ҚАРАҚАЛПАҚТЫ ҚАПЕРДЕН ШЫҒАРМАЙЫҚ

/uploads/thumbnail/20170708205846834_small.jpg

Жуырда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Міне, осы заңның арқасында шет елдегі қандастарымыз тарихи отанына келуге мүмкіндік алды. Алайда, бүгінде, Үкіметтің отандастарымызды елге әкелуге ешқандай мүмкіндігі жоқ. Бұл туралы күні кеше отандық телеарналарға берген сұхбатында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі айтты.

Қандай да бір мемлекет қуатты болғысы келсе, халық санын көбейтуге көп көңіл бөледі. Ал, біз «Мәңгілік ел» боламыз деп алдымызға үлкен мақсат қойып отырмыз. Өкінішке қарай дәл қазіргі кездегі халқымыздың саны «Мәңгілік ел» болуға ешқандай мүмкіндік бермейді. Өйткені 17 миллион халықтың не бәрі 11 миллионы ғана мемлекет құрушы ұлт болып саналады.

Жалпы, қуатты ел болу үшін, қазақтардың үлес салмағы 70 пайыз емес, 80 пайыздан жоғары болуы керек. Ал, Қазақ елінде мемлекет құрушы ұлттың 80 пайыз болуы аса қиын шаруа емес. Мәселен, шет елде бүгінде 5 миллионнан астам қандастарымыз тұрады. Міне, сол бауырларымыздың елге алып келсек және де ішкі өсім жоғары болса қазақтар 80 пайыз болар еді. Алайда, шеттегі қандастарымыздың ішінде Еуропа қазақтары елге келуге аса ынталы емес. Өйткені, Еуропаның өмір-салтына үйренген қандастарымыз қазақ еліне келер ме екен? Бұл жағы белгісіз?

Бірақ, бір белгілісі, үлес салмағымыздың артуына Өзбекстан құрамындағы 500 мың қарақалпақ айтарлықтай ықпал етер еді. Өйткені тілі мен діні бір қандастарымыз 1936 жылға дейін Қазақ елінің құрамында болды. Ендеше қандастарымызды бауырға басып, тілі мен ділін сақтап қалуға күш салуымыз керек. Ал, Өзбекстанның Қарақалпақстанға Тәуелсіздік беруі екіталай. Өйткені, 1993 жылы екі ел арасында «20 жылдан соң Қарақалпақстан Өзбекстан құрамында қалу-қалмау мәселесін дауыс беру арқылы шешеді» деген келісім болған. Алайда, аталған келісім-шарт 2013 жылы межелі уақыт келгенде ұмыт болды. Ал, бұл келісім-шартты Өзбекстан билігінің есіне салған азаматтар қуғын-сүргінге ұшырап жатыр.

Ұзын сөздің қысқасы, Өзбекстан үкіметі қарақалпақ жерін оңайлықпен бермейді. Өйткені, қандастарымыз орналасқан аймақ табиғи байлықтың кені болып саналады. Ал осындай май шелпекті өзбек билігі қарақалпақтарға бергісі жоқ. Оның үстіне Үкімет жылдан жылға өзбектендіру саясатын күшейтіп, қарақалпақты ана тілінен мақұрым етуге тырсып жатыр. Сондықтан да қарақалпақ ағайындар ана тілін сақтап, өсіп өркендегісі келсе Қазақ еліне атбасын бұруы керек.

Серік ЖОЛДАСБАЙ

Астана 

Қатысты Мақалалар