Қазаққа бас мереке - тәуелсіздік немесе Мизамкөктің шағы

/uploads/thumbnail/20170708205635661_small.jpg

Бұл күнде кенде емеспіз мерекеден,

Тойлаған кейбіреуін ел ертеден.

Кейбірі телімелі, кейі жаңа,

Келсінші бәрі әйтеу берекемен.

 

Мереке  дегенменен мәні бөлек,

Кейінің көңілдегі сәні ерек.

Бостандық таңы атқан - тәуелсіздік,

Келесің жүрегімді әнге бөлеп.

 

Сарқылмас мәңгіліктің сырын алған,

Елімнің мерекесі  ұлы маған.

Бұл тойды тойламаған болмас қазақ,

(Қасқырда, қасқыр емес ұлымаған).

 

Дәриғай жетпей әнтек бағасына,

Қалмайық  тәуелсіздік наласына,

Мерекем жат аңшыдан секем алған,

Аққудай қона алмай жүр даласына.

 

Түсе алмай азат елдің алқасына,

Келесің  шыршалардың қалқасында.

Қазаққа басты байлық сен едің ғой,

Кетпегін жат пиғылдың қалтасында.

 

Ағызып жанарымнан қан-іріңді,

Озбырлар ормақ болған  тамырымды,

Сол шақта азаттығым қорғап  қалдың,

Ал бүгін білмей келем қадіріңді.

 

Тарихын тасқа жазған қазақ әкем,

Өшпестей тамырым бар, аз-ақ әттең.

Шын тойлау мерекені ғажап сірә,

Дақпырт пен жалған тойлау мазақ  екен.

 

Тұрғандай сезінемін  Мизамкөкте,

Күн көзі жібігендей сонау көкте.

Боздақтың  қаны менен жасы сіңген,

Үміттер бұғып жатар жасыл шөпте .

Қастер Саpқытқан

 

 

 

Қатысты Мақалалар