Бүгін Алматыда 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының 29 жылдығына орай, «Тәуелсіздік таңы» монументіне гүл шоқтарын қойып, тағзым ету рәсімі ұйымдастырылды.
Шараға Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Зәуреш Аманжолова, Қазақстанның Халық жазушысы, көрнекті ақын Мұхтар Шаханов, композитор Хасен Қожахмет, жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары, Желтоқсан оқиғасына қатысушылар және қала тұрғындары қатысты.
Әскери оркестрдің сүйемелдеуімен «Тәуелсіздік таңы» монументіне Алматы қаласының басшылығы, Алматы жастары және Желтоқсан оқиғасына қатысушылар атынан гүл шоқтары қойылды. Бұдан кейін бір минут үнсіздік жарияланды. Содан соң, Желтоқсан оқиғасында құрбан болған боздақтардың рухына бағышталып құран оқылды. Шара соңында «Жұлдыз» мейрамханасында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында құрбан болған боздақтарды еске алуға арналған ас беру ұйымдастырылғандығы және бұл үшін арнайы автобустардың белгіленгені жарияланды. Шарадан шыққандардың бірқатары сол автобустарға отырып жатты. Сонымен қатар, Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың белсенді мүшелері келген жұртшылыққа Желтоқсан оқиғасына арнап патриоттық рухта өлеңдер оқып берді.
Пікір қалдыру