БАҒА САЯСАТЫН РЕТТЕУДЕН БАС ТАРТҚАН БИЛІК ӨЗ БІЛІКСІЗДІГІН МОЙЫНДАҒАНЫ МА?

/uploads/thumbnail/20170708205159243_small.jpg

Ұлттық валюта бағамына ие бола алмаған Ұлттық банк төл баласының тағдырына бей-жай қарап, валюта нарығы атты шексіз теңізге «еркін жүзуге» жібергеніне көп бола қойған жоқ. Аз ғана уақыт ішінде АҚШ долларының бағамы бұрынғысынан екі есеге дейін шарықтап шыға келді. Соның салдарынан шетелден тасымалданатын тауар түрлері қымбаттап, ел іші әбігерге түсуде. Валюталық саясаттағы бұл солқылдақ экономиканың басқа салаларына да салқынын тигізді. Ең алдымен ел ішіндегі шағын кәсіпкерлер мен қарапайым халыққа бұл жағдай ауыр соқты.

Табан ақы, маңдай термен тапқанын ас-суына жеткізе алмаған халыққа жанашырлық танытып, тығырықтан шығудың жолын іздейік деген билік болмады бірақ та. Керісінше, «Жағдай бұдан да қиындайды. Оңды-солды шашатын ақша жоқ. Өкіметке ауыз ашпаңдар. Штандарыңның ышқырын тартып киіңдер» деп ақыл үйретіп, бар кінәні «ғаламдық дағдарыс» деген ешкім көзбен көріп, қолмен ұстамаған беймәлім құбыжыққа жабуға әрекеттенуде. Осыған қарап, билік басындағылар қарашаның қамын ойлағаннан гөрі, қара басының уайымымен, құлағының тыныштығын күйттеумен ғана әуре болып жүр ме деген ойға қаласыз. Себебі, қалыптасқан экономикалық ахуалды індете зерттеп, қиындық туғызып отырған себептермен күресу орнына әкім-қаралар өз тікелей лауазымдық міндеттерін орындаудан, халық алдындағы жауапкершіліктен қашқақтаумен әлек.

Кеше теңгені тентіретіп жіберген билік, бүгін ішкі нарықтағы баға саясатына араласпаймыз деп отыр. Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің төрағасы Серік Жұманғарин 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап Үкімет нарықтағы баға саясатын реттеуге араласпайтынын мәлімдеді. Оный айтуынша, ендігі жерде мемлекеттік реттеуге бәсекелестік орта жоқ субъектілер ғана қатысты болмақ. Комитет төрағасының бұл пәтуасын түсінікті тілмен тәпсірлейтін болсақ, базарда бірнеше саудагер саудалап отырған қант пен күріштің, пияз бен асқабақтың, сұйық май мен жұмыртқаның бағасы өсіп жатса өкімет органдарын кінәлаудың қажеті жоқ. Бұл – нарық екен. Бағаны да басқаны да бұл жерде еркін сауда-саттық заңдары реттейтін көрінеді. Қайта осы уақытқа дейін жер-жерде жәрмеңке өткізіп, азық-түлік бағасын өсірмеуді талап етіп, кәсіпкерлермен келіссөз жүргізіп келген әкімдерге ризашылық білдіруіміз қажет екен.

Күн сайын жаңарып жатқан статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қараша айында былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда азық-түлік бағасы 10 пайызға қымбаттаған екен. Атап айтқанда, балық өнімдері 19,7, қант 18,9, көкөніс пен жеміс-жидек – 18,8, май – 17,7, нан өнімдері мен, шай, кофе бағасы – 15,1, кондитерлік өнімдер 14,3, макарон өнімдері – 9,1, сүт өнімдері 6,7 пайызға қымбаттаған. Ет бағасы 2,8 пайызға көтерілгені айтылуда. Бұл өсім осымен тоқтаса жақсы. Жылда жаңа жыл қарсаңында елдің барлық өңірінде азық-түлік бағасы қымбаттайтыны мәлім. Бұл дәстүр осы күнге дейін тек Үкімет басындағыларға ғана беймәлім болып келген. Міне, ол жақтағылар да мұны кеш те болса байқап отыр. Байқағаны сол «бәлесінен аулақ» деген кісіше ат-тонын ала қашуда. Бұл әрекеттерін ақтайтын, дәлел-дәйектері де сай.  

«Бұл өте күрделі жұмыс. Бүкіл әлем осы жолмен жүруде. Өйткені, кез-келген бағаны реттеу әрекеті – бизнеске қойылған тосқауыл» деп отыр Серік Жұманғарин мырза.

Бұған дейін доллар өссе де, бензин қымбаттаса да билік басындағылар «Халықтың бірінші кезекте тұтынатын өнімдерінің, азық-түліктің қымбаттауына жол бермейміз. Тауар бағасын өсіргендерді қатаң жазалаймыз» деп қаһар төгіп келген басшылар бұл жолы ол пікірлерінен бәсекелестікті сылтауратып 180 градусқа кері айналып отыр. Бұл нені білдіреді? Сауда нарығындағы нақты ахуалды алдын-ала болжап, жанашырлықпен жасалған әрекет пе, жоқ әлде дағдарыс деп абдыраған дәрменсіздік кесірімен жауапкершіліктен қашу ма? Кәсіпкерлер мен халықты ойласа жағдайды мұнша ушықтырмауға да болатын еді. Ал, бұл жолғы мәлімдемеден анық байқайтынымыз, нарықтың бізге ұсынар «сый-кәдесінің» әлі де аз еместігі. Мұнай бағасының құлдырауынан басталып, теңге бағамының құлауына ұласқан экономикалық "тосын сыйлар" легі енді базар мен дүкендердегі сөрелерден көрініс таппақ. Оны әлеуметтің әл-ауқатын ойлауы тиіс әкім-қаралар да түсініп отыр. Түсініп қана қоймай, «ендігі шаруаларыңа араластырмаңдар» деген сыңай танытты. Бұған дейін «Жұмыссыздықты түп-тамырымен жойып, ішкі жалпы өнімді әрбір жан басына жетерліктей өсірдік, тіпті, адамдардың ғұмыр жасын да ұзартып тастадық» деп желпінген билік иелері шындап келгенде қыруар қазба байлықтың үстіндегі санаулы халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге дәрменсіздігін, қолында билік күші болғанмен білім, біліктілігі жетпейтінін мойындап, онысын комитет басшысы деңгейіндегі лауазым иесінің аузымен жеткізіп отыр.

PS.: Нарықтағы бағаның жалақы өседі деген дақпырт шықпай жатып шарықтап кететінін ескерсек, базар ұстағандар бұл жолы да сүйікті үкіметіміз беріп отырған керемет мүмкіндіктерді 2017 жылды күтпей-ақ  пайдалана беретін сыңайлы. Көрейік.   

 

Жомарт Абдоллаұлы

«Қамшы» сілтейді   

 

 

Қатысты Мақалалар