ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІНДЕГІ ТҮСІНІКСІЗ ҚОРҚЫНЫШ

/uploads/thumbnail/20170708205605332_small.jpg

16 желтоқсан – күнтізбе бойынша мемлекеттік мереке. Мереке болғанда да еліміздің Бас мерекесі -  Тәуелсіздік күні. Әлемдегі қазақ атаулы, барлық қазақстандықтар зор мақтанышпен атап өтуі тиіс осы күнді бүгінде халықтың бір бөлігі жай ғана демалыс күні ретінде қабылдаса, қолында билігі бар, жоқ дегенде бір мекеменің тізгінін ұстаған басшылар үшін қорқыныш пен үрейге толы күн болып отыр. Желтоқсан жақындағаннан-ақ Жаңа жыл мерекесінің дақпыртымен тасада қалатын бұл күнді лайықты атап өтуге жасанды тосқауылдар да жоқ емес.

Алматыда 16 желтоқсан қарсаңында қала билігі мен құқық қорғау, қауіпсіздік органдары ерекше сақтық шараларына кіріседі. Тіпті, көптеген мемлекеттік оқу орындары оқу кестесіне белден басып, өзгеріс енгізіп, айдың алғашқы он күндігі аяқтала сала студенттерді таратып жібереді. Жаңа жыл қарсаңында емтихан тапсыру үшін қайта жинайды сосын. Емтихандарын тапсырған студенттер бір апта, ұзаса он күннен соң қайтадан демалысқа шығады. Бір ай ішінде Алматы мен ауыл арасында осылай ерсілі-қарсылы екі рет қатынау студенттер үшін, ең алдымен олардың ата-аналары үшін қосымша қаржылық шығын екені сөзсіз.

Бұл жағдай соңғы он жыл көлемінде Алматыдағы жоғары оқу орындарында тұрақты қайталанатын бейресми дәстүрге айналған. Желтоқсан туысымен оқу орындарының жатақханаларында тәртіп күшейтіліп, ауылына қайтатын, Алматыда қалатын студенттердің тізімі жасалады. Тіпті, кей университеттердің басшылығы студенттері мен олардың туыстарының байланыс телефондарына дейін нақтылап жатады. Былайша айтқанда, алматылық студенттер осы айдың ортасында шартты түрде сотталған жанның кебін киеді. «Азат елдің еркін азаматымыз» деген ұғым бірнеше күнге маңызын жояды. Қоғам мен мемлекет тыныштығы үшін қауіпті элемент саналатын сол қоғам мен мемлекеттің бір бөлігі қайтадан тәуелділік қамытын киеді.

Мұндай түсініксіз құбылыс тек студенттер үшін ғана емес, оқытушылар қауымы үшін де үлкен қолайсыздықтар тудырып келеді. Себебі, «Тәуелсіздік мерекесін атап өту кезіндегі қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету» мақсатында оқушылардан кезекшілік тағайындалып, мұғалім біткен күндіз орталық алаңды торып, түнде жатақханаларға түнеуге мәжбүр болады. Осылай ресми түрде демалыс күні болып белгіленген мерекеде жұмыста жіпсіз байланған оқытушылар да әбігерге түседі.

Ойлап қарасаңыз мұндай түсініксіз жайттар мемлекеттік мерекеге көлеңке түсіріп, оның елдік пен егемендік тұрғысындағы маңыздылығын жояды. Жұрттың наразылығын туғызады. Халық болып атап өтетін, Тәуелсіздік жолында құрбан болған аптал азаматтарды еске алатын аза күні осылай қолдан жасалған түрлі кедергілер салдарынан тарихтан тағлым алып, өткенге көз жүгіртетін, егеменбіз деп еңсе көтеретін мазмұнды шаралармен көмкерілмей келеді. Ресми мемлекеттік мекемелерде бұл мереке тек орта мектептерде сынып сағаты, ашық сабақ түрінде ғана аталып өтілетіндей ойға қаламыз. Еркін рухты паш етуі тиіс мереке көпшілікті осылай кіріптап, тәуелді күйге түсіреді.

Бас мерекенің осылай сиқын кетіріп, көпшілікке жағымсыз бейнеде көрсетіп жүргендер де біле білсек, ешқандай билік биігіндегі тұлғалар немесе ресми тыйым салатын заң-зәкүн емес, көлеңкесінен қорыққандықтан көзіне қос көрінетін, ел мерейінен гөрі, астындағы тағына, аз-маз мансабына қатты алаңдайтын ортан қол басшылар. «Шаш ал десе, бас алу» қағидасы мұнда да көрініс береді. Әйтпесе, Тәуелсіздік күні 1986 жылғы желтоқсан оқиғасымен тұспа-тұс келді екен деп «Сақтық жасаңдар!» деген ешкім жоқ. Заң да ешбір мерекені алаламайды. Әрқайсысының тарихи, саяси, қоғамдық маңызына қарай баға береді. Қайта, 86-ның желтоқсаны мен Тәуелсіздік күнін байланыстыра отырып, осы ұғымның мән-маңызын барынша ашуға болады емес пе?! Тәуелсіздік отарда болған қай ел болмасын оңайлықпен келмейтіні белгілі. Әлемнің көп елінде Тәуелсіздік мейрамы қаншама адам көз жұмған қанды қырғындармен, атышулы революциялармен астасып жатыр. Бізде де солай. Бұл ретте ең алдымен егемендіктің екінің біріне бұйырмайтын бақ екені, талай тар жол, тайғақ кешулер арқылы ғана қол жеткізетін қастерлі құндылық екені ескерілуі керек.

Биыл жиырма төрт жылдығын атап өткелі отырған Бас мейрамды тағы да осылай негізсіз үрей мен түсініксіз қорқыныш құрсауында қарсы алмақшымыз. Биыл да қаладағы студент жастар ерте таратылды. Жаппай көпшілік шаралар ешбір облыста, Алматы мен Астанада жоспарланып отырған жоқ. Жылды қорытындылап, елге еңбегі сіңген жандарға Бас мерекенің мерейін асырып тапсырылуы тиіс жүлделер мен марапаттар әдеттегідей күні-бұртын табысталып қойды. Тағы да қоғамды түсініксіз қорқыныш кезуде...

Сонымен, ертең – демалыс...

 «Қамшы» сілтейді

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар