ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтуге байланысты дайындық шараларын бастауға рұқсат берді. Бұл туралы бүгін Мемлекет басшысы Астанада Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында мәлім етті.
«Мен биыл көктемде жариялаған Ұлт жоспарын орындауға кірістік. Оны еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында жүзеге асыруды бастау символдық мәнге ие. Менің ойымша, еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын алдағы жылы мерекелеуге даярлық шараларын баршамызға бастауға рұқсат беру дұрыс болады»,-деді Н. Назарбаев.
«Қымбатты қазақстандықтар, құрметті салтанатты жиынға қатысушылар! Баршаңызды «Ұлы дала» елінің ұлық мерекесі Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Біз бүгін азаттықтың екінші мүшеліне, 25 жылдығына аяқ бастық. Әрбір елдің жылнамасында оның жаңа тарихының бастауы болған тағдыркешті таңдар болады. Біз үшін жаңа дәуірдің арай таңы 1991 жылы 16 желтоқсанда атты. Сол күні әлем көгінде Қазақстан Республикасы атты мәңгілік жұлдыз жарқырап тұрды. Тұтас дәуірлердің куәсі болған халқымыз сан ғасырлар бұралаң әрі қиын жолмен жүріп өтті», - деді Елбасы салтанатты жиында.
Пікір қалдыру