Ел рухының асқақтаған жылы

/uploads/thumbnail/20170708205549879_small.jpg

           Ағаштың тамыры тереңге бойлаған сайын оның биіктей беретінін байқаймыз. Бұл қоғамға да байланысты даму. Ел болып, мемлекет болып әлемге өзіміздің ұлттық болмысымызды танытуда тереңнен тамыр алатын тарихымыздың орны  бөлек.

Биылғы «Қазақ хандығының 550 жылдығына» арналған  мемлекеттік  шараның ел үшін маңызы айрықша болды. Әсіресе, шетелден  келген қазақ  бауырларымыздың  төл тарихымызға деген қызығушылықтары ерекше. Осы ретте әл Фараби атындағы ҚазҰУ-ң ЖОО дейінгі білім беру факультеті, ЖОО дейінгі дайындық кафедрасында оқып жатқан  шетелдік және  диаспора өкілдерімен  қазақ хандығының құрылуын ширек ғасыр бойы зерттеген айтулы ғалым-тарихшы Б.Кәрібаевпен мазмұнды да қызықты  кездесу болып өтті. Кездесуді ұйымдастырушы кафедраның тәрбие ісі жөніндегі жауапты әдіскерлер – С.Нүсіпбаева, М.Ибрагимова. Ғалым өзінің зерттеуіндегі маңызды мәліметтерді, жас ұрпақ білуге тиісті елдік мәселелерді жетесіне жеткізе түсіндірді. Әсіресе, Б.Кәрібаев: «ХҮ ғ. қазақ хандығының құрылуы Орталық  Азиядағы ұлттық сипаты бар тарихи процесс болды. Рулық, тайпалық емес, ұлттық сипат!» – деп атап көрсетті. Студент кезінен осы мәселе төңірегінде деректер жинап, үлкен ғылымға бет бұруына нақты қадамды ерте кезде бастаған. Қазақ тарихының алтын тамырын жиырма бес жылдан аса уақыт тереңдей  зерттеген  талантты ғалымның еңбегі өз жемісін  берді. Талай ұйқысыз түндерді өткізген, талай архивтерді ақтарған ізденістердің арқасында  ауқымды «Қазақ хандығы» зерттеу еңбегі ел игілігіне қызмет етті. Автор бұл еңбегін қолтааңба жазып Елбасыға жібергенін, Нұрсұлтан Әбішұлының қолына тигенде ол кісінің аса үлкен тебіреніспен қабылдағанын көмекшілері хабарлап, алғыс білдіргенін тілге тиек етті. Бұл еңбекті қазақ халқының асыл мұрасы ретінде Прагадағы  мұражайға қойылғанын, енді алдағы 2017 жылы болатын «ЭКСПО» көрмесіне қойылатынын хабарлады. 

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қолдаумыен «Қазақ хандығының 550 жылдығын» мемлекеттік деңгейде атап өтудегі істің маңызы халық үшін ерекше. Кездесу барысында ғалым осы шараның ұйымдастырушы-кеңесшісі ретінде елімізде қаншама ауқымды істердің атқарылғанын атап айтып берді. Осы шаралардың басында ғалымдар Б.Кәрібаевтің еңбегіне сүйеніп, негізгі дереккөз  ретінде басты назарда ұстанды.  Ғылыми конференцияның өзі Астана мен Алматыда  ғылым-білім ордаларында 5 рет, Таразда 5 рет, Қызылордада 4 рет, Семейде 2 рет, Ақтөбеде 2 рет осындай конференцияларда болғанын, ондағы  қазақ тарихының маңызды  мәселелер туралы қызықты мәліметтерді жастарға түсіндірді. Мұның сыртында спорттық жарыстар (ат жарысы, көкпер, күрес, т.б.), ақындар айтысы, мерекелік  концерттері де осы мақсатта өткендігінен хабар берді.

Бұл – биылғы жыл ел руханиятының асқақтаған жылы болғанын көрсетеді. Бұл – қазақ халқының төрге шыққаны, халықтың мәртебеміздің  аспандауы деп түсіндік. Кездесуге келген жастар көкейлеріндегі сұрақтарын қойды, ғалым әр сұрақты  ынтамен тыңдап, түсінікті әрі мұқият жауап беріп отырды. Жастарға өзі де тарихи мәселелер төңірегінде сұраулар беріп, екі арада тартымды диалог орнады.  Кездесу соңы автордың айтулы еңбегіне қолтааңба жазғызып алып, естелікке суретке түсті. Әлемнің әр түкпірінен келген қазақ баласы кездесу әсерінен рухтанып, қазақ перзенті болып туғанына  мақтаныш сезімі кеуделеріне симай бара жатқандай, жанарлары ұшқын ата, ризалықпен тарап жатты.

Жанна Әділханова,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ҰУ-дің ЖОО дейінгі білім беру факультетінің аға оқытушысы. 

Қатысты Мақалалар