Жазушы Асқар Алтай Шығыс Түркістан қазақтарының талайлы тағдыры, Оспандай батырдың күреске толы өмірі туралы «СИРАТ» романын жазып шықты. Романда сол кездегі қазақтардың тұрмыс-тіршілігімен қатар, бұған дейін көпшілікке беймәлім болып келген Шығыс Түркістан төңірегінде тоғысқан халықаралық мүдделердің жай-жапсарыкөрініс тапқан. Сонымен, назарларыңызға жазушының көлемді еңбегінен үзінді ұсынамыз.
Таслақат
(АҚШ консулы)
(«СИРАТ» романынан үзінді)
Аза бойы қаза болды...
Тұяғы түкті, мүйізі мүкті таутеке паналар Тибеттен ажалдың сұсты сұлбасын көргендей болды. Асылында, Дуглас Маккернан1 ажалын сезінген еді. Сезінткен де сұсты жүз сұрғылт таулар.
Бұл пендеге тән әлде бір үркек, секемшіл сезіммен сескене қараған. Төбесін бұлт шалған Тибет шоқылары сол сұсты қалпы. Өлі аруақтай өр. Жалама жон жартастары кәрі кемпірдің тісіндей орсақ-орсақ. Ала бұлт аунаған аспан астында қалғып кеткен сыңайлы. Суық жел ғана суылдап қояды.
Алтайдың қызыл бас, сары сирақ қазақы қойының терісінен тігілген сеңсең ішікті Маккернан түнеріңкі. Ертемен аңшылап кеткендерден де хабар жоқ. Күн түс боп қалды. Бүгін бұл ұры қолтыққа – шұңғыма, шұбалма шатқалдың қысаң тұсынан жылап шыққан құрғақ жылғаның айналмасына тағы бір түн аялдамаған абзал еді. Арттағы қуғын қалып қойса игі. Қалмаса – басып қалмасына кім кепіл?!
Аял құрмасқа тағы амал жоқ.
Азық тақа таусылған. Таусылатын да жөні бар. Тибетке иекартар Кунлунь2 қыраттарына іліккеннен-ақ соңдарынан тазыдай түскен қызыл қытайдың халық-азаттық армиясы қалмай қойды. Қаз көлі өңірінен ақ қар, көк мұзды ақпанда қозғалған Құсайын-тәйжінің3 мол ауылы Кунлуннің шатымен жасырына жылжып, Тибеттің қара қырқаларына көкек ауа көтеріліп, жол торыған қытай жасақтарына жолықпады ма. Жау бірер жеті бұрын, қатулы қаңтардың басында Темірлікте қыстап отырған Қалибек әкім ауылын шауып, оларды осы Кунлунь өңіріне шейін қуғындап келіп, екі жағы да ойран-асыр болыпты. Қалибек әкім мен Бала Қамзаны4 жіберіп алып, жын буғандай булыққан қызыл қытайлықтарға іргелей жеткен Құсайын-тәйжі мен Сұлтан Шәріп, Дәлелхан, Мәжит5 бастаған ауған ел тап келген-ді. Арада алақұйын атыс жүрді. Ұсақ малмен, ірі қарамен, жылқымен жай жылжып, бала-шаға, кемпір-шалмен ауырлап келе жатқан көш қатты шығынға ұшырады.
Күн еңкейе ғана мұздай қаруланған жау жағы жылыстап кетті де, есін әрең жиған ебіл-себіл жұрт басшылары бір мәмлеге келді. «Малсыз күні – қараң» көшпенділер ұзақ та болса жатағандау жонды батысқа, ал Маккернанға қосып берген ықшам көш түстікке қарай бұрылған. Алла мен Исаны ауызға ала тұрып қоштасқан. Құдай Кашмирде жолығуды жазсын дескен-ді... Жүз қаралы жарақты жау бұларға жиырма шақты әскерін қалдырып, ұзап кеткен үлкен көшке кері бұрылды. Тибеттік шекарашылармен ауыз жаласып алған азатшылдар өкшелей қууды әдетке, мал-мүлік тонауды кәсіпке, ауған жұртты қыруды ерлікке балап алыпты. Мұндай мұндар тағылықты бір кезде Америкаға қоныс аударған өз европалықтары да істеген ғой бірақ...
Өткелсіз ойлар мазалаған Маккернанның тоңазыған түсі құбылып, тісін шықырлатты. Аяз қарып, жел қағып, талақ тартқан жүзін тағы тас шоқылар мен тұман торыған мұздақтарға қарата көтерді. Аңшылап кеткен үшеуді тағатсыздана күткеніне налыды. Таутеке мен жабайы қодас атып алуға ертемен аттанған Сейпіл кешіккен сайын көңілі қобалжи береді.
Тибеттің түстігіне қарай дендеп, көк мұз асулардан көктей өтуге екі түйеге жүк артып, он төрт жылқы мінген жолаушылардан қалғаны – екі әйел, бес еркек, он үш жасар бір бала мен бұт артар да, жүк артар да төрт жылқы... Құсайын-тәйжі көшінен бөлінгелі үркердей топты қызыл қытай әскері сиретіп-ақ тастаған. Әккіленіп алған жау жылқылар мен түйені алдымен қарауылға алуға көшкен. Азық-түлік пен қара қос осыдан екі күн бұрын әлде бір қысаң сай аузындағы атыста оққа ұшқан ақырғы түйе үстінде қалды. Мал тұрмақ, жаралы жандарға қарайлауға мүмкіндік бермеген. Қысаң сай аузын торыған қоршауды бұзып-жарып шыққан осылар ғана... Қару-жарақ та сай, күш те тең емес еді. Оқты да үнемдеуге тура келеді. Төрт күлікке мінгесіп-ұшқасып парлаған бұлар биікке өрлей берген-ді. Көкек туып, күн де көтерілген-ді. Кеше кешкілік сүрі қары сірескен, бірақ құлама жартасты күңгейдің кебу етегіне қоналқылаған.
Қашқындар бұйрықсыз ерулеулі...
Әлде қалай қауіптен секемденген Маккернанның қасына көшпенділердің қызыл түлкі тымағын киген Фрида Майер6 келді. Отыздан енді асқан әйелдің де бетінің ұшы ауа жетпегеннен қызарып, бұрынғы албырап тұрар ақ-құба өңі қанын ішіне тартқан адамдай сұрланып кетіпті. Қарағай қабығының суына қайнатылып боялған қызғылтым тері жақы, тері шалбар киген баяғы балғын бойы ғана бұзыла қоймаған. Мына көшпенді қазақтардың сабауындай солқылдап тұр.
– Сэр! – деп еркелей, еңгезердей Маккернанның мол пішілген ішігіне еніп кетті.
Алаң көңіл Маккернан іштей жақтырмаса да, сырт көзге шын сезімін білдіре қоймас сыралғы кеп танытты. Қырықтың бел ортасындағы әккі тыңшы-дипломат жас әйелдің бір сәт босаңсып, ұрғашыға тән тән құмарлығы қытықтап тұрғанын да сезді. Оспан батырмен7 қайыр-қош айтысқан Жемсары жерінен бері бұл әйелмен белге күш түсірген емес... Құсайын ауылында кеңдік болғанмен, көңілінде кемдік болды. Тезірек Тибет асу мәселесі маза бермеді. Көшпенділер де қыс шыға қозғалайық деумен отырып алды. Ақыры... қызыл қытайдың Шығыс Түркістанда Жанымхан-тәйжі8 мен Оспан батырды қолға түсірген, Қалибек әкім мен бұларды тоз-тоз қылып қуғындаған алмағайып күнге душар болды. Әттең! Әттең-ай!
– Сэр?! – Фрида мұны белінен құшақтаған күйі иегі астына танауын тығып тұрып: – Әлгі Сейпілдер қашан келеді? Сіз ойланып кеттіңіз ғой, – деді.
– Фея, олардың кешіккенінен өзім де күдіктеніп тұрмын. Бір пәлеге жолықпаса болғаны... Әлде таутеке кезікпей, ұзап кетті ме екен?
– Дука, бүгін осында тағы да түнеп шығамыз ба? Отын жоқ. Жарболдының әке-шешесін шөмшек теруге жұмсадым.
– Фея, қымбаттым! Дұрыс істегенсің, – деді Маккернан Фриданы еркелете қоштай. – Сейпіл келгесін ақылдасамыз. Асуға дейін жол қиын болмаса, түнделетіп жүріп те кетерміз. Қуғыншы шаркэ9 де алыста қалған шығар... Әлгілер таутеке атып келсе, қазақтардың еті мен сорпасын ішер едік, ә!.. Ыстық ас ішпегелі қашан?
– Ай, сэр! Бас жегің келіп тұр ғой. Қазақтардың көң сасыған қойының еті таңдайыңызға татыған екен, – деп Майер күліп жіберді. – Елге жеткен соң осының бәрін ұмытып кетесіз ғой, сэр! Мені де ұмытасыз...
– Фея, сүйіктім! Олай деме! Сені де, бұл өлкені де ұмыта алмаймын... Ұмытуға хақымыз да жоқ. Тибет пен Түркістан – АҚШ-тың мәңгі мұңы. Ал менің – қайғым... Мынандай ержүрек, бауырмал, адал халықты қалай ұмыта саласың. Ол мүмкін емес, қымбаттым, мүмкін емес! – деп Маккернан қызбалығын жасыра алмай қалды.
- Сэр! Сэр! – деп Майер Маккернанның мойнынан құшақтап, бетінен сүйіп, ауыр жол азабынан жүйкесі сыр беріп алған консулды сабырға шақырды. – Эмоцияға берілмеңіз, сіздің жүзіңізге ашулану жараспайды... Қалжың көтере алмайтын болыпсыз. Сіз, профессионал барлаушы емессіз бе?
– О, Фея! Фея!.. Сен «ұмытасың» дейсің, сендей ажарлы да ақылды әйелді ұмыту мүмкін бе? Айтшы өзің! – деп Маккернан адалынан сөйледі. – Фея, жаным менің! Өткен жазда Пэкстон10 мырзамен Тайванға тартып отырмай, басыңды өлімге тігіп жанымда қалдың-ау!.. Жаным, Фея! Бұл ерлік сезіміңді, тірі жүрсем, қалай да өтеймін! Тек, Штатқа жетейікші!
– Дука, маған ештеңенің керегі жоқ. Сен аман жүрші! Сэр, сен үшін мен бәріне даярмын... Қарғыс атқан, құдай қырын қараған мына өлкеден тезірек құтылайық! – деді Фрида Майер қорқынышын жасыра алмай.
– Құдай жолымызды оңғарсын! Фея, құдай емес кінәлі, қызыл қытай кінәлі... Құдайдан безгендер ғой алар! «Барлаушы», «тыңшы» деп, консул-дипломаттарды да тұтқындамақ болды ғой. Мынандай аласапыранда сенің құқың, шетелдік азаматтығың – он цент те тұрмайды. Орыс большевиктері секілді сауатсыз қызыл қытай коммунистері атып тастаса да кешірімді... Олар өзін солай ақтайды. Американдық біз де бір, құқы жоқ индеец секілді мына қазақтар да бір... Ах!
Маккернанның аузынан ащы өкініш лебі шығып кетті.
– Сэр, қапалана бермеңіз! Әлі-ақ бұл өлке өзгеріп шыға келеді. Мұндай бассыздыққа бізден басқа мемлекеттер де көз жұмып, қарап отырмас... Мынандай мұнарлы күні мұның бәрін несіне еске ала бердіңіз? Көшпенді қазақтар «ырымға жаман» дейді мұндайда.
– Көкірегім күйіп барады. Саған айтпағанда кімге айтам? Анау жабайы жұртқа айтам ба? Олар нені түсінеді? – деп Маккернан бой сала алысқа қадалды. – Малын баққан, баласын тапқан аз ғана жұрт алып дүниеден хабарсыз ғой... Олардың асыл мұраты мен азапты күресін кім бағалап жатыр? Аянышты дауысын кім естіп жатыр? Дүние бұлай бүлінерін қайдан білсін, олар? Советтердің добал саясатының құрбаны болғанын сезбейді ғой. Сезсе де не істей алды? Жартысы Советте, жартысы Монғолияда, жартысы Қытайда қалып, тіпті өзара өшіктіріліп, бөліп-бөліп билеп алмады ма? Бас имеймін деген соңғы тірегі Шығыс Түркістанның өз ішінде «банды» деп, «құйыршық» деп арандатып, азамат соғысын ұйымдастырып отырған жоқ па? Ай-ай, аңқау халық-ай!
– Сэр! Сэр! – деп Фрида Майер вице-консулды қалай басарын білмеді. – Сентиментальды болып кетіпсіз ғой! Совет пен Қытай қашаннан бірге емес пе... Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін де жаңа дүниені бірігіп бөлісіп жатыр ғой. Олар үшін көшпенділер деген не, тәйірі!
– Жоқ-ау, біз, американдықтар қанша бақылап, болжап отырсақ та, дүние бұлай бөлініп-бөлшектеліп кетерін күтпедік қой... Бір Сталин-диктатор екінші Маоцзедун-диктаторды оп-оңай пайда қылды. Соғыстан кейін жарты Европаны жамбасына басып қалғаны аздай, Маоның қолымен енді жарты Азияны жаулап алмады ма... Тибетті тұмандай басып, Шығыс Түркістанды өрмекшідей торлап тастады ғой... Сары орыс пен қара қытай қол қысысқан қызыл қытай мен қызыл орыс боп шыға келді. Мүддесі де, мақсаты да бір. Сорлап жүрген баяғы ұсақ ұлттар. Еркіндігі мен жерінен, тіпті толқын жағаға шығарып, үйірінен айырылып қалған дәрменсіз киттей елінен алыстап кеткені қаншама, мына бір қазақтардай?!
Маккернан кенет тілін тиып алды...
Жарболдының шешесі мен әкесі мамырдың бүрлей бастаған көк жасаң бұталары мен қу шөмшектерді арқанмен буып әкепті. Фрида екеуі жартасқа жапсыра тіккен жаппаға қарай жүрді. Күн түс боп қалса да, мамырдағы Тибеттің қара суығы әлі де ызғарлы.
Он үш жасар Жарболды көзге ілікпеді. Еңкіш жартасты төр қабырға қылып, жалғыз туырлықпен бауырын жапқан жаппа ішінде, тіпті түнде ғана төрдегі тастың алқымы астындағы қуыстағы жатын орнында да жоқ боп шықты. Қарадай елегізген Маккернан қарадомалақ баланы неге көзімен іздей бергеніне өзі де таңырқады. Фрида болса белін буып алған қазақ әйелдің қасында тас ошақ әзірлесіп, тыста қалып қойды. Бұл – бес еркек, екі әйел, бір бала – бір қора жан боп түнеп шыққан жаппаның ішіндегі тулақ үстіне жамбастай кетті. «Жарболды қайда жүр?» деген ойға тағы бір оралып өтті. Тыстағы үшеу де аңға кеткен үшеуді тағатсыздана күтіп жүрген шығар... Сейпілдерден бірақ сыбыс жоқ.
Сейпілді сонау Сауанда қырық тоғызыншы жылы гоминдан полковнигі Дәлелхан11 мен Қалибек әкім таныстырған-тұғын. Ол Ланьчжоудағы гоминданның барлау мектебін бітірген екен. «Подпоручик» дәрежелі жас жігіт барлау мектебінен ағылшын тілін де тәп-тәуір игеріп шығыпты.
Сейпіл содан бері бұдан бір елі айырылған емес еді. Бүгін ғой азық үшін аулақтап кеткені. Қайда жүрсе де консулдың көлеңкесіндей еріп, қорғаушысы қызметін мүлтіксіз атқарып келе жатқаны. Оңынан оқ қағары, солынан сойыл соғары. Бұл Сейпілді кейде еркелетіп «Сэиф» дейтін. Осындай оңды адам қосып берген Қалибек пен Дәлелханға рахмет!
Тулақ үстінде жастық орнына тоқым жастанып, ішік жамылып жатқан Маккернан өткен күндердің сүреңсіз суреттерін еріксіз оймен шолып, өзімен жолығысқан жандардың кескін-келбетін елестетіп, арадағы азулы әңгімелерді есіне алды. Аш қарынға алыс күндер сәулесі азық болды.
Осы Сейпілдің арқасында сары күзде Жемсарыдағы Оспан батырға жасырынып жетпеді ме. Үрімжіден салт атпен Фрида үшеуі аттанғанда, өз басы Оспан батырдың ғана ордасын пана тұтарын, басқа ауыл-аймақ жанға сауға бола алмасын бек түсініп, бір байламмен келген-ді. Батыр бірақ мұның айтқанына көнбеді, соңынан ермеді. Ермек түгілі – сенбеді.
... – Жол жоқ дейсің, ә! Жол жоқ екені рас. Бірақ бір жол бар: ол – азаттық жолы – азаттық соғысы... Мен үшін хақ жолы! – Дөңгелек жүзді, қою қара мұрт, қара сақалды, жазық маңдай, құлама қабақ, қою қасты, қара көз, қара-сұр өңді Оспан батыр бұған тесіле қараған.
Батырдың тақырлап тастаған тақиялы басы мен бүкіл тұрпатына, малдасын құрулы дембелше, мығым денесіне зер салып отырған Маккернанның өткір көк көзі шарпысып қалып, тайқып кетті.
– Тибет, мен үшін, жабық. Өлімнен қорқып, бас сауғаларың мен емес... Алтай-Анамнан алыстап кеткенім де жетер.
– Батыр, Шығыс Түркістанға әлі-ақ қайтып ораласыз. Бұл қызыл қытайдың күні ұзақ емес. Қазір Тибет асып кетіп, ертең бұл өлкеде халық қайта көтерілгенде қарулы қолмен, мол көмекпен келесіз...
Оспан батыр: «Тоқта!» деп, Сейпілдің аударма сөзін бөліп тастады.
– Бұ не сандырақ?! Сонда мына қашып-пысып келген сен көмек бермекпісің?! Маған бермек бесатарларың жетпей қалмады ма?!12 Дерегін өзің де білмейсің... Ал бүгін көтерілмеген халық ертең көтеріледі деп кім айтты? Тибет аусам – Шыңхай мен Кеңсуға13 кеткен халықтың тілегін табан асты еткенім емес пе?! Ондай опасыздыққа бара алмаймын!
– Батыр, өзің білесің... Біздікі де бір уәж ғой.
– Жоқ, сенікі жөн. Қолыңнан келгенді істедің. Бәйтік14 пен Қаптықтағы соғыста да қол ұшын бердің... Ер екеніңді, Шығыс Түркістанға тілектес екенінді таныттың. Енді жолың болсын! Бір алла қолдасын! Әй, жігіттер, – деп Қаламбайға бұрыла сөйлеген. – Мына Әмірқан мырзасына менің жүйрік торымды мінгізіп, Құсайын мен Сұлтан Шәріпке жеткізіп салыңдар! Шердиманға тапсыр!
Бұл батырмен киіз үй іргесінде ат үстінен қоштасып тұрып: «Бір-екі жылдан кейін қайтсем де қайтып оралам... Оған дейін аман бол, батыр!» деп уәде де берген. Уәдесі бірақ сенімсіздеу естілген-ді. Ал батыр сыйлаған сұлу, жүйрік торы мұны талай тайғақты, тығырық қатерлі қырғыннан аман алып шықты... Көшпенділер үшін жылқының қаншалықты қастерлі, өз жандарынан да қымбат көретінін бұл осы бір қансоқта күндерде түсінген.
Сырт көзге айдынын салып отырса да, Оспан батырдың қажыңқы келбетін, баяғы «Бәйтік оқиғасы» тұсындағы сабырынан айырылып, тыз етпе мінез тапқанын сөз ләмінен сұңғыла барлаушы сезіп қалған. Батырға бірақ сөгіс жоқ. Он жылдан астам ер үстінде күн көрген, қолын қару қарыған жанға не жорық... Алты жылдай ақ қытаймен алысқан, 1946 жылы Алтай аймағының губернаторлығын өз бетімен тастап, қызыл қытай қолдаушылары шаркэлермен күресіп келе жатқан Оспан батыр ғой ол. Батырдың кірбің қабағынан бұл көп жайды аңғарған. Көзінің қарасындай болған Алтайдан Үш аймақ шаркэлері 1947 жылы қуып шыққан соң, Бәйтікке, одан Баркөл мен Жемсарыға жетім құландай жер ауғаны оңай тимеген-ді. Бәрінен де көктемнің көкектегі күнес күнінде Баркөлде15 қызыл қытай мен шаркэлер жасырынып келіп, тұтқиылдан басып қалғаны – батырдың белін үзіп кеткендей болғанын бұл Үрімжіде біліп отырған еді... Досына адал, дұшпанына қатал батырдың аңғалдығына да көзі жетіп, іштей аяған. Аз ғана ұлттан шыққан шығыс түркістандық трагедиялы тұлға екеніне жаны ашыған.
Ақиқатында, түсіне білген адамға Оспан батыр трагедиясы – Шығыс Түркістан трагедиясы... Ұлы Түркістанның бір бөлшегі саналатын бұл бай өлкені бауырына басқысы келген Орыс империясы арыны көздеген-ді. Оны «советтанушы» бұл жақсы біледі... Совет Одағы Шығыс Түркістанды алдымен Гоминданнан арылтып алуды ойлады емес пе. Дүние жүзілік соғыс жылдары қарсаңында гоминданшы Шыңсысайды бауырына тартып, достыққа шақырып, тіпті оны шығыс түркістандық коммунис те қылғысы келді ғой. Шыңсайдың қолтығына су бүрку арқылы оны қазақ, ұйғыр, дүңген, қалмақ секілді ұсақ ұлттарға қарсы қойды. Бұған төзе алмаған алдымен алтайлық қазақтар болды.
Өзі де еркін күн кешкен, ерікті бәрінен биік қоятын көшпенділердің тұқымы ақ қытайдың ши жүгіртіп, тұтқындап, жазықсыз жазалап, кісі өлтіруіне қарумен қарсы көтерілді. Оның ақыры – Алтайдан Тибет пен Гансуға дейін жаппай азаттыққа ұласты. Бірақ залым «союзшылар» сатып кетті... 1945 жылы 10-қазанда Ахметжан Қасимидің16 басшылығымен Шығыс Түркістан Республикасы мен Гоминдан өкіметі арасында бітімге қол қойылды. Совет пен қытай коммунистері Шығыс Түркістан басшыларына күштеп қол қойғызды.
Ал Шығыс Түркістанның Ұлт-азаттық армиясы мен Оспан батырдың көтеріліске қатысқан ерікті жасақтарын Қытай халық-азаттық армиясына бағынышты етпек болды. Міне, осы жерде Оспан батыр бүлініп, бөлініп кетті. Ол сол күннен бастап «құйыршық – банды» атанды емес пе... Ал Гоминдан өкіметімен келісімге келіп, Шығыс Түркістанның тәуелсіздігін таптаған Совет Одағы бұл ғажайып өлкені өзінің өктемдігімен біржолата Қызыл Қытайға сата салды... Оспан батырдың басын бәйгеге тікпеске шарасы қайсы? Шығыс Түркістанның тәуелсіз республикасын құрамыз деп арпалысқан арыстан жүрек ұлдары – Дәлелқан Сүгірбайұлы, Ахметжан Қасими, Ысқақбек Муниновтар17 1949 жылы қыркүйекте опат болды. Опат болған жоқ, Совет Одағы мен Қытай Халық Республикасы самолеттен опат қылды... Оспан батыр болса жаралы көкжалдай жалғыз қалды.
Қабат-қабат көтеріле беретін Тибеттің тауларындай қат-қабат ойдан сергігісі келіп, туырлық жаппа астынан тысқа шықты. Мамырдың күні сәулесін төгіп тұрса да, ызғардың беті қайта қоймапты. Еңістен өрлей соққан жел де бәсеңдер емес.
Фрида мен Жарболдының шешесі ошақты тастан қалап тастап, әлде не айтып оңашалау отыр екен. Жарболдының әкесі бесатарларды қатар қойып, ұңғысы мен қайтармасын майлауға кірісіпті. Бала ғана көрінбейді. Маккернан Жарболдының қайда жоғалып кеткенін амалсыз білгісі келіп, Фридадан дауыстап сұрап еді, ол баланың тау басына шығып, қарауыл қарап жүргенін айтты. Сонда ғана Маккернан бұршақтай баланың жаугершілік заманның жырынды жауынгеріне айналғанын сезінді. Ол еріксіз қырық қабат үйдің қабырғасындай биік арса-арса жықпылды жартасқа қарады. Жарболды бірақ көзге ілікпеді, бәлкім жоғары өрлеп кетсе керек.
Маккернан қарасұр жартасты иінді айнала беріп, сандық тас үстіне отырды. Қар жамылып, мұз сыланған сылаң бойлы Тибеттің әлде бір сауырына көгілдір жанарын тігіп, Сейпілдердің кешіккенінен күдіктенейін деді. Әлде таутеке кезікпей, алысқа ұзап кетті ме екен. Азықсыз алдыға жылжу – өліммен пара-пар. Еріксіз ерулеулі. Еру де қауіпті. Арттан ат шалдырмас қуғын бар. Бұлар биіктеген сайын үндінің жолбарысындай тарғыл таулар түсі оңып, түнеріңкі Тибеттің сұсы басып, тап осы арадан ақ шаңқан жонды, көк мұздақ сауырлы сілемдері кескестеулі.
Тау – асулы, жол – торулы...
Маккернан қауіп ойлағаннан ба, қарадай шіміркенді. Жақын тұрған жамандықты сезгендей селт етіп, өз-өзінен іштей сілкініп те алды. Дәл қазіргі сәттегі суық сезімнен арылғысы келіп, жаппа астында жатып Оспан батыр жайында ошарлы ойды малданғанындай, қилы күндердегі жалқы бір жайларға көңіл тоқтатуға тырысты. Сейпілдер келе қоймаса да, кішкентай ғана Жарболдының жау қайда деп қарауыл қарап, жол бағып биікте жүргенінен жүрегі де орныға түскен еді... Мамыр желіне қырын қарап, қара тас үстінде қалқайып, ішігін қымтана отырды.
Тағдыры бұлай тау асып, тұман кешер деп бұл ойламапты-ау?! Сонау жапонмен соғыс жүріп жатқан жылдары Тайвань арқылы ашық түрде вице-консул боп Шығыс Түркістанға жіберілгенде, түбі бұл өңірде Қытайға да, Советке де бағынышсыз бір мемлекет құрылады деп сеніп келген-ді. Оған себепкер – Қытайдың Батыс өңіріндегі «Шынжаң» атанған Шығыс Түркістан өлкесіне 1944 жылы келіп кеткен АҚШ-тың вице-президенті Уоллес. Оның Президент Рузвельтке берген құпия докладында, Шынжаң – бақылауға алатын аймақ, өйткені большевизмге қарсы қоюға лайық, халқы әр текті әрі әлі күнге Қытайға да, Советке де толық бағынышсыз, еркін жатқан елді, ерікті өлке... деген тұжырымы түрткі болды.
Ақиқатында да солай еді. Оған дәлел – Алтайдан басталған көшпенді қазақтардың соңына күллі Шығыс Түркістан ұсақ ұлттарын ілестірген Азаттық соғысы. Олар Тибетке дейін тәуелсіздік туын тікті ғой... Амал қанша, американдықтар да оңбай қателесті. Бармақтарын тістеп қалды ғой. Алдымен ақ қытай – Гоминданды қолдады. Гоминдан қызыл қытай – Гонсандан мен Советке қарсы тұра алады деп, бірақ ол әлсіз боп шықты. Қара халық қолдамады. Іргелес Совет Одағының арқасында қызыл қытай күшейіп кетті де, олар Шығыс Түркістанға толық тәуелсіздік береміз деп, 1942–1943 жылдары түркістандықтарды – әсіресе басшыларын өздеріне қаратып алды... Сөйтіп үлкен саясатта бұларды да, түркістандықтарды да алдап соқты.
Енді Шығыс Түркістан мүлде күшейіп, жеке тәуелсіз мемлекеттікке қол жеткізген 1945 жылғы қазанда Совет те, қызыл қытай да мұндай азат, жаңа буферлік мемлекетке жол бермейтінін бір-ақ күнде танытты. Манас өзенінің үстіндегі көпір аузында үш аймақтың – Алтай, Тарбағатай, Іле өңірлерінің Ұлт-азаттық армиясын тоқтатып, ақ қытаймен масқара бітімге қол қойылды. Сол шақта ғана бұлар – американдықтар: «Қарға қарғаның көзін шұқымайды», ақ қытай мен қызыл қытай жалпы Қытайдың мүддесі үшін бір-ақ сәтте бірігіп, Шығыс Түркістанның тәуелсіздігін жоққа шығара салғанына куәгер болды. Шығыс Түркістан халқының асыл арманы орындалмай, ал АҚШ мемлекетінің стратегиялық жоспары жүзеге аспай қалды... Сондықтан да 1947 жылы Алтайдан қайта бүлініп, азаттық деп көтерілген Оспан батыр ойлағанына жете алмады. Шығыс Түркістанның азаттығын алып келген Дәлелқан Сүгірбайұлы бастаған ерлері опат болған соң, қызыл қытай «Шығыс Түркістан» атын жойып, «Шынжаң» деп өзгертіп, біржола билеп-төстеуге көшті... Қайран өлке қара жерге қарап қалды ғой! Бұлардың өзі жартас жағалап, тау сағалап, бас сауғалап кетуге душар болды.
Енді міне, құба таудың құжында қарақұсша қалқиып отыр. Осылайша опық жеп қалам, ор қоянша бұғам деп, он ұйықтаса түсіне кірді ме?! Жазмышқа жаза жоқ. АҚШ-тың арыстай азаматы болса да, сұрауы жоқ саяқ жұртпен аққан жұлдыздай ауып барады.
Маккернанды мұздай бір сезім қарып алды...
Мамырдың ызғарлы желі ғана ызғындай соққан меңіреу өлке сол тәкаппар қалпы. Мұның еңсесін баса түсердей сұрланып-ақ тұр. Ала бұлт қашқан көксұр аспаннан күн жылтың қағады. Биік басында ол да қауқарсыз – жылусыз. Тау төсімен жылжыған жабағы бұлт көлеңкесі ғана тіршіліктен хабар бергендей.
Күн түстен ауып бара жатса да, аң қағып кеткен Сейпілдер ошаң етер түрі жоқ. Жаппа басындағы төртеу тобанаяқ боп қалды... Оспан батыр сыйлаған жүйрік торы ғана тұсаулы күйі жалғыз жайылып жүр.
Құсайын-тәйжі қосып берген он сегіз адамдық қоңыр көштен қалғаны – осы бес-ақ адам. Оның біреуісі – бала. Бұлар өздерінің басын күні бұрын өлімге байлағанын, ақиқатын айтқанда, АҚШ консулы үшін кепілдікте келе жатқанын да біледі... Тәйжінің өзі үлкен көштен бөлінерде сенімді деген адамдардан бөліп, оларға мән-жайды түсіндірген. Жер ауып бара жатқан барша жұрттың тілегі мен үміті – осы американ азаматының үстінде екенін ескерткен. Маккернан аман-есен еліне жетсе, өздерінің де Үндістан мен Қашмірде баяғы 40-шы жылдары ауып кеткен Елісхандардай қиыншылық көрмей, қайта Америкадай күшті мемлекеттен көмек алатынын, бұл адам соған тікелей араласатынына өзі кәміл сенетінін саралап жеткізген-ді.
Ойлап отырса, Құсайын-тәйжі айтқан сөз – былтыр күзде тәйжі ауылында тағы да жолығысып қалған Омар Алпысханұлының сөзі... Омармен бұл алғаш рет 1949 жылы күздің сұрғылт күндерінде, Шығыс Түркістан Республикасының опат болған басшыларын жерлеген кезде жасырын жолығысқан. Ол жолы Қами Асылханұлы бастаған алтайлық, тарбағатайлық, құлжалық белді, білікті азаматтар консул Пэкстон мен бұған ара мемлекет АҚШ тарапынан Қытай мен Совет Одағына «нота» тапсыруды, Шығыс Түркістан Республикасы басшыларының опат болу себебін тексеруді Халықаралық мекемелерге жүктеуді және өздерінің бұл әуе апатына сенбейтіндіктерін... осындай отты мәселелерге консулдықтың араласуын сұрап еді. Ол бір жас Республиканың жұлын-тұтасын Мәскеу мен Бежіннің суырып алған қайғылы күндері еді-ау!
Ал өткен 1950 жылғы қыркүйектің ортасында Оспан батырдың жорық ордасынан Құсайын-тәйжі ауылына келген күні Омар Алпысханұлымен екінші рет кездескен. Шердимандар болса жер түбіндегі Жемсарыдан Шыңхай өлкесінің Тибетке таяу қиян шетінде отырған бұл ауылға консулды жеткізгісімен, Омармен оңаша екі ауыз сөйлесіп, аттарын суытпастан ерге қонды. Құсайын ауылында мұны арнайы күтіп жатқан Омар неше күндік салт атты ұзақ жолдан келгенін ескеріп, еркінірек әңгімелесу үшін уақыттың тарлығына қарамастан жатып қалған еді.
Омармен жүздесу біраз жайдың бетін ашқан-ды...
Шығыс Түркістан тұлғаларының өліміне байланысты Совет пен Қытайдың жымысқы қылмысы деген күдік кейін Үш аймақ азаттығына қатысқандардың арасына саяси сенімсіздік тудырып, іріткі түсті. Қами Асылханұлы мен Омар Алпысханұлы бастаған алтайлық дәлелқаншылар жасырын ұйым құрыпты. «Отанды азат ету» атты ұйымның барлығынан бұл өзі де 1949 жылдан бері хабардар болатын. Осындай бір астыртын ұйым құруды 1948 жылы Үрімжіде Дәлелқан Сүгірбайұлы қолға ала бастағанын да білетін. Дәлелқан опат болған соң, оның ісін жалғастырушылар шыққан екен.
Омар осы мәселемен түу Алтайдан Үрімжі арқылы бұған жолығуға келіпті. Жол қауіпті, уақыт тар болғандықтан, тапсырманы тап-тұйнақтай қылып орындайтын білікті адам жоқтықтан Көктоғай Сақшы бастығы Омар өзі аттаныпты. Қасында – бес-алты сенімді серіктері.
– Консул, мырза! – деген Омар. – Сіз кәнігі барлаушысыз. Мен де барлаушымын... – деді орысша дауысын қатқылдау шығарып: – Мен сіз туралы жақсы білем, мен жайында хабардарсыз. Сондықтан барлаушының барлаушыға деген көзімен емес, сенімімен қарайық. Консул ретінде сізге Шығыс Түркістан мен Қытайдың арасындағы қарым-қатынас белгілі. Маған Совет пен Шығыс Түркістанның арасындағы жай мәлім. Дәл қазір «жасырынбақ» ойнайтын кез емес. Сіз де, біз де бұлдыр дүниенің алдында тұрмыз... Келешектен бірақ үміттіміз! Сондықтан сізге сенім артып, зор үмітпен келіп отырмыз.
Маккернан ойланып отырып қалған. Оңаша тігілген ақбоз үйдің ішіне жартылай ашылған шаңырақтан сары күздің шуағы құйылып тұрған. Сейпіл үшеуі ғана оңаша, ал Омар жігіттері үйден аулағырақ күзетте еді.
– Омар, мырза! – деген Маккернан да. – Саған сенбеске шарам жоқ. Басыңды өлімге тігіп, Тибеттің түбіне тегін келмегенің анық. Өзің туралы Құсайын-тәйжіден де қанықтым.
– Иә, Маккернан мырза, тәйжі менің бабаларымды жақсы біледі. Жылқышы атам мен тәйжінің Уызбай әкесі екеуі жан қиыспақ дос болған. Уызбай ақсақал Арқадағы арғын ішінде 16-жылғы көтеріліске қатысып, қуғын көріп, Алтайдағы Марқакөл маңына ауып келген. Сол кезде мал-жанымен көшкен Уызбайды менің Жылқышы атам Алтайдың күңгей беті – Шығыс Түркістан жағындағы кіші әйелі Күміс апамыздың қонысына жеткізеді. Бірақ Уызбай ақсақал мен ұлы Құсайын жергілікті абақ-керей дүмділерімен бірге Дүңген соғысы кезінде Хами өңіріне, одан Гансу, Шинхай жағына кетіпті. Құсайын-тәйжі мен менің Алпысхан әкем екеуі де жақсы араласты... Сондықтан да тәйжінің ауылында жолығысуды таңдадым. Тәйжі – екеуімізге де сенімді адам.
– Омар, сен генерал Дәлелқанның барлау қызметінде істедің... Оны өлтірген орыс! Сен мұны жақсы білесің. Ал орыстар көп нәрсе білетін адамды аямайды. Сені де... Бұл сұраққа жауап бермеуіңе де болады. Дегенмен, келешекте коммунистер кешірмейді.
– Консул Маккернан! – деді тік қараған Омар, қоңырқай өңіне ызғар жүгіріп, бір неше күн қырылмаған тікірейіңкі түктері жыбырлап. – Советтердің сатқындығын... Қытайдың қорқаулығын... Дәлелқанның өлімін... Ұлтымның нақақ төгілген қанын... Өзім шын сенген, сезінген еркіндіктен айырылғанды көрдім... Сен маған сенбейтін секілдісің! Еркің, мырза!
– Сэ-э-эр, Ома-а-ар! – деп Маккернан дауысын соза өтірік күлген, бірақ түгі тысқа тепкен дөңгелек бетті, орта бойлы Омар тастай қатып, сыз сақтаған еді. – Ғапу ет! Гоминданшылар, қызыл Қытай халық-азатшылдары, шаркэлер арасынан сыналай өтіп, бір өзіңді бәйгеге тігіп келгенің де дәлелдеп, сендіріп тұр ғой. Ғапу, өтінем!
– Консул мырза, сіздің түпкі ойыңызды сезіп отырмын... Көңіліңізде кір қалмасын! Ар жағыңызға күмән ұяламасын! – деді Омар шарт жүгініп, қой көзін қашаудай қадап. Қолында жүретін қамшысын көшпенділерше алдына, сырмақ үстіне кесе көлденең тастады. – 1935 жылы көктемде Алпысхан әкем қорғасын қамшы тиіп, бүйрегі жарылып өлген соң, әлде бір жолдасы ертіп, келер жаз айында әкем әлде қашан істеген Майқапшағай заставасындағы бажыға18 бардым. Шекарада жүргенімде орыс шекарашылары ұрлап әкетіп, Зайсан қаласына, одан Өскеменге алып келді. Он жасымда Советке тұтқын боп, 1936 жылы Москва түбіндегі НКВД-ның «Диверсиялық барлау мектебінен» бір-ақ шықтым. Онда бір топты «Батыс майдан шебі» деп атаған Польша, Украина, Карпат елдеріне дайындады. Ал біздерді «Шығыс майдан шебі» деген Жапония, Қытай, Монғолия, Тибет, Шығыс Түркістан елдеріне дайындады... Қытай, орыс, қалмақ, ұйғыр тілдерін еркін меңгеріп, Алтайға 1943 жылы күзде 17 жасымда генерал Дәлелқан Сүгірбайұлымен бірге оралдым... Қысқаша қайырғанда, осылай.
– Мырза, – деді Маккернан да, – мен сені тексерейін деген ойдан аулақпын. Бірақ кіммен әңгімелесіп, болашақтағы болжар күннің мәмілесін кіммен келісіп отырмын деген ойдан ғой... Білу – парыз. Құрама Штаттарына барғанда да нақты мәлімет, нақты адамды айтуым керек!.. Мәселен, сіз мен жайында көп білесіз, – деп қулана күлді.
– Әлбетте, Дуглас мырза! – деп Омар да жадырай түсті. – Бізге енді Совет сенбейді, Қытай көнбейді... Оның үстіне кешегі өздері өлтірген «дәлелқаншы», бүгінгі жасырын түрде Оспанды қалдаушы «оспаншылар», «түркістаншылар», «тәуелсіздікті құрушылар» деп қарайды. Біз – баяғыда-ақ өлім жазасына кесілген бейбақтар... Оспанды қолдап, оқ-дәрі мен қару-жарақты Хами арқылы жеткізіп отырғанымыз да рас. Оны олар да біліп отыр... Олардың да тыңшылары бар. Тіпті, батырдың қасында «кеңесші» боп Совет жағының да тыңшылары жүр... Ал арқа сүйер, тілек тілер бір-ақ мемлекет қалды: ол – АҚШ. Шығыс Түркістан тәуелсіздігі үшін күрес тоқтамайды. Мәңгілік тоқтамайды деп сендірем сізді!.. Сондықтан да АҚШ бұл өңірге сеніммен қарап, қол ұшын созуы керек. Түркістан жұртының бостандығына кепіл боларлық сіздерсіздер! Мұхиттың арғы жағында жатсаңыздар да, АҚШ Шығыс Түркістан ғана емес, бәлкім болашақта Ұлы Түркістанға – Турфан мен күллі Тұранға кепіл болар... – деп барып тоқтады Омар.
Маккернан аз-кем уақыт үнсіз отырып:
– Бәрін уақыт көрсетеді... Оны халықтардың өзі шешеді, – деп қашырта тіл қатты. – Халық сұраса, Құрама Штаттар көмектесуге даяр.
Бұдан әрі әңгімені Омар да созбады.
Асқар Алтай