ТАСЛАҚАТ (романнан үзінді) 2-бөлім

/uploads/thumbnail/20170708205602848_small.jpg

(АҚШ консулы)

(«СИРАТ» романынан үзінді)

Жалғасы. Басы мына сілтемеде. 

– Консул мырза, сіздің түпкі ойыңызды сезіп отырмын... Көңіліңізде кір қалмасын! Ар жағыңызға күмән ұяламасын! – деді Омар шарт жүгініп, қой көзін қашаудай қадап. Қолында жүретін қамшысын көшпенділерше алдына, сырмақ үстіне кесе көлденең тастады. – 1935 жылы көктемде Алпысхан әкем қорғасын қамшы тиіп, бүйрегі жарылып өлген соң, әлде бір жолдасы ертіп, келер жаз айында әкем әлде қашан істеген Майқапшағай заставасындағы бажыға18 бардым. Шекарада жүргенімде орыс шекарашылары ұрлап әкетіп, Зайсан қаласына, одан Өскеменге алып келді. Он жасымда Советке тұтқын боп, 1936 жылы Москва түбіндегі НКВД-ның «Диверсиялық барлау мектебінен» бір-ақ шықтым. Онда бір топты «Батыс майдан шебі» деп  атаған Польша, Украина, Карпат елдеріне дайындады. Ал біздерді «Шығыс майдан шебі» деген Жапония, Қытай, Монғолия, Тибет, Шығыс Түркістан елдеріне дайындады... Қытай, орыс, қалмақ, ұйғыр тілдерін еркін меңгеріп, Алтайға 1943 жылы күзде 17 жасымда генерал Дәлелқан Сүгірбайұлымен бірге оралдым... Қысқаша қайырғанда, осылай.

– Мырза, – деді Маккернан да, – мен сені тексерейін деген ойдан аулақпын. Бірақ кіммен әңгімелесіп, болашақтағы болжар күннің мәмілесін кіммен келісіп отырмын деген ойдан ғой... Білу – парыз. Құрама Штаттарына  барғанда да нақты мәлімет, нақты адамды айтуым керек!.. Мәселен, сіз мен жайында көп білесіз, – деп қулана күлді.

– Әлбетте, Дуглас мырза! – деп Омар да жадырай түсті. – Бізге енді Совет сенбейді, Қытай көнбейді... Оның үстіне кешегі өздері өлтірген «дәлелқаншы», бүгінгі жасырын түрде Оспанды қалдаушы «оспаншылар», «түркістаншылар», «тәуелсіздікті құрушылар» деп қарайды. Біз – баяғыда-ақ өлім жазасына кесілген бейбақтар... Оспанды қолдап, оқ-дәрі мен қару-жарақты Хами арқылы жеткізіп отырғанымыз да рас. Оны олар да біліп отыр... Олардың да тыңшылары бар. Тіпті, батырдың қасында «кеңесші» боп Совет жағының да тыңшылары жүр... Ал арқа сүйер, тілек тілер бір-ақ мемлекет қалды: ол – АҚШ. Шығыс Түркістан тәуелсіздігі үшін күрес тоқтамайды. Мәңгілік тоқтамайды деп сендірем сізді!.. Сондықтан да АҚШ бұл өңірге сеніммен қарап, қол ұшын созуы керек. Түркістан жұртының бостандығына кепіл боларлық сіздерсіздер! Мұхиттың арғы жағында жатсаңыздар да, АҚШ Шығыс Түркістан ғана емес, бәлкім болашақта Ұлы Түркістанға – Турфан мен күллі Тұранға кепіл болар... – деп барып тоқтады Омар.

Маккернан аз-кем уақыт үнсіз отырып:

– Бәрін уақыт көрсетеді... Оны халықтардың өзі шешеді, – деп қашырта тіл қатты. – Халық сұраса, Құрама Штаттар көмектесуге даяр.

Бұдан әрі әңгімені Омар да созбады.

– Консул мырза! Қызыл Қытайдың халық-азаттық армиясы жақында жойқын шабуылға шықпақ. Әсіресе, Оспан батырға қарсы... Сондай-ақ Шинхай, Гансу, Құмыл, Баркөл, Хами қазақтарына да қарсы... Олардың «құпия» түрде дайындалып жатқанын Үрімжідегі адамдарымыз арқылы білдік. Мен кеше Шердиманға осы хабарды суыт жеткіз, батыр қапы қалмасын, Алтайға қайтсын деп айттым. Осы жолы Үрімжі арқылы жүргенде бұл жайсыз мәліметтің ақиқаттығын тексеріп, нақты анықтадым... Құсайын-тәйжі де Қалибек әкімге хабар жіберді... Олар сізді де қолға тірідей түсірмек көрінеді. Баяғы 47-жылғы Бәйтік оқиғасына байланысты советтіктер де, шарқилар да «қылмыскер» деп танып, ашық сотқа тартпақ... Сақ болыңыз! Мына әскери киімдеріңізді қазақтардың киіміне ауыстырып, сақал-мұрт пен шашыңызды мүлде қырып жүріңіз!

Омар Алпысханұлының сондағы ескертуін бұл бұлжытпай орындап келеді. Әттең, жиырма бес жасар сол жігіттей бұған бір серік болғанда! Бәлкім, мынандай тұйықтан қиналмай шығар ма еді...

Ол жел көтерген етегін қазақтарша қағып орнынан тұрды. Іші ұлып тұр. Тым құрыса ыстық қайнақ су ішейін деп, жаппа басына қарай жүрді. Күн де қиялай түсіпті. Қойын сағатына қарап еді, үштен асып барады екен.

Қазақ әйелі бұған ескі жез шәйнектен түрлі шөп иісі аңқыған қызыл- қошқыл ыстық су құйып берді. Тебінгідей тас үстіне бес-алты құрт тастапты. Фрида жаппа астында болса керек, Жарболдының әкесі де бесатарларды қақалып қалмасын деп тазалап болып, қазір жайбарақат қана отыр. Баланың әке-шешесінің аты-жөнін бұл сұрамапты, тіпті Сейпілдің сөз-ләмінен естіп қалса да есіне тұтпапты... Бұған бірақ қажеті қанша? Бала болса баяғысынша жоқ.

Ағаш тостағандағы жұпар иісті қайнақ суды ұрттай бергені сол еді:

– Көке! Көке! Жау!.. – деген Жарболдының жартасқа жаңғырыққан дауысы оқыс шықты.

Жарболдының әкесі атып тұрды, етегін басқан ошақ қасындағы әйелі де лып етті. Маккернан ғана басында түсінбей аңырайып қалып, іле бір пәленің болғанын аңғарды. Бұл да апыл-құпыл ұмтылды да қалт тоқтады.

Жалғыз атпен қайтпек? Жалғыз өзің қайда қашып құтыласың! Жоқ! Жоқ! Сейпілдер де келетін уақ болды. Олар да кеп қалар... Қорғану керек. Қорғаныс жасап, күтіп алған абзал.

Осындай бір ойлар ойнақтап өтті.

Аптыға жүгіріп Фрида келді. Апыл-құпыл жыйналып, ошақты бұзып, таспен жасыра жауып, жаппаны жығып жатқан Жарболдының әке-шешесіне өз ойын жеткізуді Фридаға асыға айтты. Бірақ ана қазақ бұған қарсы амалмен жауап қайырды. Бұл еріксіз келісуге тура келді, өйткені оның сөзінің салмағы басым.

Таудағы соғысу машығына әбден әккіленіп алған көшпенді қазақтың айтуынша, мына құж-құж құзар жартас басына өрмелеп шығып кету керек те, жауға жып-жылмағай жұртты сыйпатып, олар бұлардың ізін ашып, анықтағанша үн шығармастан тығылып жату қажет. Тау – табиғи қорған. Биік бұлардікі болады. Жартас басын оңайшылықпен ала алмайды. Уақыт өтеді. Бұлар уақыттан ұтады... Оған дейін Сейпілдер де кеп қалуға тиіс. Олар келе қоймаған жағдайда қас қарая әрі қарай жоталап кетуге де болады. Кеше бұл қазақтар қоналқаға осы жерді әдейі таңдапты.

Бес қабат үйдің биіктігіндей бұзау танауланып біткен қара жартас басы шөбі қуаң, ала-шабыр қар жатқан жалама жон болып, биіктей береді екен. Бұ жерден көз жетер қырқа шоқылар мен қалқасыз қолаттар, тіпті кеше ғана өздері көтерілген терең шатқал да шұбала шалынады. Халық-азаттықтардың шатқал табанынан шаң бергенін Жарболды Маккернан дүрбісімен осы жерден байқап қалыпты... Бала қазір жүйрік торыны ерттеп мініп, Сейпілдер кеткен жаққа қарай із тастай жүрді.

Жетім жылғамен із шалып келе жатқан қуғаншылар қара жартастың қыртысты бауырына жеткенше Жарболды да торымен желе жортып, алыстан орағытып, бұлар жасырын отырған жонның қиясына қиялата көтеріліп, тасқа байлап келді. Жалғыз елегізіп, кісінеп қойып жүрмесін деп, шылбыр арқанмен қара тұмсықтың үстінен ала жағын орай тартып, қалмақша «үндемес» ноқта кигізіпті.

Жартас басына әр жерден бекінген төртеу тыныстарын тартқан...

Төменге он бес адам жиналды. Тибетке сұғына өрлеген сайын бәрі де шұбалаңдаған әскери сұрғылт, сырт киімдерінің сыртынан қалың тон, ішік, тымақ киіп, кейбіреуі қанжығаға бөктеріп алыпты. Олар әуелі оты әзірде сөнген ошақтың шаласын шашып, күлін қолдарымен ұстады. Қытайы, тибеттігі, қазағы аралас сөйлесіп жүр. Жұртты жайлап жүрген бір-екі тибеттік қалмақтар. Із ашып, түз кесіп беріп жүргендер болса керек... Біреулері аттан түсіп, енді біреулері күлік белінде кекірейіп отыр. Өздері де, астарындағы күліктері де шаршаған сыңайлы.

Мезгіл бесінге ауып, биік басын ызғырық кеулеген. Жонның жалтаңында қозғалмай отырғаннан аңдушылар да тоңайын деді. Қуғыншылар бірақ асығар түрі жоқ. Әне бір екеу енді жылқылар жайылған жазаңға барып, тұяқ ізін санап, жаяулай жоғары жылжыды. Жылғаны бойлай Сейпілдер кеткен жаққа қарай аяңдап еді, ошарылып тұрғандар да солай қозғалды. Бәрі де төрт аттың кеткен ізінің соңына түсіп еді, бірақ әлгі бір жаяулаған екі тибеттік басқа ұрған малдай кегжеңдесіп, өзара әлде не айтысып, оты өшкен жұртқа қарайласып, ақыры кері бұрылды. Әлгі екі тибеттіктің бірі ғана атына отырған бойда із қуалап, Сейпілдер асқан дөңнен көрінбей кетті... Ізшіл қалмақтар ертемен түскен үш жылқының, жаңа ғана жүрген жартас бауырындағы адамдар мен жалғыз ат ізін толық шешіп, кері жүрді білем... Әлде ат суытып алғысы бар ма екен.

Маккернанның маңдайынан суық тер шығып кетті. Жүрегі де бір сәт тоқтап қалғандай болды. Тастың сына саңылауларынан қарашықтарын қадаған қасындағы қазақтар тырп етер емес. Фрида біржолата бұғып алыпты. Мұның жүрегі орнына түсті. Жартасқа жақындай бере атамыз дегенді Жарболдының әкесіне ишарамен түсіндірді. Ол да қатын-баласына белгі берді. Фрида да бесатарға жармасты.

Ұзап барып, топтана тоқтап, шашырай қайтқан қуғыншыларға жартас басынан төрт мылтық үздік-создық атылды. Қайсысының оғы тигенін қайдам, бір адам ер үстінен ауып, әлде бір жирен ат қос тізерлей барып жығылды. Апыл-құпыл аттан секіріп түскендер жартас етегіне қарай жапатармағай жүгірген. Жанқалқа болар жартасқа жеткенше бұлар тағы біреуін екпетінен түсірді.

Жандалбаса жартас жықпылына жеткендер де, жартас басындағылар да жым-жырт болды. Тау ішін бір сәт тыныштық биледі. Қара жел ғана күшейе түскендей.

Жырынды жау беталбаты оқ шығындағысы келмейді білем, бірі шошайтып бас киім шығарып, соны дәлдеген бағытқа ғана оқ атып қояды. Шамасы, биікте бекініп алған бұларды қалай алуды ойласып жатса керек.

Мамырдың маңған күні екінтіге таяған. Маккернан Сейпілдің жоғалып кеткеніне ызаланып, жел қаққан, күн тотыққан күрең жүзі сұрланып, басына бұлт қонақтаған алыс Тибет биіктеріне тағы қарады. Тибет таулары болса сол бір сұсты өңін сыртына салып, мұны мұқатқысы келгендей мұнарта түсіпті. Бұл қарадай тіксінді...

Кенет жартасты жаңғырықтыра бесатар үні қатарынан шықты. Шың- шың етіп, шарт-шұрт соғылған оқ дауысы мен сынған тас үнін бұл құлағымен емес, жан-жүйесімен сезінді. Төмендегілердің жықпыл арасымен жақындап, шабуылға өткенін түсінді.

Қары еріп кеткен күнгей тұмсықтың қара жартасын екі жақ жақтауынан жағалай, әрі жарқышақты жалама беткейін төтелей үшке бөлініп, үш жақтан қыспаққа алуға көшкен қуғыншылар оқты оңды-солды боратып, бет қаратпау арқылы қоян-қолтық келуге тырысқан. Ортадағы орқаш-орқаш тік беткейге мұны мен Фрида қалып, баланың әкесі сол жаққа қарай орын ауыстырып, сол қабырғаны, ал Жарболды мен шешесі оң жақ иінді жанталаса қорғауға көшті.

Күш тең емес еді. Фрида қара көрсетіп, далаға атып жатқан. Табанды айқас төртеудікі-тін. Алдымен ажал құшқан да Фрида Майер болды. Басын көтере бергенде оқ бір жақ шекеден тиіп, сүйекті опырып кетті. Үнсіз ғана қырындай құлаған оған бұл қарай да алмады. Бесатарды қоя салып, мойнынан қайыс белдікті ағаш кабурасымен асынып жүретін жапон маузерін қолына алған. Екі жаққа ойысып, көрінбей кеткен баланың әке-шешесінің не істеп, не қойып жатқанынан мүлде хабарсыз... Олардың да бұған бұрылуға шамасы келмей қалса керек.

Ысқырған оқ үні мен тарс-тұрс шыққан ащы дауыс тау ішін жаңғырықтырып-ақ жіберген. Біреуді біреу біліп болмас, тек тас тасасынан қылт еткен бас пен қараң еткен сұлбаны аңдып, көкірек көтермей көзбен баққан қатерлі қимыл еді. Осындай бір саябыр тапқан сәтте Сейпілдер асқан дөңнен әлде біреудің еңіске қарай атпен далбақтап шауып келе жатқанын бұл байқап қалды. «Кім болды екен?..» ойлап үлгергенше, басқалар да көрсе керек, атыс бір мезгіл тоқтап, жаңғырыққан мылтық үні алысқа кетіп, төңірек құлаққа ұрған танадай тынды. Әлгі далбақтап келе жатқанның әлде не деп айғайлаған дауысы да естілді.

Бұл тибеттікше айғайлаған дауысты түсінбесе де, әлде қандай әзәзіл түртіп, қарадай қызығушылығы қозып, көтеріле-ақ бергені... Кенет ұлы кеудесі лап ысып, лып суынып, шалқалап құлай берді. Көзі ала бұлтты ашық аспанды көріп, құлағы шаңқ етіп шыққан мылтықтың жартасқа соғыла жаңғырыққан жетім дауысын естіп жатты. Бірақ қосарласа шығар бағанағыдай бесатар үні де, басқалай дауыстар да қайтіп естілмей бұл дал болды. Өзіне оқ тигенін білді. Санасы бірақ сап-сау. Бәрін сезіп, бәрін естіп жатыр. Бірақ қимылдай алар емес.

Көкірегі ғана шоқтай ысиды. Күні бойғы сұсты таулардан сескену сезімі де жоқ. Әлгіндегі әлем-тапырық арпалыс кезіндегі үрей де сейілген. Өлім туралы өкініш те орала қоймады. Бір жайбарақат, жайлы сезім баурап барады... Тибетке ілінгелі сұры қашқан көксұр аспан ғана көгілдірленіп, жанына жақын тартыпты.

Әлде кім қасына келді. Әйел... Фея... Жо-жоқ! Қазақ әйел. Көзінен тарам-тарам жас сорғалап барады. Бұл бірақ жылама деп тіл қата алған жоқ. Тілі таңдайына жабысып қалғандай... Әлгі әйел еңкейген күйі мұны маңдайынан сипай беріп еді, көзі жұмылып кетті де, жарық дүниенің көгілдір көгі де, көзі боталаған қараторы әйел де жым-жылас жоғалды.

Із шалып кеткен тибеттік қалмақ қайыра шауып келісімен, жартас жағалап, сына соқпақ сағалап, адам атқандар асыға аттарына жүгірісіп, әп- сәтте терістік жақтағы тұқыл тау арасына сіңіп кетті. Олар өлген-жіткен қаруластарына да қараған жоқ.

Сөйткенше түйе өркештенген белеңнен Сейпілдер де көрінген. Олар ойран болған жұртты ғана көрді. Келген бойда Маккернан мен Майерді, Жарболдының ішінен ауыр жараланған шалажансар әкесі үшеуін жартас басынан түсірді. Жау жағынан да екі адам оққа ұшыпты. Кешікпей Жарболдының әкесі де көз жұмды.

Күн де еңкейіп қалған еді.

Дереу іске кірісіп, өлгендерді күндіз жаппа тігулі тұрған жартас түбіне қатарластыра жатқызып, үстерін жалпақ тастармен жауып, оның үстіне мол қылып тағы да тас үйді. Өлген төртеуінің сүйегі оба тас астында қалды. Тек консулды көмбеді.

Неге екенін кім білсін, он үш жасар ұл көзінен жас шығармады... Шешесі жылай беріп еді, Сейпіл зекіп тастады. Таутеке кезікпегеннен жабайы қодас атып, оның сұрпы етін ғана қоржынға салып, кешігіп жеткен ол іші қан жылап тұрса да сыр бермеуге тырысқан.

Маккернан мәйітін Жарболдының көрсетуімен жартастың жоғары жағындағы жықпыл-жырық арасына шығарды. Жартастың адам сиып кетерліктей табиғи қуысына іш киіммен шалқасынан жатқызып, қуыс аузын екі адам зорға көтеретін жалпақ тастармен тірей жауып тастады. Баланы жүйрік торыға мінгестіріп алған олар күн батпай аттанып кетті.

...Қаншама аманат арқалаған АҚШ консулы ажал торыған Тибетте мезгілсіз мерт болды. Тәнін темір табыт емес, ежелгі көшпенділерше таслақат жапты.

Жалғасы бар.

Асқар Алтай

 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар