Биыл Қарағанды облысында бюджет қаражатын қатаң үнемдеу және тиімді пайдалану мақсатында жаңа жыл мерекесін атап өтуге қаржы бөлінген жоқ, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы облыс әкімдігіне сілтеме жасап.
Биылғы жылы Қарағанды қаласын безендіруге бір тиын да қаржы жұмсалмаған. Атап айтқанда, өткен жылғы жаңажылдық әшекейлер мен атрибуттар пайдаланылды.
Бұған қоса, облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековтің тапсырмасына сәйкес қаржыны үнемдеу мақсатында корпаратив мүлдем тойланбайды.
Айта кетерлігі, биылғы жылы Қарағанды облысының бас шыршасының шамдары Ұлттық мереке – Тәуелсіздік күнінен кейін жағылды.
Бүгін балақайларға сыйлық ретінде жаңа жыл қарсаңында Қарағанды облысы Абай ауданында 2 қабатты балабақша ашылды. Балабақша аумағы 1930,8 шаршы метрді құраса, зәулім ғимаратта 200 бүлдіршін тәрбиеленеді.
Сонымен қатар, мерекеге тарту ретінде Бұқар жырау ауданында 140 орындық арналған балабақша ашылды. Онда 2-6 жас аралығындағы балақайлар білім алады.
Бұған қоса, Қарағанды қаласында 56 отбасы баспаналы болды. Жалпы айтқанда, биыл Қарағанды облысында 11 айдың қорытындысы бойынша 272 мың шаршы метр пайдалануға беріліп, мыңдаған отбасы баспаналы болды. Сонымен қатар, ағымдағы жылы республикалық және облыстық бюджеттен тағы 11 нысанның құрылысы жалғасуда.
Бұның барлығы – той тойлау үшін емес, облыс тұрғындарының әлеуетін жақсарту үшін жасалып отырған жұмыстар.