«Қамшы» ақпараттық порталы 2015 жылы дүниеден өткен танымал тұлғалар есімдерін еске салады.
Әбіш Кекілбаев
Қазақ жазушысы және мемлекет қайраткері 11 желтоқсан күні 77 жасында бақилық болды. Қаралы хабар қазақ қоғамына ауыр тиді.
Қазақ әдебиетінде өшпес із қалдырған жазушы кеңес жылдарында-ақ лауазымды қызметтер атқарған. Жоғары Кеңесте, Парламент Мәжілісі мен Сенатында депутат, Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы болды.
Көптеген мемлекеттік наградаларға ие жазушыға 2008 жылы «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.
Герольд Бельгер
Танымал қазақ жазушысы 7 ақпан күні 81 жасында бақилық болды. Бұна дейін ол инфаркт алып, жансақтау бөліміне жатқызылған болатын. Дәрігерлердің айтуынша, ол алғашқы инфаркты 1978 жылы алған, содан бері бес мәрте инфаркт болған. 1999 жылы инсультке ұшырады. Сондай-ақ, жазушы қант диабетімен де ауырған.

1934 жылы Саратов облысында дүниеге келшген Герольд Бельгер 1941 жылы отбасымен Солтүстік Қазақстан облысына депортацияланған. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтын тәмамдаған ол әр жылдары Жамбыл облысында орта мектепте, «Феникс» альманахында, қызмет еткен. 1994-1995 жылдары ҚР Жоғары кеңесінде депутат болды.
Жазушының жеке өзіне тиесілі 53 кәтабы жарық көрген. Сондай-ақ, 100-ден астам бірлескен еңбектерді құрастыруға қатысқан.
Нұрлан Балғынбаев
14 қазанда еліміздің бұрынғы премьер-министрі, ұзақ жылдар бойы мұнай-газ саласында қызмет еткен мемлекет қайраткері 68 жасында ауыр науқастан көз жұмды. Марқұм Атырау қаласындаа жерленді.

Нұрлан Балғынбаев 1997-1999 жылдар аралығында Қазақстанның премьер-министрі болды. «Қазақойл» ұлттық компаниясының, «Қазақстан мұнай инвестициялық компаниясы» АҚ-ның президенті қызметтерін атқарды. Сондай-ақ, Президент кеңесшісі лауазымын атқарып, итальяндық Eni мұнай-газ компаниясымен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға атсалысты.
Нұрлан Балғынбаев сырқаттанып жатқанда Иманғали Тасмағамбетов, Болат Өтемұратов сынды елге танымал азаматтардың науқастың көңіл-күйін сұрап барғаны ақпарат құралдарында жарияланды. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та Атырау қаласына сапары барысында бұрынғы премьер-министрдің үйінде болып, хал-ахуалымен танысқан еді.
Нұрлан Қаппаров
26 наурыз күні Қытайда іс-сапарда жүрген шағында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Нұрлан Қаппаров дүниеден озды. Қазаның себебі жүректің кенеттен тоқтап қалуы деп хабарланды.

Қаппаров Нұрлан Жамбылұлы Алматы технология институтын, Гарвард университетінің мемлекеттік басқару мектебін тәмамдаған. Әр жылдары «Акцепт» корпорациясы, «ҚазТрансОйл», «ҚазақОйл» сынды компанияларда қызмет етті. 1991-2001 жылдары Қазақстан Республикасы энергетика және минералды ресурстар вице-министрі, 2003-2007 жылдары «Қазинвестбанк» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, кейін «Lancaster Group Kazakhstan» АҚ-ы директорлар кеңесінің төрағасы, 2012-2014 жылдары қоршаған ортаны қорғау министрі лауазымдарында болды. 2014 жылдың тамызында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы болып тағайындалды. Нұрлан Қаппаров компания басшылығында отандық атом өнеркәсібіндегі Ресей ықпалын азайту бойынша еңбектенді дейтіндер көп.
Батырхан Шөкенов
29 сәуірде танымал қазақстандық әнші Батырхан Шөкенов 52 жасында инфрактан қайтыс болды.

Әнші өнердегі карьерасын Роза Рымбаеваның саксофонисті ретінде бастаған болатын. 1988 жылы достарымен бірге «А-студио» тобын құрды. Әншінің дүниеден озуы тыңдармандарына ауырға соқты. 8 желтоқсанда Алматыда Батырхан Шөкеновті еске алу концерті өтті.
Рахат Әлиев
24 ақпанда Австрия түрмесінде өлі күйінде табылды. Медициналық сараптама марқұмның мүрдесінен күш қолдану белгілерін таппады.

52 жасында дүниеден өткен Рахат Әлиев Қазақстанда мемлекеттік қылмыстар жасағаны үшін сырттай 40 жылға сотталған болатын.
Михаил Кленчин
12 желтоқсан күні қазақстандық танымал заңгер Михаил кленчин атылып өлді. Заңгерлің мұндай әрекетке баруы көпшіліктің күдігін туғызды.

Заңгер 1980 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Ол еліміздің қоғамдық өміріне белсенді араласты. 2007 жылдан бастап жеке заңгерлік қызмет көрсетумен айналысты. «Жемқорлыққа қарсы Бірінші медиа-орталықты» басқарды. «Нұр Отан» партиясы жанындағы жемқорлыққа қарсы күрес бойынша кеңеске мүще болды.