«ДАҒДАРЫС ЖАҒДАЙЫНДА ЕҢ АЛДЫМЕН ПОЛИЦЕЙЛЕРДІ ҚЫСҚАРТУ КЕРЕК!»

/uploads/thumbnail/20170708205845038_small.JPG

Елбасының өзі алда Қазақстанды аз қиындық күтіп тұрмағанын айтып, бюджет қаражатын тиімді жұмсауға шақырды. Тиісті мекемелерге шығындарды қысқартудың нақты тетіктерін қарастыруды тапсырды. Сөйтіп, мемлекеттік органдар шығындарын қысқартып, үнемшіл саясатқа көшетін кейіп танытуда. Айлық-жалақы, жұмысшылар саны қысқармайды дегенмен, біршама деңгейде мемлекеттік органдар қаржылық қиындық көретін сияқты.

Осы ретте бұрынғы Мәжіліс депутаты, қоғам қайраткері, «Өрлеу» Ұлттық орталығы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Мұрат Әбенов полицейлерді қысқарту арқылы, дағдарыс жағдайында мемлекет қаражатын үнемдеуді ұсынды. Бұл ойын ол өзінің «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі парақшасына жариялады.

«Гаишник», «маишниктер» не үшін керек? Дағдарыс деген дабыраны пайдаланып оларды қысқартып тастау керек. Ешкім байқамай қалады. Байқаса, жүргізушілер байқап, қиын сәтте көрсеткен көмек үшін алғыстарын айтар еді» деген экс-депутат қазіргі таңда жол-патрульдік полиция қызметкерлерінің жұмысына көңілі толмайтынын айтады. Оның ойынша, полицейлер жол қозғалысын реттеп, азаматтарға көмек көрсету орнына жеке мүдделерін күйттеп жүрген көрінеді.

«Кеше Түркістаннан Шымкентке дейін көлікпен жүріп өттім. Жолдарда көктайғақ, тазаланбаған, елді-мекендер ішінде ғана азын-аулақ құм төселген. Қырға шығарда және түскен кезде көліктер тайғанап жатыр. Ал, форма киген, бізді қорғауы тиіс адамдардың рөлі түсініксіз. Қосымша бекеттер қойып, елге қауіп-қатерді ескерту орнына қолдарына радар ұстап жасырынып жүр. Олар жүргізушілерді «аулауға» шыққан. Түсінемін, жаңа жыл жақындап келеді. Басшылардың талабы қатты», - дейді Мұрат Әбенов.

Ол жол полицейлерінің осы әрекеттері кесірінен қазір ешкімнің шофер болғысы келмейтінін, бұл мамандықтың шығыны көбейіп кеткенін айтады. Экс-депутат қазір қоғам мен мемлекетке түк пайдасы болмай отырған бұл қызметтерді Грузиядағыдай таратып жіберу керек деп санайды.

Әзірге Ішкі істер министрлігі тарапынан бұрынғы депутаттың сын-ескертпесіне ешбір түсінік берілген жоқ.

Бұған дейін ішкі істер министрі Қ. Қасымов полицейлерді қысқартудың қажеттілігі туып отырмағанын айтқан еді. 2013 жылы патрульдік полиция мен жол полициясы біріктіріліп, «әмбебап» полицейлер пайда болған болатын. Осы реформаның арқасында қылмысты ізін суытпай ашу көрсеткіші 5 пайызға, жол ережелерін бұзуды анықтау 16 пайызға артқанын айтады полицейлер.

«Бір полицейге жұмсалатын шығын осы екі қызметті біріктіргенге дейінгі деңгейде. Қызметкерлердің штаттық санын қысқарту қажеттілігі жоқ, өйткені оның барлығы тиісті нормаларға сай келеді» деген болатын министр.

Осы ретте халықаралық нормаларға сай, халық санына шаққандағы полицейлердің үлесі туралы да айта кеткен жөн. 100 мың адамға 445 полиция қызметкерінен келетін Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша былтыр 6 орынды иеленгені және бар. Әлемдік тәжірибеде бұл бағыттағы орташа көрсеткіш 100 мың адамға 300 полицей шамасында көрінеді.

Елді мекендердің шағындығы мен тұрғындардың аздығына байланысты біздің елдегі полицейлер санының шамадан тыс екендігі  бұған дейін де сынға ілініп жүрген болатын. Дағдарыс желеуімен тағы да сөз болып отыр. Билік шынымен полиция қызметін оңтайландырып, осы салаға жұмсалатын қазына қаражатын қысқарта ма, өзгеріссіз қалдыра ма ол бір күнде анықтала қояр шаруа емес, әрине. Алайда, құқыққорғау саласындағы тиімсіз жұмыс тетіктері, қылмыс ашу, тергеу кезіндегі әділетіздіктер бүгінде ешкімге құпия емес. Полицейлердің қысымына шыдамай өз-өзіне қол жұмсағандарды да көріп жатырмыз. Полицейлердің кәсіби біліктілігі де тұрақты түрде өтетін аттестациялық тексерістерге қарамастан сын көтеретін деңгейде емес. Қарапайым тұрғындар заң талаптары, қызмет атқару ережелерін білмейітін, білсе де сақтамайтын полицейлердің теріс әрекеттерін видеоға түсіріп алып, әлеуметтік желілерде күнде таратып жүр. Бір топ полицейдің 2-3 мас жігіттен таяқ жеп жатуы да жаңалы болмай қалды бүгінде.

Осы ретте полицейлердің қазіргі уақыттағы еңбекақысы туралы айта кетсек. Бұған дейін полиция қызметкерлерінің жалақысы 2013 жылы өсірілген еді. Ол өзгерістер бойынша қызмет өтілі 20 жылдан жоғары подполковник шеніндегі аудандық ІІБ бастығы 220 мың көлемінде, капитан шеніндегі, қызмет өтілі 5-7 жыл болатын учаскелік инспектор 135 мың, аудандық звенодағы майор шеніндегі қызмет өтілі 5-7 жыл болатын жедел уәкіл 120 мың теңге көлемінде белгіленді. Үш жылдан бері жыл сайын бұл көрсеткіш инфляция деңгейі және орташа жалақы көрсеткішіне сай өсіп келеді. Ұзын саны 300 мыңнан асып түсетін қазақстандық полицейлер саны мына қиын қыстау уақытта отыз пайызға қысқарса да мемлекет қазынасына айтарлықтай демеу болар еді шынымен.

Жомарт Абдоллаұлы

 

 

Қатысты Мақалалар