Көк туды желбіретіп

/uploads/thumbnail/20170708205904944_small.jpg

       Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ,14 қараша күні №2 Қарғалы гимназиясында  өткізілген «Көк тудың желбірегені» әнінің авторы Алмас Ахметбекұлы мен оқушылардың кездесуі жас ұрпақ жүрегінде патриоттық сезімнің өшпес ізін қалдырарлықтай өте әсерлі және салтанатты болды.

       Кездесуге бүгінгі күні халықтық әуенге айналып бара жатқан әннің сөзін жазған ақын, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Алмас Ахметбекұл, күйші, сазгер әрі әнші Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Еркін Ергенұлы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын Серік Нүсіпұлы қатысты. Тәуелсіздік мерекесіне арнап ерекше безендірілген акт залының ішін лық толтырған оқушылардың қолдарындағы көк жалауша ән ырғағына ілесіп, бірдей толқып, кеш мазмұнының ашылуына айырықша үндестік берді.

       Кештің негізгі бөлімі ақын А.Ахметбекұлымен телесұхбат түрінде ұйымдастырылды. Оны  әдебиетші-ұстаз Қ.Алтыбаев жүргізді.Сұхбаттың әр сұрағына терең мазмұнды жауаптарын  өте қызықты етіп, тапқырлықпен айта білген ақынның шешендік өнеріне тыңдаушылар тәнті болып ұйып тыңдады.

Одан кейін мектептің мәнерлеп оқуға жаттыққан оқушылары кезектесіп ақын ағаларының өлеңдерін жатқа оқыды.Кездесу рухымен шабыттанған Алмас ақынның қазіргі қазақ поэзиясының биік деңгейін танытатын, көркемдігіне мазмұны сай  тамаша патриоттық өлеңдерін тыңдау көрермендерді әдебиет әлемінің сұлу сарайына сиқырлап енгізді.

     Кездесуге тақырып болған «Көк тудың желбірегені» әні  орындалған кездегі зал ішінің  салтанаты ұлттық ұлан формасын киген  ту ұстаушылар әскери     қадаммен енгенде бейне бір мемлекеттік деңгейдегі шара өткізіліп жатқандай әсерге бөлеп, кеш құрылымын ойластырған педагог-ұйымдастырушыӘ.Кенжебаева,  директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Есбаевалардың шеберлігін танытып тұрды.Әнді орындаған 10-сынып оқушысыМұрат Алмастың өнеріне  де  аттас ақын ағасы ерекше ризалығын білдірді.

       Гимназияның талантты оқушылары тәуелсіздікке арналған арнау өлеңдерімен жыр шашу шашып, поэзия әлеміне деген құштар құлшыныстарын танытып , көрермендер ықыласына бөленді әрі ақын ағаларының алғысы мен  тәбәрік сыйлығын алды.

        Ары қарай ақынға ере келген өнер иелеріне кезек берілді.Еркін Ергенүлының шеберлікпен орындаған  күйлері мен шырқаған әндері ұлттық болмысымыздың тағы бір киелі қырын жас ұрпаққа танытып,домбыра үні мен өнер тылсымының құдіретіне тамсандырды. Ақын Серік Нүсіпұлының оқыған жырлары  да шынайылығымен әрі көркем сұлулығымен тыңдармандар көңілінен өз орнын алды.

Кеш шымылдығы гимназия директоры Жұлдыз Жекенқызы Құралбаеваның қонақтарға ата дәстүрімізге сай сый көрсетіп, мазмүнды кездесулері үшін зор ризашылық білдіруімен жабылды.

Қайырғазы Алтыбаев,

Дарынды балаларға арналған Қарғалы №2

арнаулы гимназиясының мұғалімі.

Алматы облысы, Жамбыл ауданы.

""Қамшы" сілтейді

Қатысты Мақалалар