Қазақстандық бес қыз Байхрейнде биші болып жұмыс істеуді армандап жүріп, сексуалды құлдыққа тап болған. Олар Қазақстанның Сауд Арабиясындағы елшілігінің араласуымен елге оралды, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы Экспресс-К газетіне сілтеме жасап.
Биші Әлимаға (кейіпкерлердің аты өзгертілген – ред.) және оның би тобындағы құрбыларына ғаламторда еңбекақысы жоғары жұмыс ұсынылған. Араб еліндегі жұмыстың талаптары мен тұрмыс ахуалын тәптіштеп түсіндірген «виртуалды жұмыс беруші» ақыры қыздарды көндірген. Қыздар көп ұзамай виза аштырып, жаңа жұмыс беруші алып берген билеттермен сапарға аттанады.
Бахрейн астанасы Манама қаласында оларды барынша жылы қарсы алып, AlFirdous қонақ үйіне жайғастырады. Келесі күні қонақ үйдегі қыздарға бейтаныс еркек келіп, құжаттарын сұрайды. Құжат беруден бас тартқан қыздарға ол, бізге сендердің мың бұралған билерің емес, клиенттеріміздің көңілінен шығып, «қызмет» көрсеткендерің керек деп мәселені ашық айтады. Қыздарға күш көрсетіліп, қонақ үйден шығуларына тыйым салынады.
Оқиға қыздардың құлдықта жүріп Сауд Арабиясындағы Қазақстан елшілігіне хабарласуымен аяқталады. Елшілік қызметкерлеінің араласуымен, полиция қонақ түйді тінтіп, бөтен қыздарды тұтқыннан босатады.
«Қазір араб елдерінде қалыптасқан ахуал күрделі. Қазақстандық азаматтарды лаңкестік ұйым қатарына тартумен бірге, сексуалды қызмет көрсету үшін де алдап әкету оқиғаларын болдырмау үшін Сыртқы істер министрлігі алдын алу жұмыстарын жүргізуде» делінген ведомство өкілдері таратқан хабарламада.