БЕС УАҚЫТ БОЙЫ БІРНЕШЕ АЯТ ПЕН ДҰҒАНЫ ҚАЙТАЛАП АЙТА БЕРГЕННЕН «ШЫҚҚАН МҮЙІЗДІ» ҚАЙДАН КӨРДІҢІЗ?!

/uploads/thumbnail/20170708205132493_small.jpg

(РУХ ДАҒДАРЫСЫ)

Қазақты  желкелеу мен  тұқырту  бір  толастайтын  емес.  Қолы жеткеннің бәрі  бір  сыбап  қалуға  харекет  етіп  жатыр.  Оларға  салсақ,  алаш баласының  бұрын-соңды  астында  машинасы,  басында   баспанасы  болмаған  екен.  Қысқасы,  қазақтың  «бақыттан  басы  айналған»   күні    бертінде  ғана  туыпты-мыс.  Рас,  қисынға  салсақ  бәрі  де  дұрыс  секілді.  Мысалы,  менің  де  мәшине мінгеніме  бірнеше  жылдың  бедері   болды.  Бұл  аса  «бақытты  адам»  екенімді  айғақтайтын    факторлардың  бірі   деп   ойласам,    аталған   қылығым    адамдығыма   үлкен  сын  болар   еді.

 Әрине,  мұндай  мүгедек  көзқарастардың  шаң  беруі  қазақты  толыққанды  тани  алмағандығымыздан  болып  отыр.   Біздің  бар  білетініміз  қазақтың   бергі  беті  (дәлірек  айтсақ  сыртқы  терісі)  ғана.  Ал  жан   қабаттарының  ғаламат  өркениеті  мен  деңгейі  жайындағы  біліміміз  тіптен  шамалы.   Таным  түсінігіміздің  мұншалықты  құлдырап   кетуіне   төмендегідей  жағдайлар   әсер  етті  деген  ойдамыз.

 «Отар елдің  тарихын отарлаушы  елдің  өкілі  жазады»  қағидасын  алға  тартып,  1820  жылдан  бастап   мемлекеттік  мазмұнымыздан  айырған   270  жылды  шежіреге  салып  зерделер  болсақ,  он  буын  отарлық  сананың  тәрбиесінде  өскен  екен.  Ойланып  көріңізші,  он  буын.  Олай  болса,  біздің   бүгінгі  көріп  тұрғанымыз  қазақтың  үш  ғасыр  езгіден   тұралаған,   көтерем   бейнесі  ғана.   Бір  нәрсені  «айдан  анық,   күннен  раушан»  дейміз.   Отарлық  көзқарастың   «ноқталы  миы»  мен   перделі  түсінігінен  құлантаза   құтылмайынша,   қазақ  дүниетанымының  парқына  жету   еш   мүмкін  емес.  Ол  үшін  біз  ең  алдымен  мынаны  түсініп  алғанымыз  жөн.   Алаш   дүниетанымына  бойлаудың  бір   кетігі  дінде,  дәлірек  айтсақ,  АЛЛАНЫ  танудағы  махаббатында   жатыр.  Ең  өкініштісі,   бұған   дейінгі  кеңестік  кезең  адамды  тек   биологиялық  жаратылыс  иесі  ғана  деп  түсіндіріп  келді.  Күллі  мақсат-мұратымыздың  жоспары  мен  тұрпаты  да  сол  негізде  түзілді.  Қазір  де  солай.  Көп  ақша  мен  жоғарғы  шен  адамдық  арманымыздың   кульминациясына  айналып  отыр    (Біз  мұны қажеттілік  шекарасы тұрғысында  емес, өмірлік  миссиямыздың  негізгі  мәні  деп  қабылдап   келеміз ).  Әрине,  қателігіміз  де  осы.  Біздердің  бұл  жағдайымызды   бабалар  танымындағы    РУХ   өлшеміне  салып  бағамдар  болсақ,  таным  түсінігіміздің  әлі  де  хайуандық  халден   ұзай  қоймағандығын   көрсетер  еді.

Адамның жер  бетіне  келгендегі  мақсұты  тіптен  басқа.  Адам кеудесінің  алтын  сандығы  адамзатқа  қарайлас  болғанда  ғана  айқара  ашылады.  Кісіліктің  кілтін  іздесең  тек  осы  дейді   бабатаным.  Сонда  Абайдың  «Өзің  үшін  еңбек  қылсаң,  өзі  үшін оттаған  хайуанның  бірі  боласың, адамдықтың қарызы үшін  еңбек  қылсаң, алланың сүйген  құлының  бірі  боласың»  дегені  осы  болғаны  ғой.  Бұл  тек  Абайдың  ғана емес,  алаш  баласының  Құнанбайұлына дейін де салтанат  құрған  ҚҰДАЙШЫЛЫҒЫ. 

Адамның  ең  әуелі  РУХ  иесі екендігін айғақтайтын  бірден-бір   дәлел  «КІМ»  деген  сұрақтың  тек  адамзат  баласына  ғана  қаратылып  қойылатыны.  Бұл  – Алла-Тағаланың  адамды  халифат  (орынбасары)  етіп   ерекше  махаббатпен   жаратқандағы  мәртебесін   әйгілеп   тұрған   сауал.                          

Бір қызығы,  біз   бүгінгі  әлемдік  экономикалық  дағдарыс пен  ақшаның  құнсыздануы  турасында  сөз  сөйлей  қалсақ  ( ешкімге  есе  берместен),  екі  езуіміз  көбіктеніп  кетеді. Ал  адамияттық  ішкі  рухымыздың  атмосферасы,  оның  ішінде  ҚАДІРІ   ҚАШҚАН   ҚАЗАҚТЫҚҚА   келгенде  жағымыз  қарысып  қалғандай  ауыз  ашпаймыз.

 БІЗДІҢШЕ,  АЛАШ   БАЛАСЫНЫҢ  ДӘЛ   ҚАЗІРГІ  ДАҒДАРЫСЫ  ЭКОНОМИКАДА  ЕМЕС,  РУХ   ИНФЛЯЦИЯСЫНДА  ЖАТЫР.  Әттең-ай,   деймін.  Түсінер  түйсік  болса,  «экономикалық  дағдарыс»  деп   жүргеніміз  ішкі  хәліміздің   сыртқа  тебіндеген,  дәлірек  айтсақ,  заттанған  көрінісі  ғана  ғой. 

Әлгінде  ғана  бізге  беймәлім   қазақ  дүниетанымының  бір  сыры   ДІНДЕ  жатыр  деген  едік.  Біздердің  бүгінгі  «дін»  деп  жүргеніміз  сыртқа  «кемеңгер»  болып   көрінудің  саясиланған  көрінісі   ғана.  Саяси  сипат  алған   осы  «дінсымағымыз»  АЛЛАҒА  ҚАУЫШТЫРУ  тәсілдерінің  бәрін  тас-талқан  етіп,   тек  сыртқы  формасын  ғана  қалдырған  екен.  Өзіңіз ой  жүгіртіп  көріңізші,  бес  уақыт  бойы  бірнеше  аят  пен   дұғаны  қайталап  айта  бергеннен   «қай  шыққан  мүйізді»  көріп  отырсыз.  Ішкі  мазмұн  мен ықылассыз  жасалған  бұл  құрғақ  құлшылықтар  пендені  түбі  бір  тоқырауға  ұшыратары  анық.  Ардақты  Абай   хакімнің  «Ғылымсыз  оқыған намаз,  тұтқан ораза, қылған  хаж ешбір  ғибадат  орынына  бармайды» деп  отырғаны  осы.  Көп  адамның  намаздан  бой  суындыруының  себебі де  осының сиптомы.   Адам  кемелденуінің  төрт  категориясы  бар  десек,   біз  соның  тек   бірінші  баспалдағында  ғана  қалып  қойдық  (Ол  жайлы  төмендегі  өлеңде  толық  айтылады).  Күмән  келтірсеңіз  тағы  да  өз  еркіңізде.   Егер де  адам  баласы   осы  төрт  кеңістікті  терең  меңгергенде  Шәкәрім қажы  сөз еткен  «телепатия»,  «спритуализм»,  «магнитизм»  секілді  дүниелер  КЕМЕЛДЕНГЕН   РУХ   ҮШІН   бұйым  құрлы  болмаған  болар  еді.

 «Ой  жеткенге қол жеткізу»  дәргейіне  де  тек  осы  төрт  есік  арқылы ғана  көтерілуге  болады. 

Ғылымда маркетинг  пен  менеджмент  деген  ұғымдар  бар.  Бұлар  адамның  қажеттілігі  мен  сұранысына   қарай  туындап  әм  толығып  отырады.  Біз бағзыдағы  бабалар  танымын   сараптай  отырып,  осы  маркетинг  ұғымының  қазақтың   технократтық  өркениеттен  гөрі  АРЫ  мен  ҰЯТЫНА көбірек  салмақ  түсіргендігіне  көзімізді  жеткіздік.  Себебі  сұраныс  пен  ұсыныстың  дені  тек  РУХ  тарапынан  ғана   болып  отырған  (Бұған  келтірмек  дерек пен  дәйегіміз  шаш  етектен.  Оның  бәрін  бұл  жерде  сөз етіп,  оқырман  уақытына  қиянат  қалмай-ақ  қояйық).  Бірақ  өмірдің құнын  дүниемен  шендестірген  еуроцентрис  «данышпандар»  мұны  қайдан  түсінсін. Бабалар дүниетанымын артқа санап, ауызымызға келгенді айта беруіміздің  феномені  мінеки,  осында  жатыр.

 Бұл  шағын  мақаланы   төмендегі  өлеңнің  түсіндірмесі  үшін  ғана  жаза  салдық.  Ал ұзын  ырғағы  келешек  күндердің  еншісінде  дейміз...

 

                                          РУХ                      

            Қиянатсыз ойлауды меңгергенде,

           Қиялыңның бәрі де шынға айналар.

                                              Тыныштықбек.

Жан  тұншығып,  тән есірді,  ал  бүгін,

Айтыңызшы, «ақжүрек»  кім,  арлы  кім?

Пайғамбардың  рухына  боялған,

Сенесіз бе, ХӘЛДЕ*  жатыр бар ғылым.

Әттең, шіркін, ғапылдығым  кемістік,

Кемістікті  нұрмен  жусақ  тек ыстық...

КӨКІРЕКТЕН  КӨЗ  АШЫЛЫЛЫП  СОЛ  МЕЗЕТ

ЖАН  ТІЛІНЕ  КӨШЕР  ЕДІ   КЕҢІСТІК.

 

ЖАРАТҚАННЫҢ  жамалынан  нұр  түссе,

Өтер едік  бір пішіннен  бір түске.

ПЕРІШТЕДЕН  АДАМ  БИІК  ӘУЕЛДЕН

ҰШАДЫ  АДАМ   РУХЫМЕН  ТІЛДЕССЕ.

 

Ұша аламыз, оған  жала  жаппаңыз,

Ессіздік  деп,  бәлкім,  мұны  даттарсыз.

Жанның  сыры  жасырылған  жүрекке

Жарқырайды  ол,  егер  кілтін  тапсаңыз.

 

Сол  кезде  адам  рухы  мен  ұжданы,

Жаратқанға  жақындатар  тұлғаңды...

МІНЕ,  БІЗДІҢ  ЖЕТЕ АЛМАҒАН  ӨРЕМІЗ,

МІНЕ,  БІЗДІҢ  БАБАТАНЫМ  ЖҰМБАҒЫ.

 

Жын  жұлмалап,  сайтан  сарып  есімді,

Адамдықтан  адастырды -ау  көшімді.

Бір  ашылмай  бізден  де  өтіп  барады,

Төбедегі  ТӨРТ  ТАНЫМНЫҢ*  есігі.

Хәл - жүрек  ілімі

Төрт таным  -   Шариғат, Тарихат, Ақиқат, Мағрипат

 

Ықылас  Ожайұлы

Қатысты Мақалалар