Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында өңірлік қолбасшылыққа бағынысты әскери бөлімдердің 2015 жылғы оқу кезеңін қорытындылауға арналған Әскери кеңес өтті, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.
Кеңесте әскери бөлімдерге 2015 жылғы оқу кезеңінде міндеттелген тапсырмаларды толықтай орындауы, әскердегі хал-ахуал, жауынгерлік-қызметтік іс-әрекет пен атқарылған жұмыстардың нәтижесі, сонымен қатар 2016 жылға жүктелетін міндеттер туралы тағы да басқа мәселелер қарастырылды. Бұл жөнінде қолбасшының орынбасарлары өз бағыттары бойынша атқарылған жұмыстарға есеп беріп, алдағы 2016 жылға көзделген мақсаттарға жету жолындағы жоспарларын баяндады.
- 2015 жылғы екінші жартыжылдықта өңірлік қолбасшылық әскери бөлімдері тұрақты жауынгерлік даярлық, нысандардың берік күзеті, сотталғандарды қадағалау мен оларды айдауылдау, сонымен қатар қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету секілді қызметтерді жоспарға сәйкес орындады – деп баяндады қолбасшының бірінші орынбасары – штаб бастығы Андрей Қаскеленов. Бұнымен қоса бірқатар әскери бөлімдер командирлерінің баяндамалары тыңдалып, біршама мәселелердің шешімін шешу жолындағы ұсыныстары ортаға салынды.
Әскери кеңестің аяғында 2015 жылғы жауынгерлік-қызметтік міндеттерді үздік орындаған әскери бөлімдердің командирлері грамоталармен, медальдармен және аусып отыратын кубокпен марапатталды.
Жалпы Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің әскери қызметшілері 2015 жылы жауынгерлік-қызметтік міндеттерін адал атқарып, талай мәдени-қоғамдық, саяси іс-шараларды өткізу барысында қауіпсіздікті қамтамасыз ете білді. Атап айтар болсақ, күні кеше ғана өткізілген әнші Қайрат Нұртастың ән кешінде ешқандай құқық бұзушылыққа жол берген жоқ. Бұл тұрғыда ұландықтардың Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі істер бөлімдерінің қызметшілерімен бірлесе атқарып жатқан жұмыстарын ескергеніміз жөн. Осындай өзара бірлескен жұмыстардың арқасында жуырда Іле ауданы Жетіген кентінен жоғалып кеткен 20 жасар жас қыз Айзада Авлатарованы Қапшағай маңынан ұландық әскери қызметшілер тауып, оны отбасына аман-есен тапсырды. Бұнымен қоса 2015 жылғы шілде-тамыз айларында Алматы қаласы Наурызбай ауданындағы жүріп өткен селдің салдарын жою үшін ұландық әскери қызметшілер кеңінен тартылды. Ұландықтардың арқасында төтенше жағдай аумағынан 160 адам қауіпсіз жерге көшіріліп, елді-мекендегі 800 метрге жуық аумақ, Ақсай шатқалындағы 2 таулы өзеннің 2 арнасы, 90-ға жуық жекеменшік үй-жайлар және 3 мектеп пен 1 балабақша қоқыстар мен балшықтардан тазартылды. Сондай-ақ, қауіпті қылмыскерлерді айдауылдау, сотталғандарды қадағалау, онымен қоса стратегиялық маңызды мемлекеттік нысандарды күзету мен құпия жүктерді бағыттап алып жүру бойынша да біршама міндеттер уақтылы және сапалы орындалды.
Осындай жауапкершілігі мол міндеттерді атқару барысында Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылық әскери бөлімдерінің офицерлері, келісімшарт бойынша әскери қызметшілері және сарбаздары сенімді іс-әрекеттерінің арқасында жоғары нәтижелі жауынгерлік даярлықтарын көрсетті.