізгінін ұстаған «Әділет және даму» партиясы Үкіметті жасақтағанымен, парламентте Ердоғанға қолдау жасарлық толық мүмкіндікке ие бола алмай қалды. Яғни, Ердоғанның саяси кейпі ресейлік әріптесінен алысқа ұзай қоймайтынын көреміз.

Ердоған президенттік билікті күшейтем деп қанша жерден кеудесін соққанмен ол ойы оңайлықпен жүзеге аса қоймас. Себебі, түркиялық саяси күштер, оның ішінде оппозиция – халық арасында зор сенімге ие ықпылды күш. Мұндай Ресей мен ТМД елдерінде қолданылатын саяси технологиялар ешқандай жағдайда жүзеге аспайды. Сайлауларды өткізу стандарты, саяси мәдениет мүлдем өзге. Сайлаудың соңғы сәттеріне дейін жеңімпазды анықтау не болмаса қандай да бір болжам жасау еш мүмкін емес бұл елде. Түркия мен Ресейдің саяси жүйесінің алшақтығын осы жерден көреміз. Билікке ашық қарсы шығып, ол идеяларға электоратты ұйыта алатын, халықаралық қауымдастықта зор қолдауға ие мұндай оппозиция ресейліктердің түсіне де кірген емес.

Ресей мен Түркияның ішкі жүйесі ғана емес сыртқы саясаты да алшақтықтарға толы. Түркия Еуроодаққа мүше болу бағытында ұзақ жылдан бері тынбай жұмыс істеп келеді. Бұл бағыт Түркияда қанша билік ауысып, басшылыққа кім келсе де өзгермейді енді. Ал, Ресейдің сыртқы саясаттағы ұстанымдарын сол ресейліктердің өздері де түсінбейтін сияқты. Алып мемлекетпен үрлі ұйымдар арқылы одақтас елдердің Ресейге деген ұстанымдарынан, олардың арасындағы ортақ валюта, ғарыш игеру, мұнай өндіру мен сату, тасымалдау, лаңкестікпен күрес, демократияландыру, тағы басқа мәселелерге қарасты келіспеушіліктерден оны анық байқауға болады.

Кей сарапшылар екі елдің геосаяси ахуалынан ұқсастық іздейді. Лайда, Ресей құрамындағы федерация субъектілері мен Түркиядағы күрттер тығыз қоныстанған аймақтар екі мемлекеттің «айлас қатын сырлас» қағидасымен күн кешуіне себеп бола алмай отыр. Біріншіден, Ресей құрамына бірнеше автономиялы республикалар мен облыстар кіретін алып федерация болса, Түркия – конституция бойынша біртұтастық сипаттағы унитарлық мемлекет. Бұл екеуінің ара жігі әлдеқашан халықаралық нормалармен белгіленіп қойған. Теңдік сұраған татар мен көнекті сыртқа салам деген күрттің жағдайы тең емес.

Соңғы бірнеше жылда Ресей Украинаға өктемдік жасап, ішкі саясатына араласып қана қоймай, территориялық ұтастығына көз тігіп келеді. Тура осындай жағдайды саясаттанушылардың кейбірі Түркия-Сирия қарым-қатынасына телитін болып жүр. Сірә, бұл идея Ердоғанның Сирия аумағында тұрып жатқан түрікпендерге болысуынан кейін туса керек. Бұл жерде де ұқсастықтан гөрі айырмашылық көп. Ресей мен Украина қандас туыс, діні бір бауыр елдер болса, Сирия мен Түркия бұл сипатқа симайды. Сирия – араб мемлекеті, Түркия – түркі тілдес ел. Ердоған Саудия сынды бірнеше мұсылман мемлекеттері басшыларының қолдауына ие болуы оның Сирияға өктемдік жүргізуіне негіз бола алмайды.  Одан соң, Сирияның ішкі саясатына түрік билігінің емін еркін араласуына мүмкіндік бермейтін көршілес Иран деген алып бар. Ал, Ресей ондай лайықты қарсылас болмаған соң Украинада ойына келгенін істеп отыр.

Сонымен, екі ел арасына паралель жүргізе отырып, бірқатар ұқсастықтар мен алшақтықтарды анықтаған болдық. Ол ұқсастықтар көбіне-көп мемлекет басшыларының тұлғалық сипаттары төңірегінде топтасса, алшақтық қос елдің саяси жүйелеріне қатысты болып отыр. Түркияның демократиялық жолға осы түскені – түскен. Ал, Ресей туралы бұлай айта алмаймыз. Бірақ, Ердоған мен Путиннің екі елдің дамуындағы орнын да жоққа шығаруға болмас. Екеуі де билік басына мемлекеттері қиын жағдайда тұрғанда келді. Шешуші рөлге ие реформалардың жасалуына бастамашы болды. Көптеген өзгерістер жасады. Халқының сүйіспеншілігіне ие болды. Мұның бәрін өткен шақта айтып отырғанымызды байқаған боларсыздар. Онымыз бекер емес. «Тоқсан жыл ғұмыр кешсем де тоғыз күндік өмір бер» деген қағида бұл жерде жүрмейтінін уақыттың өзі дәлелдеді. Қос қайраткер де бүгінде сарқылды. Өз саяси идеялары, бастамашылдық күш-қуаттары ғана сарқылып қоймады,оларға деген елдің сенімі мен сүйіспеншілігі де бұдан былай кему көрсеткішімен өлшенетін болады.

Әлем жұртшылығын тағы да екі лагерьге бөліп, салғыластырып қойған «Су-дан» шыққан бұл теке-тірес негізі қос мемлекет арасындағы мүдделік қақтығыс емес, тек күні батып, жар шетінде тұрған қос серкенің жеке амбициялары, өкпе мен өкінішке толы бос кеуделерінің соғысы екендігі еді айтқымыз келгені...

Дархан Мұқан

Қатысты Мақалалар