Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев несиені дұрыс пайдаланбаушыларға көңілі толмайтынын білдіріп, ондай несие алушыларды жазалау керектігін айтты, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.
Сыр өңірінің басшысы Астанада өткен баспасөз мәслихатында облыстағы экономикалық-әлеуметтік даму бағытында атқарылған жұмыстардың қорытындысын жариялады. Облыс әкімі келер жылы кәсіпкерлерге шағын және орта бизнесті дамыту үшін берілетін несие талаптарын күшейтуді ұсынды. Оның айтуынша, кәсіпкерлер бұл қаражатты мақсатсыз жұмсайтын жағдайлар да кездесетін көрінеді.
«2016 жылы біз Қызылорда облысында шағын кәсіпкерлікті қаржыландыруды үш есе арттырғалы отырмыз. Сонымен қатар, несие алушылардың жауапкершілігін де күшейту қажет. Ол үшін жауапсыз несие алушылардың нақты тізімі жасалып, несие бюроларына өткізілуі керек. Бұл арқылы біз, қой сатып алу үшін 3 миллион теңгеге дейінгі шағын несие алып, оны туысының тойына жұмсаған адам енді қайтіп ешқашан несие ала алмайтын жүйеге қол жеткіземіз», - деп мәлімдеді облыс басшысы.
«Жауапсыз несие алушыларды көтермелеуге болмайды. Ал, Ұлттық қордан бөлінген қаражатты ұқыпты жұмсап, несиесін уақытында жапқан кәсіпкерлер келесі жолы үш миллион емес, бес миллион теңге несие алатындай мүмкіндік жасасақ әділ болады», - дегенді қоса айтты.
Сондай-ақ, ол мемлекеттік бағдарламалармен бөлініп жатқан несиелер ірі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге ғана емес, аяғынан енді тұрып жатқан шағын кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарына да жететіндей мүмкіндіктер қарастыру керектігіне назар аудартты.