Зейнетақы қорының шығындары жайлы мәлімет неге жасырын ұсталады?

/uploads/thumbnail/20170708205904069_small.jpg


Түрлі компаниялардың меншігіндегі зейнетақы жинақтаушы қорларындағы жинақтар бір ортаға шоғырландырып, мемлекеттік зейнетақы қоры құрылғанда көпшілік, шынын айту керек, өздерінің болашақ зейнетақыларының сақталуы мен кепілдендірілуіне зор үмітпен қарады. Халық санасындағы «өкімет өлтірмейді» деген түсінік бұл жерде ерекше көрініс берді, көпке үміт сыйлады. Олай дейтініміз, әрбір салымшы мемлекет басқаруындағы қордың жұмысы, кірісі мен шығысы, елдің зейнетақы жинақтары қандай жобаларға салынуда, инвестициялық кіріс көлемі қандай деген мәліметтер барынша жария болады деп сенді. Алайда, мемлекет меншігіне өткенімен зейнетақы жинақтарының айналымы мен оларды басқарушы біріңғай зейнетақы жинақтаушы қорының жұмысы көпке құпия қалып отыр. Бұл қауіпті «Ratel» ақпараттық порталы жүргізген шағын зерттеу одан әрі қоюландырып отыр.

Портал журналистері қор басшылығына оның шығындары туралы сауал жолдаған. Атап айтқанда, қордың Павлодар облысындағы филиалы қанша қаржыға кеңсе жалдап отыр деген сұраққа қор басшылығы бұл коммерциялық құпия деген желеумен жауап беруден бас тартқан.

Журналистер бұл сауалды қор басшылығына еріккеннен не болмаса қор жұмысын негізсіз сынауды мақсат етіп жолдамаған. Мұндай сауалдың тууына БЖЗҚ-ның мемлекеттік сатып алулар порталына орналастырған хабарландыруы негіз болған. Қараша, желтоқсан айында қор Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалаларында 47 миллион теңгеге кеңсе ғимараттарын жалға алу туралы хабарлама берген.

Сайттың жалға алынатын орындардың жалпы ауданы туралы сұрағына лайықты жауап болмаған соң, журналистер өз бетінше есеп жүргізген. Павлодар қаласында орналасқан қордың үш бөлімшесіне де бас сұғып, жалға алынған ғимараттармен танысқан.

«Үш бөлімше де 500 шаршы метр аумақ шамасындағы кеңселерге орналасқан. Егер қор осы жерде келер жылы да тұрақтайды деп есептегеннің өзінде әр шаршы метр үшін 6 мың теңге төленетінін есептеп шықтық. Ал, Павлодардағы ең озық жабдықталды дейтін кеңсе ғимараттары шаршы метрі 2200 теңгеден жалға беріледі. Дағдарыс салдарынан бұл баға да арзандауда» делінген сайт зерттеуінде.

Сондай-ақ, бұрын 2,5 мың теңгеден жалға беріліп келген жалпы аумағы 250 шаршы метр болатын кеңсе ғимаратын иелері қазір 2000 мың теңгеге өткізе алмай отырғаны айтылады. Жалпы, Павлодар қаласындағы кеңсе жалдау бағасы соңғы айларда 20-30 пайызға арзандаған.

«Бұл экономикалық белсенділіктің төмендеуіне байланысты орын алып отырған жағдай. Бизнес қазір штат пен офисқа жұмсалатын шығындарын барынша ықшамдауда, тіпті, кейбіреулері жабылып қалып жатыр. Соған қарап, Павлодарда коммерциялық жылжымайтын мүлік нарығында ұсыныс сұраныстан асып түседі», - дейді кәсіби жылжымайтын мүлік бағалаушы Надежда Яницкая.

Осы айтылғандарды ескерсек, БЗЖҚ-ның лоттарға берген бағасы нарықтық бағадан әлдеқайда жоғары екенін көрсесіз. Мемлекеттік басқарудан тыс, жеке құрылымдар бұл бағытта үнемдеу қағидаларын берік ұстанады. Журналистік зерттеуде зейнетақы қоры мен кеңсеге қоятын талаптары ұқсас банктердің жалға алу бағалары да салыстырылған. Атап айтқанда, Центркредит банктің Павлодардағы ең ірі бөлімшелерінің бірі шаршы метрі 2 мың теңгелік кеңсе орталығын жалға алып отырған көрінеді.

Сайт журналистері қайткен күнде де қор басшылығынан ресми мәлімет алу мақсатында «БЗЖҚ» АҚ басқарма төрағасы Руслан Ерданаевтың атына 2015-2016 жылдары кеңсе жалдауға арналған есептерді сұрап хат жолдаған. Үш аптадан соң берген жауабында қор басшылығы келер жылы бір 600 шаршы метрлік және бір 250 шаршы метрлік кеңсе жалға алынатынын ғана айтып, жалға алу бағасы туралы ешбір мәлімет бермеген.

Журналистер тағы да қор бөлген қаржыны өздерінше есептеп көрген. Мақала басында айтылғандай, келер жылы кеңсе жалға алу үшін 35,2 миллион теңге бөлініп отырғаны белгілі. Екі кеңсенің жалпы ауданы 850 шаршы метрді құрайды. Осы жобамен есептегенде қор жалға алынатын ғимараттың әрбір шаршы метріне 3,5 мың теңгеден бергелі отырғанын есептеп шығару қиын емес. Бұл сома да нарықтық бағадан асып түсетінін көреміз.

Қор басшылығы жариялылық пен қор жұмысының жұмысына әділ баға беру үшін қажет осындай қарапайым цифрларды атаудан бас тартқан. «Бұл жылдық қаржылық қорытынды ресми жарияланбай тұрып көпшілікке ұсынуға болмайтын және қор мен ол келісім-шартқа отырған тараптарға материалдық шығын әкелуі мүмкін мәліметтер» деп қысқа қайырған.

Барлығымыз білетіндей, Біріңғай зейнетақы жинақтаушы қорының жалғыз акционері бар. Ол – Қазақстан Республикасының қаржы министрлігі. Ал, қорды енімгерлікпен басқару Ұлттық банкке жүктелген. Ал, енді қанша қаражат кеңсе жалдауға кетеді деген мәлімен қаржы министрлігі мен Ұлттық банкке, оның салымшыларына қандай материалдық шығын әкелуі мүмкін? Бұл қандай да бір қаржылық, экономикалық заңдылықтарға негізделген ресми тыйым ба, жоқ әлде мемлекеттік аппаратта бұрыннан бар «бармақ басты, көз қысты» қағидалардың зейнетақы қорын басқару жүйесіне де дендеп енгенінің, тиімсіз менеджменттің кемшіліктерін жасырып, жабудың кезекті көрінісі ме?

Жомарт Абдоллаұлы

 

Қатысты Мақалалар